Қолына балға ұстап, тақтайға шеге қағып жатқан баланың қасына әкесі жақындап келіп қарады. Шегені қисық ұстаған сыңайлы.

– Балам, қолыңды ұрып аларсың. Шегені түзу ұста. Балғаны соған тура бағытта. Шегенің басына қарап тұрып соқ. Көзің қолыңды тура апарады, – деді.

Бала шеге қағуды үйренді. Енді ол қолын ұрып алмайды. Осы біз бүгінгі қоғамда қолына балға ұстап, шеге қаға алмайтын балалар бар деп дабыл қағамыз. Бірақ бала айтқаныңды емес, көргенін көбірек алады. Үлгі бола алмай жүрген жоқпыз ба?! Үйрете алмай жүрген жоқпыз ба?!

Қауіпсіздік қолдағы құрал-сайманды, техниканы дұрыс қолданудан басталады. Әлемде өндірісте өмірі қиылып жатқан қанша адам бар. Техника қауіпсіздігі деген ұғым олар үшін басты орында болуы керек. Әйтпегенде, сәл қисық бассаң, қиылып түсесің. Өмір… Бір қателік… Ажал…

Әлеуметтік желіні парақтап отырып, тоқ бағанасының үстінде есінен танып қалған, аяғы ілініп, өзі салбырап тұрған электрикті жасанды деммен тірілтіп жатқан екінші маманның суретін көріп қалдым. Әлгі суретті түсірген фотограф әлемдің деңгейдегі ең үлкен марапатты «сәтті түсірілген» суреті үшін жеңіп алыпты. Ал электриктің өмірінің құны – бір қателік дегенді сан мәрте естіп жүрміз.

Еңбек адамы қай уақытта да құрметке лайық. Ол үшін қызмет бабында жан тәсілім ету міндетті емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті еңбекқор адамдар» деген еді.

Бірде өңірлік басылымдарды аралап, үлкен бір холдингке бардық. Мұнда газеттерді журналистер дайындап, әрі қарай баспаға жібереді. Баспахана да заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда қызметкерлер күніге екі рет ағарған ішеді екен. Ағарған дегеніміз – сүт өнімдері. Бірде айран, бірде қатық беріледі. Сонда себебін сұрағанымызда «Мұнда түрлі сиялардың, химиялық қоспалардың ортасында жүру адам ағзасына зиян. Сондықтан ағарған уды қайтарады. Мекеме бізге осындай жағдай жасап қойған» деп жауап берді. Еңбек қауіпсіздігіне байланысты осы мәндес түрлі мысалдар келтіре аламыз. Әсіресе, заңдық тұрғыдан баға берсек, елдегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңдар конституцияға негізделген және ол өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

Көңіл көкжиегінде арман да, мақсат та көп. Қазір жүйрік уақыттың жалына жармасып, өзің жан-тәніңмен қалайтын салаңды таңдауың керек. Қазақта «Қасқырдан қорыққан қой бақпайды, ешкіден қорыққан егін екпейді» деген керемет сөз бар. Ол қалаған мамандығың қанша қауіпті болса да, жүрек қалауың бәрібір апарады деген мәнде айтылса керек-ті…

Кешегі әлемді жайлаған пандемия кезінде халықтың денінің саулығын ойлап, дертпен күрескен қаншама дәрігерлеріміздің өмірі қиылды. Ал күнделікті біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеміз деп жүргенде қаншама полиция қызметкері жан тәсілім етті. Әрине, қауіп барлық жерде бар. Тек қауіпсіздік шарасын сақтай білген ләзім.

Біздің мемлекетіміздің басты байлығы һәм басты капиталы – адам. Сондықтан адам өмірі қай кезде де бірінші тұрады. Кез келген жұмыста бұл алдыңғы қатардағы ереже іспеттес. Егер олай болмаса кез келген ғимаратта өртке қарсы дабыл қондырғысы болмас еді. Адам өмірін жоғары бағалау, оған құндылық ұстанымын қою біздің қоғамда тұрақты қалыптасқан.

Біздің үйіміздің кәріз суы толғанда көлігімен келіп, алып кететін кісілер бар. Ата-анам олар келгенде жәрдемдесіп, жылы сөйлесіп, шығарып салады. Бірде «несіне бәйек боласыз, ақысын төлесеңіз болды ғой» деп мұрнын тыржитқан бауырыма ата-анам қабағын түйіп: «олар адал еңбек етіп жүр. Бізге қызмет жасағаны үшін ақысын беру аздық етеді. Оларды құрметтеу керек» деп өмірлік тағылым айтты. Меніңше, жұмысшы мамандықтар жылы деп қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу – менің бауырыма айтқан әкемнің сөзіндей үлкен мектеп, үлкен тәлім, зор тәжірибе болмақ.

Әлеуметтік желіде бір бейнетүсірілімді көрдім. Бейіт басына барған жігіт сол маңда жүрген кісіден ата-анасының зиратының алдын тазалап беруді сұрайды. Әлгі кісі демде келісе кетеді. Тазалап болып, қолын шайып әлгі жігіттің қасына барады. Зират тазалаған жігіт құны қымбат тұратын шетелдік көліктің есігін ашып жатқанда әлгі жігіт келіп, «сіз кім болдыңыз?» деп сұрайды. Сонда ара-тұра тәкаппарлықтан арылу мақсатында осында кеп жұмыс істейтін мықты кәсіпкер болып шығады. Ал әлгі жігітке «Бүгін – адамбыз, ертең топыраққа айналамыз» деп қысқа жауап қайырады. Мұның арғы жағында қаншама дүние жатыр.

Иә, мен бұл жерде қарапайымдылық туралы айтуды жөн көрдім. Бәлкім, тақырып еңбек қауіпсіздігі болғанымен біз үшін күн сайын қауіппен бетпе-бет келіп жүрген жандарға құрмет көрсетудің ретсіз айтылатын кезі болмайды. Біз оларды құрметтеуіміз керек. «Ер дәулеті – еңбек» дейді халық даналығы.

Ойдан ой туады. Ауылдық жерде біз қолданатын көмірді білесіз ғой. Кейде мына көмір жанбайды деп жұртты қарғап-сілеп жүретіндерді көріп қаламыз. Бірақ сол көмірдің қайдан, қалай шығатынын білесіз бе?! Жердің астына тюнельмен жүздеген метр сырғанап түсіп, сол шұңқырдың ішінде айналасын кеңітіп, ойып жатады. Ал сол ойып жатқанда бір жері опырылып түссе, бүкіл шахта көміледі. Ал оның астында мыңдаған адам еңбек етіп жатыр. Оларды қауіпсіз еңбек деп айта аласыз ба? Қарағандыда 2023 жылы 28 қазанда болған қайғылы оқиға қанша жұртты есеңгіретіп жіберген жоқ па?! Бұл Костенко шахтасындағы апат еді. Қарағанды облысында орналасқан Костенко шахтасында болған жарылыс пен өрт. Болжам бойынша, лавада газ метанының жарылысы орын алған. Апат болған кезде шахтада 252 адам болған, 208 кеншіні құтқарушылар жер бетіне алып шыққан, 46 адам қаза тапты.

Бұл қоғамдағы басты байлық – адам өмірі. Ал адам үшін бастысы – оның денсаулығы. Қандай да бір жұмыс адамның денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс. Өйткені, денсаулықтан айырылсаңыз, ешкімге керек емессіз. Жұрттың мойнына салмақ боласыз. Бүгінгі қоғамның қай өкілі де мұны қаламайды, бұған дейін де қалаған емес.

Тағы бір мысал етер мамандық бар. Ол – газ электрмен пісіруші. Темірден түйін түйіп, бір-біріне желімдей жабыстыратын бұл мамандар қайда болса да қат. Үлкен-үлкен қалалардың жылу құбырын да еш кілтипансыз жасайтын да сол кісілер. Көкпен тірескен зәулім ғимараттардың қаңқасын салатын да сол мамандар. Міне, олардың еңбегінен біз жылу аламыз. Біз оларға мұқтажбыз. Сондықтан қадірлеуіміз керек.

Ал мен өзім дәрігер болғым келеді. Абай айтқан бес асыл іске жақын, бес дұшпаннан бойымды аулақ салып, осы мамандықтың шыңына шықсам деймін. Қауіпсіз мамандық деп айта алмаймын, әр саланың өзінің қатері болады. Ал Гипократ антына берік болып, кір шалмаған арымдай ақ халатты таза ұстап, елдің кәдесіне ассам деймін. Әрине, осы арман, осы мақсат мені биікке бағыттайтынына кәміл сенемін. Елдің амандығы жолында алаң болып, кіндігімнің қаны тамған жерге маңдайымның терін төккім келеді. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның, Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атыраптың бір перзенті ретіндегі менің ұлы мақсаттарымның бірі болғай.

Ұлы ғұлама Абай:
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық.
Бақпен асқан патшадан,
Миымен асқан қара артық, – деген екен.

Мен маңдайдағы бағымды қауіпсіз еңбектен тапқым келеді. Өйткені, жаңарған қоғамның, дамыған мемлекеттің әрбір қадамындағы тер төгер сала қауіпсіз болуға тиіс.

Жанерке РАШИД,
№171 Ғани Мұратбаев атындағы
орта мектептің оқушысы.
Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!