Сыбайлас жемқорлық – адамның көздеген мақсатына оңай әрі тез жетуі үшін Қазақстан Республикасының заңын бұзып, өз мүддесі үшін өзгеге ақша ұсынуы және қабылдауы.

Парақорлық адалдық пен әділдік талаптарының бұзылып, жұмыстың сапасыз әрі нәтижесіз болуына алып келетіні белгілі.

 Елiмiзде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Бiрақ бұл жағдай түбегейлі шешілді, толық шешiмiн тапты деп айта алмаймыз.

 Қазақ «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділ болудың қаншалықты маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Бабаларымыздың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің даналық шешімдерінен, өзге де тарихи тұлғалар туралы аңыздардан білеміз.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық оқиғаларына негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Осы кезге дейінгі жағдайларға зер салсақ, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу және беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, жалған сөз жеткізу сыбайлас жемқорлық әрекеттері арқылы жасалады. Мұндай оқиғаларға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу өтірік жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтару, жалған қорытынды беру не қате аудару үшін сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау қылмыстары да жатады.

 Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің қоғамдықсаяси институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

 Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын түсіндіру жұмыстарының деңгейі мен сапасын арттыру өте өзекті. Тұрғындар өздеріне қарсы құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай ісәрекет жасау қажеттігін білуі қажет.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, парақорлықпен күресті барлық мемлекеттік орган мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік мекемелер, ұжымдар, жергілікті өзінөзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

 Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Кейбіреуінің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби этиканы сақтамауы, жеке басының қамын ойлауы парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Тұтас ел болып бірігіп, осы мәселенің алдын алу үшін жүйелі жұмыс атқарсақ қана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұра аламыз.

Ә.Т.Есқараев,

Қызылорда облысы бойынша

 Қазынашылық департаменті

 басшысының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!