Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі рөлі, мемлекеттік қызметшілердің ұстанымдары мен қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін сақтауға ұмтылу қажеттігі айшықталған.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау талабы қойылады.
Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
Әдеп кодексіндегі нормалар ашық, халыққа қолжетімді мемлекеттік аппараттың қалыптасуына ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта қарапайым болуы,қоғамда белгіленген жалпы моральдық-әдептілік нормаларын сақтауы, заңнама талаптарын бұзбауы қажет.
Бұдан басқа қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған.
Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс делінсе, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс делінген.
Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуымыз қажет.
Гульмира Джурабекова, Қызылорда облысының Әділет департаментінің Әкімшілік бөлімінің бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
