Ертеректе көпшілікке беймәлім ескі қалашықтың шетінде кедей бір сіңірі шыққан ата мен әжей өмір сүріпті. Екі қарттың жастары ұлғайғанда көрген жар дегенде жалғыз ұлы болады. Есік алдындағы қорада 3-4 ешкісі мен жалғыз қоразына қарап жан бағып отырған олар ұлдары есейе келе аңшылықты кәсіп еткен ұлдарының арқасында күнде азын-аулақ қолға түскен аң, құспен күнелтіп жүреді.
Жолы болып жатса бір күнде 5,6 қырғауыл, 1,2 қоянды да қанжығасына байлап жүрді.
Бойынан күш-қуаты кетіп, тұла бойды әлсіздік билеген шақта екі қарттың бар сүйеніші осы ұлы Айдар еді. Таң бозарысымен нәпақаңды тап дегендей Айдардың айдарлы қоразы күнделікті күннің шыққанын хабарлап, ку-ка-ри-кууу деп шақырып, тәтті ұйқыдан оятатын. Тап осылай күндегі әдетінше аңшылыққа орманға қарай бет алған Айдар бейқам келе жатады.
Кенет жол үсті көз көргісіз шаңға айналады. Жердің топырағын басына көтере шуласып жатқан шіңкілдеген дыбыстар естіліп жатыр. Жігіт аң-таң. Қарап тұрмай жол үстіндегі шаңның арасына өзі де қойып кетеді. Қараса бір-бірін атып ұрып жатқан екі тышқан екен. Анықтап зер салса бірі ақ, бірі қара тышқан болып шығады. Үнсіздікпен бақылаған ол қара тышқанның ақ тышқанға едәуір қысым көрсетіп, тықсыра кеуде тұсына жармасқанын көреді. Сасқалақтаған Айдар тышқандардың бұл әрекетін ой елегінен өткізер-өткізбестен «Осы ақ түс деген ақтықтың, тазалықтың, пәк кіршіксіздіктің белгісі демеуші ме еді?», – деп ақ тышқанға жәрдемдеспекші болып, қара тышқанды жығуына көмек қолын созып қолындағы садағын береді. Садақта ала-сала қара тышқанның қақ маңдайына көздеген ақ тышқан діттеген жеріне дәл тигізеді. Міне осылайша қара тышқанның ажалына куә болған екеуі қара ниетті зұлымдықтың бетін қайтарғандай бір-біріне разы кейіпте тұрғанда, ақ тышқан өте сымбатты, келбеті келіскен, батыр тұлғалы серіге айналады. Таң қалысын жасыра алмаған Айдар тілін жұтып қойғандай ләм-мим деместен тұрып қалады.Сол мезет тілге келген ақ тышқан:
«Саспа жігітім, мен адалдық елінің патшасы Мирас ханзадамын! Ал әлгінде өзің көрген қара тышқан күллі жамандық атаулының ханзадасы Кан патша дейді. Біздің шайқастың тарихы тереңде. Ертерек уақтан бері жер бетінде әділдік, шындық, жақсылық, мейірім мен қанағат атаулы ұлы қасиеттердің өмір сүруіне біз себепші болып келеміз. Ал Кан патшалығы тек зұлым іс-әрекеттермен біздің жақсы іске тосқауыл болып келеді. Қысқасын айтқанда біз адамдардың ішкі сезімдерінде патшалық құрамыз. Осы уақытқа дейін жер бетіндегі барлық жаман қасиеттер осы қара тышқан, яғни Кан патшалығынан тарап келді. Бүгін сенің арқаңда талай жылға созылған екі түрлі қасиеттердің күресінде жақсылық атаулының жамандықты жеңіп, жер бетінде енді тек қана игі істер мен парасаттылық орнайтын болды», – деп сөзін тәмамдайды.
Айдар Мирас ханзаданың сөзінен кейін өзінің де ақ тышқанға көмек бергені үлкен жеңісті іс болғанына қуана түседі. Солай тұрғанда Мирас ханзада: «Кел Айдар, сен мені өлімнен құтқардың, жер үстіндегі адамдар арасында енді тек қана жақсы қасиеттер өмір сүретін болады. Соның қайтарымна мен саған ең бағалы әкемнен қалған жалғыз көзді тасы бар гауhар сақинамды тарту етейін, сен тек арқама жайғасып көзіңді жұмсаң болғаны, мен аш дегенде ғана көзіңді аш», – деп қайта тышқанға айналады.
Ойланып қалған Айдар сұмдық-ай мына тышқанның арқасына отырсам ажалына өзім жетпеймін бе? деп не істерін білмей дал болған күйі тышқанның арқасына жайғаса кетеді. Мирас патшаның көзіңді аш деген дауысынан селк ете түскен Айдар одан әрі таңданысын жасыра алмай зәулім алтын сарайға қалай кіргенін білмей қалды. Қонақ етіп, әлгі қасиетті сақинаны тапсырған Мирас патша уәзірлеріне Айдарды еліне аман-есен жеткізулерін тапсырып, шығарып салады. Елге оралған Айдар сақинаны бір бұрағанда ішінен тілеген тілегі орындала кетеді. Міне, осылайша өз еліне жақсылық атаулыдан патшалық құрған Айдар күндердің-күнінде жолдастарына өзінің баю себебін айтып отырғанын тыңдап қойған қызметші әйел сақинаны қолына түсіруді ойлайды. Келесі бір күні үй тазалығымен ерте жүріп, әлгі сақинаны Айдардың басындағы жастанып жүрген жастығының жанынан қолға түсірген қызметші әйел, таң бозарысымен зып беріп тайып тұрады. Бәрі ұйқыда жатқанда көзі мүлгімеген қораз ғана күн шығысқа қарап отырған еді. Сақина жоғалғанын білген Айдар кімнен көмек сұрарын білмей ары жүріп, бері жүріп басы қатады.
Оны білген Айдардың баяғы айдарлы қоразы таң атысымен сақинаны іздеп жолға шығады. Күн артынан күн, ай артынан ай өткен шақта қораз әлгі әйелді іздеп табады. Байқаса, хан сарайындай алып ғимараттың төрінде әйел өзін патшайым етіп, қол астына күң ұстайтын дәрежеге жетіпті. Әрине сақинаның құдіретімен. Қораз сол үйдің топ тауық, әтештерінің арасына білдірмей сіңісіп кетеді.Солай жүріп, келесі таңның шығуын күткен қораз білдірместен ішке еніп, әйелдің қолындағы сақинасын шешіп алып, өз еліне аттанады. Осылайша Айдарға сақинаны жеткізген қораз Айдардың ең сүйікті құсына айналады. Қарт ата мен әжейге өз еліндегі ең мейірімді Күнсұлу есімді аруды келіндікке алып, бақытты, бай-қуатты ғұмыр кешіпті. Міне содан бері ел арасында «Айдардың айдарлы қоразы» деген аңыз әңгіме тарап кетіпті.
Аяулым СӘУЛЕБЕК,
№224 орта мектебінің оқушысы,
Жаңақорған ауданы,
Өзгент ауылы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!