Фото: Матрица.Kz

Қоғамдық көлік халық игілігі үшін таңсәріден кеш батқанша тоқтаусыз жұмыс істейді. Күні бойы мыңдаған адамдар бұл қызметтің игілігін көріп жүр. Соңғы жылдары автобустың жағдайы жақсарды. Ыңғайлы жасалған көліктер сапасы жоғарыламаса, кеміп жатқан жоқ. Алайда осының өзіне көңілі толмайтын халық – көлік жүргізушілеріне қиындық тудырып тұр. Еліміздегі қоғамдық көліктің тізгінін ұстағандардың мәртебесі қандай? Сауал көп… Алдымен республика көлемінде қоғамдық көліктерге қатысты жайттарға бір шолу жасап өтейік.

Алматыдағы жол көлік оқиғасы. Бүкіл қазақ еліне мәлім бұл апат халықты дүр сілкіндірді. Аялдамасынан өтіп кетіп, әйел жүргізушіге қол жұмсаған азаматтың кесірінен 3 адамның өмірі қиылды. Оқиға ел арасында резонанс тудырды. Ал өткен жылы Шымкент қаласында орын алған аялдамадағы қайғылы оқиға да ел жадында. Жүргізушінің қызметіне салғырт қарауының нәтижесінде 5 адам қаза тауып, 1 адам мүгедектер арбасына таңылды. Қазақстанда жылына мыңдаған адам жол апатынан зардап шегеді. Өткен жылдың статистика мәліметтері бойынша қыркүйек айына дейін мыңнан астам адам жарақат алып, оның 500-ге жуығы қаза тапқан. Өкінішке қарай, осындай қайғылы жағдайлар тек Қазақстанда емес, әлемде де күнделікті орын алып жатқаны көңілге қаяу салады.

2023 жылдың статистикалық мәліметтері бойынша автобустың қатысуымен 80-нен астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның 60-ы жеңіл көлік жүргізушілерінің кінәсі болса, қалған 29 жағдай автобус жүргізушілерінің олқылығының кесірінен орын алған. 136 адам жауапқа тартылып, оның 62-сі ескерту, 51-і сөгіс, 17-сі қатаң сөгіс алып, қалған 6-ауы жүргізуші қызметінен босатылған. Сондай-ақ 2 жолаушы қаза тапқан.

– Автобус тізгініндегі жандарды арнайы заңмен қорғалатын критерийлер бойынша жұмысқа алады. Жүргізушілерде «Д» категориясы болуы міндетті. Сондай-ақ жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес болған жағдайда алынады. Оны растайтын анықтамасы болуы тиіс. Сонымен қатар жұмысқа қабылданар алдында арнайы тесттен өтеді. Бұл тест жол қақтығыстарының алдын алу мақсатында, жол ережелерін қадағалау секілді ерекшеліктерге ие. Осы орайда, жүргізушілерге танымдық сабақтар, түсіндірмелерге арнайы уақыт бөлінеді. «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» бөлімі апта сайын сабақтар өткізеді. Қоғамдық көліктің жүрісі, автобусты үлкен жолдарда қай жолақ бойынша жүру, аялдамалар туралы, жылдамдықтың мөлшерін шегінен асырмау, сондай-ақ әр адамның өмірі бағалы және ол жүргізуші үшін ең басты приоритеті болуы тиіс екендігі туралы күшейтілген режимде толыққанды ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі, – дейді «Қызылорда автобус паркінің» баспасөз хатшысы Аслан Сағындық.

Қазіргі автобустар су жаңа. Облыс әкімі қала инфрақұрылымын дамыту мақсатында халыққа 150-ден астам автобус табыстады. Жыл соңында аймақ басшысының қолдауымен тағы 50 көлік қолданысқа беріліп, бүгінде 300-ден астам жаңа қоғамдық көлік халыққа жайлы қызмет көрсетуде. Алайда жол ережелерін сақтамайтындардың саны көп, соның ішінде үлкен көліктің жүргізушілері де өз жұмысына немқұрайлылық танытады. Зуылдатып бір жерден екінші жерге дейін жылдамдықты асыра жүргізіп келетін жүргізушілер бүгіннің өзінде азды-кемді бар. Көптің наразылығын тудыратын бұл қолайсыздық жолаушылардың өміріне қауіпті екенін атап өту керек. Алайда технологиялар заманы дамыған сайын, автобустарды бақылау құралдары да жақсы жетістіктерге жетуде. Әрбір үлкен сыйымдылықтағы автобустарда GPS қондырғылары орнатылған. Қай жүргізушінің қандай жерде, қанша жылдамдықпен жүріп келе жатқаны туралы ақпаратты алуға болады. Егер жылдамдық 60 км-ден асатын болса, базаға жүргізушінің әрекеті туралы мәлімет түсіп тұрады. Сондай-ақ жолаушыларға арналған әр көлікте бейнебақылау жүргізіледі.

Бұрын автобус жүргізушілеріне кассирлер көмек беруші еді. Бүгінде олардың қызметін онлайн төлемдер ауыстырды. Ал қолма-қол жол ақысын есептеуді жүргізуші мойнына алған. Еш қиындығы жоқ болып көрінгенімен, бұл да стресс тудыратын жұмыстың бірі. Себебі аялдамадан мінушілердің өзі кейдесырт көзге жат мәдениет танытып, қоғамдық орындарда сақталатын этикетті ұмытып кетеді. Тиісінше бұл жүргізушінің көңілін алаңдатады. Автобус салонында жанжал іздеп, жүргізушіні балағаттап жататын жайттар кездеседі. Күнделікті өмірде сан алуан жағдайдың орын алатыны рас. Десек те бұл оқиғалар айналадағы адамға зардабын тигізбеуі тиіс. Санаға сіңіп қалған «тұтынушының қалағаны болуы тиіс» деген пікірді ысырып тастаған жөн.

Осы орайда, Қызылорда автобус паркі облыстық тілдер орталығымен бірлесе отырып, арнайы қоғамдық көлік тізгініндегі жандарға әдеп бойынша, жолаушылармен дұрыс қарым-қатынас құру тақырыптарына байланысты сабақтар мен семинар-тренингтер дайындауда. Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыс атқарылып, халықпен жақсы коммуникацияға түсе алатын жүргізушілер қатары артады деген үміт бар.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!