Фото: shutterstock и halal-kz.kz

Қазіргі таңда тұтынушылардың басым бөлігі дүкендерден әлгі екі тұрғын секілді «халал» өнімді іздейтіні рас. Тіпті, кейбіреулер «халал» сөзінің мағынасын түсінбегенмен, сондай белгісі бар өнім қауіпсіз деп сенеді. Алайда соңғы кездері «халал» деп айдар таққан өнімдер де күмәнді бола бастады. Бұлай деуімізге салмақты себебіміз де бар. Өйткені соңғы жылдары Денсаулық сақтау министрлігі қаншама кәсіпорынның «халал» деп шығарған шұжықтарынан доңыздың ДНК-сын табуы жиіледі. Міне, осыдан келіп, «Халал» шынымен халал ма?» деген ой туындады бізде. Бүгінгі әңгіме ауаны сол жайында болмақ.

Жаныңа қажеттінің көбін кезіктіретін базар немесе дүкенге бара қалсаң, сатып алғалы тұрған азық-түлік өнімін «мынау халал ма?» деп сұрайтынымыз рас. Расында, «халал» сөзі нені білдіреді? Әуелі соған тоқталайық. «Халал» – рұқсат етілген нәрсе деген ұғымды береді. Ал «харам» дегеніміз тыйым са­лынған деген мағынада қолданылады. Дініміз дұрыс-бұрысын осылай бөліп береді. Алайда бұл халал өнімін не қызметін тек қана мұсылман елдері пай­даланады деген сөз емес. Біздің айтып отырғанымыз жалпылама түсінік.

Қазіргі таңда еліміздің ет және ет өнім­дерін шығаратын кәсіпорындарын­да малды дұрыстап соймай, керісінше электр тоғымен өлтіру, пышақпен ұрып өлтіру сияқты тәсілдердің қолда­нылатыны аян. Шетелде малды байлап қойып, басын кувалдомен ұрып не қазыққа байлап қойып, тоқ арамен мойнынан орып жібергенін де көргенбіз. Қош. Жалпы бұлайша өлтірген малдың бойын­да қан ұйып қалады. Медицина осылай дейді. Жөн-жосықсыз өлтірген жануар ең алдымен қорқып қалады-мыс. Ал мал қорыққан кезде бүйрек без­дері шошынады екен. Міне, дәл осындай тәсілмен сойылған малдың етін жеген адамда қатерлі ісік ауруының қоздырғышы пайда болуы да мүмкін. Бұл жайында мамандар талай айтқан, айтып та келеді. Негізінен мұсылмандарда адал бауыздалмаған малдың етінен істелген тағамның бәрі «харам» деп есептеледі. Мұсылмандардың көбі, әсіресе, қазақ халқы малды соярда жөн-жоралғысын жасап, «бісмілләсін» айтып, батасын қайырып, бауыздап сояды. Ал сол бауыздалған малдың бойындағы қан толығымен сыртқа шығады. Оны көп­шілік білетін де шығар.

– Қазақ халқы малды «Менде азық жоқ, сенде жазық жоқ» деп, бісімілләсін айтып барып бауыздайды. Малды сою­дың жөн-жобасын кішкентай кезімізден көріп өстік. Мал сою жауапкершілікті, әсіресе тазалықты қажет етеді. Өйткені ағзадағы инфекция қанға барып жина­лады. Оны медицинада да айтады ғой. Бірақ оны қазақ ертеде білген. Жалпы малды сойғанда одан аққан қанның сыртқа толығымен шығуына мән беру қажет. Малдың қаны сыртқа толығымен шығарылса, ет таза, денсаулыққа пай­далы болады. Міне, осыны «халал» деп жеуге болады. Сондықтан малды сойғанда дұрыстап бауыздап, қанын толық ағызып барып терісін сыпыру керек, – дейді тәжірибелі қасапшы Ғабит Жарылқасынов.

Денсаулық сақтау министрлігінің сөзіне сүйенсек, елімізде «халал» атын жамылған харам өнім аз емес екен. Яғни адал ас деп елді алдап, халалдың атын жамылып, құрамында доңыздың еті мен майы араласқан тауарлар сатып жүргендер бар. Осындай жайттардан соң «халалға» халықтың сенімі жоғала бастайтыны сөзсіз. Бұл мәселенің қалай, қашан реттелері де әзірге белгісіз.

Бүгінде кейбір компаниялар кәсіпкерлерге оңды-солды сертификат беріп, ақша тауып жүр. Әйтпесе, жаңағы айтқан кемшіліктер қайдан шықты? Қой терісін жамылған «қасқырлардың» салдарынан халал нарығы тұтынушылардан айырылса, шынайы «халал» өнімін шығаратын кәсіпорындар пайдадан қағылуда. Осындай жағ­дайды көргенде, бізге заңды күшейтіп, сонымен қоса қадағалауды да қатаңдатқан  дұрыс шығар деп ойлайсың.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, айналамыздағы мемлекеттермен салыстырғанда халал өнімді тұтыну жағынан еліміз көш ілгері тұр екен. Әйткенмен көріп отырғанымыздай еліміздегі халал нарығында келеңсіздіктер мен кемшіліктер аз емес. Тек енді уақыт оздырмай, осының барлығын бір ретке келтірсек игі. Себебі халал өнімнің ар жағында ұрпақ денсаулығы жатыр. Ет өнімдерінің халал жолмен өндірілуіне дұрыстап ден қойсақ, Алла алдында да, ар алдында да таза болып, алты алаш адал астан дәм татар еді. Заңды да, адалдықты да өзімізден бастау керек.

Фарида Ертуғанқызы

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!