Абай Құнанбайұлы – қазақ руханиятының шыңы. Алайда оның данышпандығы мен терең ойы өз заманының рухани ауыртпалығын арқалатты. Омар Жәлелдің айтуынша, Абайдың: «Мен шаршадым» деген сөзінің астарында үлкен қайғы мен жүктің салмағы жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«Тәуратта айтылғандай, адам саналы болған сайын, өмір соғұрлым ауырлай түседі. Бұл қағида Абайдың тағдырына дәл келеді. Абай өз заманындағы әлеуметтік, рухани және адамдық дағдарысты терең түсінді. Оның: «Кейде ақымақ болу – бақыт па деп ойлаймын» деуі жай сөз емес. Бұл – ұлы ақынның сана ауыртпалығынан шаршағанын көрсететін шынайы ішкі жанайқайы», — дейді ол.

Жалғыздық пен ауыр ойлардан қажыған Абай өзіне рухани тірек болған Құнанбайды есіне алады. Ол әкесінің басына барып, белбеуін мойнына салып: «Тәте, аруақ дер едің ғой. Мен шаршадым. Мені қасыңа ал» деп сұрайды. Бұл – Абайдың ең нәзік әрі ауыр сәттерінің бірі.

Омар Жәлелдің пайымынша, Абай бұл дүниеден саналы түрде қош айтысты. Ол елу тоғыз жасында: «Енді көтере алмаймын» деген күйге жетті. Бұл – жай ғана дене қажуы емес, бұл – ұлттың, елдің, адамның ауыртпалығын жүрекпен көтере алмаған дананың шындығы.

Қазіргі заманда Абай жайында көп адам пікір айтады, бірақ көбіне оның тереңдігін ұғынбайды. Абайдың өмір жолын түсіну үшін тек оқып, есте сақтау жеткіліксіз. Оны сезіну, ауыр жүгін түсіну қажет. Ол – қарапайым тұлға емес, рухани алып, өз халқы үшін жанын берген дана.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!