Психологтар адам өмірінде кезігетін негізгі 8 дағдарыс кезеңін нақтылады. Бұл – тұлғаның жаңаша қалыптасу, өзгеру, ішкі және сыртқы күйдің күрделене түсетін тұстары. Әр кезең өзіндік ерекшелігімен қатар, оны жеңуге арналған тәсілдерді де қажет етеді.
Бір жас дағдарысы. Бір жасқа толған бала алғаш рет өзін дербес тұлға ретінде сезіне бастайды. Алғашқы қадамдарын жасайды, алғашқы сөздерін айтады, айналаны өздігінен тануға ұмтылады. Бұрынғыдай үнемі қолда ұстауды қажет етпей, жеке әрекетке көшеді. Бұл өзгерістер ата-ана үшін тосын болуы мүмкін. Мұндайда балаға жұмсақ түрде түсіндіріп, оның әр қадамын қолдау маңызды. «Өзің жасауға ұмтыл, бәрі жақсы болады» деген секілді ынталандыру балаға ауадай қажет.
Үш жас дағдарысы. Бұл кезеңнің басты белгісі – баланың «Өзім!» деп, толықтай автономияға ұмтылуы. Ерік-жігер мен өзін-өзі бағалау қалыптаса бастайды. Алайда физикалық тұрғыда көп дүниені орындай алмайтынына байланысты ата-ананың тыйымдары да көбейеді. Бұл кезеңде балаға асығыстық танытпау керегін, уақыт өте келе қолынан келетінін түсіндіру керек. Сондай-ақ түсіндіру үнемі сабырмен жүргізілуі тиіс.
Жеті жас дағдарысы. Бұл – мектепке қадам басу кезеңі. Жаңа орта, жаңа ережелер, жаңа міндеттер. Көп балаға мектепте оқыған, жауапкершіліктің өсуі ұнамайды. Мұндайда оған білімнің өмірдегі маңызын түсіндіру қажет. Білімсіз мамандық алудың, жұмыс табудың қиындығын есіне салып отыру керек. Мұны үнемі, қарапайым тілмен айтып отырған жөн.
Жасөспірімдік дағдарыс (11-17 жас). Бұл ең күрделі һәм ең қауіпті кезеңдердің бірі. Осы уақытта жасөспірімде өзін-өзі тану, эмоциялық тұрақсыздық, «кіммін?» деген сұраққа жауап іздеу, ересектердің пікірін жоққа шығару сияқты құбылыстар айқын көріне бастайды.
Бұл кезеңде ата-ана баланың ішкі әлемін түсінуге тырысып, орынсыз қысым көрсетпеуі керек. Жасөспірімге кеңістік беру, асыра шектеу қоймай еркіндік беру, көп сөйлесу, пікірін тыңдау – отбасы ішіндегі тыныштықтың кілті болмақ. Сондай-ақ 18 жасқа толған соң өзі дербес шешім қабылдай алатынын да есіне салған жөн.
Ерте ересектік дағдарысы (18-25 жас). Адам бұл кезеңде мамандық таңдайды, өзін кәсіби тұрғыда іздейді, жеке өмірін қалыптастырады, алғашқы қателіктерге тап болып, алғашқы жетістіктерге де жетеді. Алайда өмірлік тәжірибенің аздығы кейбір шешімдердің сәтсіз болуына алып келеді. Мұндайда өзіңізді қатаң сынамаңыз. Қателік – қалыпты жағдай. Үлкен мақсатты шағын қадамдар арқылы жүзеге асыру стратегиясы бұл кезеңде өте тиімді.
Орта жас дағдарысы (шамамен 40 жас). Бұл уақытта адам өткенін бағамдайды, өмірдің мәнін қарастырады, болашаққа жаңа жоспар құрады, гормоналды өзгерістерге байланысты эмоциялық құбылмалылыққа тап болады. Ғалымдардың зерттеуінше, ажырасулар, өмірлік серігін ауыстыру – осы кезеңнің жиі қайталанатын қателіктерінің бірі көрінеді.
Бұл кезеңде жүрсеңіз, «жаңаның» бәрі әрдайым жақсы емес екенін, ал «ескі» деп санағаныңыз әрдайым жаман бола бермейтінін түсінгеніңіз абзал. Гормондық өзгерістерге сүйеніп қабылдаған шешімдер көбіне дұрыс бола бермейді. Басты талап – тепе-теңдікті сақтау.
Кемел жастағы дағдарыс (50-60 жас). Адам осы кезеңде өмір жолына шынайы баға береді. Қарттыққа дайындала бастайды. Бастысы денсаулықты үнемі бақылауда ұстап, физикалық белсенділікті арттыру керек. Сондай-ақ мамандар қант пен тез сіңетін көмірсуларды азайтып, ақыл-ойды дамытуды ұсынады. Ми жұмысын тежейтін кроссвордтар емес, жаңа білім, жаңа орта, сапалы фильмдер, театрлар мен көрмелер – ең тиімді құралдар екенін есте сақтаңыз.
Қарттық кезеңнің дағдарысы (75 жастан жоғары). Бұл кезең – адамның өмірмен қоштасуға ойша дайындалатын уақыты. Әр таңды сый ретінде қабылдап, әр күнді жаңа әсермен тол- тыру қажет. Ауыр ойларға берілмей, өмірді мазмұнды ету – ұзақ жасаудың кепілі.
Қорытындылай келе айтарымыз, әр кезеңнің өз қиындығы бар. Бірақ бұл дағдарыстар – даму мен жетілудің табиғи бөлігі екенін ұмытпаңыз. Қажетті тұста қолдау білдіру, түсіністік пен сабырлылық таныту арқылы кез келген адам осы сатыдан еш қиындықсыз өте алады.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!