Қай қоғамның да болашағы – оның жас ұрпағы. Елдің ертеңгі тағдыры бүгінгі жастардың білім деңгейіне ғана емес, олардың адалдығы мен азаматтық ұстанымына да тікелей байланысты. Сондықтан «Адал ұрпақ – ел дамуының негізі» деген ұғым жай сөз емес, стратегиялық маңызы бар қағида.
Адалдық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Ол әділдікпен, жауапкершілікпен, шыншылдықпен ұштасады. Адал ұрпақ дегеніміз – заңды құрметтейтін, еңбекті бағалайтын, қоғам мүддесін жеке басының пайдасынан жоғары қоятын саналы жастар. Мұндай ұрпақ қалыптасқанда ғана мемлекетте сенім мен тұрақтылық орнығады.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы өз қара сөздерінде адам болмысының негізі – ар мен ұят, әділет пен мейірім екенін атап өткен. Бұл қағидалар бүгінгі күні де өзекті. Себебі рухани құндылықтарға сүйенген қоғам ғана ұзақ мерзімді дамуға қол жеткізе алады.
Елімізде жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесін үнемі алға тартып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар – адал азамат қалыптастырудың нақты қадамдары.
Адал ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен отбасынан басталады. Ата-ана баласына адал еңбек етудің, шындықты айтудың, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің үлгісін көрсетуі тиіс. Мектеп пен жоғары оқу орындары білім берумен қатар, тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуі қажет. Білім мен тәрбие қатар жүргенде ғана саналы, жауапты азамат қалыптасады. Сондай-ақ қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – адал ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігі. Жастар заңды құрметтеп, әділдік қағидаттарын берік ұстанғанда ғана мемлекетте ашықтық пен сенім артады. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге, әлеуметтік тұрақтылыққа және халықаралық беделдің нығаюына ықпал етеді. Қорытындылай келе, адал ұрпақ – елдің ең басты капиталы. Рухани бай, білімді әрі жауапты жас буын бар жерде мемлекет те берік, болашақ та жарқын болады. Сондықтан әрбіріміз адалдықты өмірлік ұстанымға айналдырып, жас ұрпаққа үлгі болуға тиіспіз. Себебі ел дамуы – әр азаматтың ар-ожданы мен жауапкершілігіне байланысты.
Ұзақбай Оразгелдіұлы, Қызылорда облысы Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
