Кездейсоқ келген қиындыққа қарсы тұрып, жығылғанға жәрдемдесу сауапты іс. Әсіресе, адамды ажал аузынан арашалауға жұмсалған қажыр-жігердің құны өлшеусіз екені аян. Сондықтан кейінгі буынға үлгі-өнеге боларлық қадам жасаған қаһармандарды дәріптеу, ерлігін елге таныту кезек күттірмейді. Олардың әрбір таңдауы мен қайырымды әрекеті үміт сыйлайды, мейірім ұялатады. Бұл қатарға түн жарымында өрт ішінде қалған отбасыны құтқарған қызылордалық Серікбол Төребектің әрекетін де қосуға болады. Қайсар азамат жалынға қарамай, адам өміріне араша болып, 5 адамның өмірін аман алып қалды. Апта басында Серікболмен жүздесіп, оқиғаның мән-жайын сұраудың сәті туды.

– Серікбол, бір-ақ сәтте бүгінгінің батырына айналдыңыз. Бүтін отбасыны ажалдан арашалаған әрекетіңіз әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік ыстық ықыласын білдіруде. Жағдайдың қалай орын алғанын әртүрлі дереккөзден естігенімізбен, нақты жүйе әлі қалыптасып үлгірмеді. Алдымен, оқиға қалай болғанын баяндап берсеңіз.
– Бәрі кездейсоқ орын алды. Оқиға өткен аптада, яғни жұмадан сенбіге қараған түні болды. Қолым бос уақытта такси болып жұмыс істейтінмін. Кезекті сапарым кезінде сағат екі шамасында Қызылорда қаласындағы «Саяхат» ықшам ауданынан тапсырыс түсті. Жұмыс барысымен сол маңнан өте бере шатыры отқа оранған үйді көзім шалды. Дереу көлігімнен түстім де үйдің есік-терезесін ұра жөнелдім. Бар ойым адамдарды құтқару болды. Үйді айналып, айқайлап жүрмін. Дыбыс берген, оянған адам байқалмады. Ұялы телефонымның жарығын жағып, терезеден қарағанымда үйде жатқан адамдарды көрдім. Сол кезде-ақ енді уақыт жоғалтуға болмайтынын ұқтым. Алдымен 101-ге қоңырау шалып, өрт туралы хабарладым. Мамандарға үйдің ішінде адамдар бар екенін, шатыры жалынға оранғанын жеткіздім. Мекен-жайды хабарлаған соң өрт сөндірушілерден терезені сындыруға рұқсат алдым.
Қызығы, терезені сындырған кезде ғана үй ішіндегі адам да ояна бастады. Дереу есікке барып, жұлқылап тартқылай бастадым. Бұл кезде үйдегілер есікке қарай келіп қалған еді. Сол кезде есік те ашылып, бәрі сыртқа шықты. Есіктің ілгегі жұлынып кеткен секілді. Осылайша, үйдегі адамдар аман-есен жалын құрсауынан құтылды.
– Өртке оранған үйдегі тұрғындардың түгел шыққанын қалай тексердіңіз?
– Есік-терезені сындырғаннан кейін кішкентай балалар мен әйел және соңынан жұбайы шықты. Балалардың аман-есен екеніне көз жеткізген соң отағасы қайта үйге кіріп, құжаттарды алып шықты. Көп өтпей, үй ішінде пропан баллоны бар екенін білдік. Үй егесі қайта кіріп, пропан баллонын сыртқа шығарып үлгірдік. Қатерді ойлайтын уақыт болмады. Бар мақсатым адам өмірін құтқару болатын.
– Әрине, сіздің жасаған қадамыңыз – үлгі-өнеге аларлық іс. Өзгенің өмірі үшін жанұшыра жүгіру жүрегі кең, тәрбиелі жанның қолынан келетіні анық. Осы орайда өзіңіз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– 1997 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Әкем қаржылық бақылау инспекциясында еңбек етсе, анам жүйке аурулары диспансерінде жұмыс істейді. Әпкем мен ағам бар. Мен үйдің кенжесімін. Бұған дейін Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы құрылыс және бизнес колледжінен телекоммуникация мамандығы бойынша білім алдым. Сондай-ақ қаладағы 66597 әскери бөлімінде барлаушы болып еңбек еттім. Алайда денсаулық жағдайыма ол жұмыстан шығуға тура келді.
– Ерлігіңіз еленіп, өзіңізден үлгі алар буын көбейсін. Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Берен Шағыров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!