Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде ұшақ бортында сырқаттанған адамның өмірін сақтап қалған студент туралы бейнежазба тарады. Бейнероликте бір жас жігіт денсаулығы сыр берген жанға шұғыл көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жасап жатқаны көрсетілген. Сол сәтте адам жанын арашалап, үлкеннің батасын, кішінің алғысын алған азамат қызылордалық.
Бүгіннің батырына баланған жігіттің есім-сойы – Дінмұхаммед Бектұрған. Астана медицина университетінің 7 курс студенті. Үш тілді жетік меңгерген маман. «Qazaq Air» әуе компаниясының Қызылордадан Астанаға қарай бет алған ұшақтағы оқиға туралы ол:
– Кезекті сапар. Барлық жолаушылар орналасқан. Бір уақытта бортсеріктердің микрофон арқылы «Біздің бортта медициналық білімі бар жолаушылар бар ма?» дегенін естідім. Жан-жағыма қарадым. Ешкім шықпады. Өзім іштей «шығу керек» деп шешім қабылдадым. Барып қарадым, шашамен 50 жастағы кісіге көмек қажет екен. Ол кісіде кеуде қуысының қысылуы жүрегінің қысылуына шағым болды. Нақты сұрақтар қойдым. Ауырсыну сезімі сол жақ қолыма, сол жақ жағыма беріліп тұр деді. Есіме бірден миокард инфаркті туралы алған білімім түсті. Бортсеріктерден тонометр сұрап, қан қысымын өлшедім, қан қысымы төмендеп кеткен екен. Перифериялық пульсті тексердім. Басында ол кісіде тахикардия болды. Пульсі жиілеп, 105-ке жетті. Бір минуттың ішінде есінен танып қалды. Содан кейін есін жиды, одан соң медикаменттерден не бар екенін қарап, аспирин таптым, 2 таблеткасын беріп, кислород маскасын тағып, науқасты әуежайға жеткіздік. Бізді жедел жәрдем қызметкерлері күтіп алды. Содан мен үйіме қайттым, – дейді ол.
Дінмұхаммедтің көмегін таспалап, қалың көпшілікке жария еткен Динара Қарлыхан оның батылдығы мен кәсібилігіне тәнті болғанын айтады.
– Мұндай жағдайды өмірімде алғаш рет көрдім. Көз алдымда белгісіз бір азамат қайта-қайта талып қалды. Қорыққаннан қарап қалдым. Жанымдағы 3 баламды құшақтап, не болып жатқанын түсінбей отырдым. Себебі егер ол жерде Дінмұхаммед болмаса, басқа да медицина саласында жұмыс жасайтын қызметкер болмағанда қайғылы жағдайдың куәсі болар едік, – деді ол.
Расымен ұшақ бортында Дінмұхаммед болмағанда оқиға басқаша көрініс табуы мүмкін еді. Алайда Дінмұхаммедтің қорықпастан қол ұшын созып, адам жанына араша түсуі – үлгі тұтарлық үлкен ерлік.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!