Бала күні әулетте үлкен жиын бола қалса, төрдегі бас бөлмеге кіруге асығатынбыз. Онда үлкендер отырады, кіре қалсаң арқаңнан қағып, батасын беріп «Азамат бол!» дейтін. Астан асатып, бірнеше тілектерін арнап үлгеретін. Одан қалды үлкен астан кейін құман, легенімізді алып үлкендердің қолына су құятынбыз. Артынша көнекөз қариялар «Шырағың сөнбесін, айналайын» дейтін. Бұл – бала күнгі естеліктер.

Жай ғана естелік емес, есті естеліктер. Міне, одан ержетіп, «қала баласы» атанғанда біздің түсінікке қайшы, санамызға сыймайтын бір әдетті көрдік. Атадан «шырағың сөнбесін» деген абзал тілекті тыңдап өскен біз үшін торт шырағданын үрлеп өшіру бейәдеп көрінетін. Бұл – туған күн иесінің қатысуымен жүзеге асатын қазіргі дәстүрлі рәсім. Жаңа жасты толтырған жанға торт ұсынып, оған шырағдан жағып, тілегін тілеткізіп, әлгі шырақты өшіртеміз. Әрине, торт шырағымен бірге адам жанының шуақты шырағы сөнбеуі мүмкін. Дегенмен, сырттан келген сиқысыз салтты ғұрып көргеннен ата жолынан аяулы болған «Шырағың сөнбесін» деген бір ауыз сөз мерейлі, мейірімді көрінбей ме?! Тұрмысымызбен біте қайнасып кеткен осы секілді қайшы тірліктердің әдебі қайсы, қажеті қайсы, бүгінгі жазбада соған тоқталғым келеді.

Туған күнге келгенде тағы бір түсініксіз амалға барып жүргеніміз жасырын емес. Әлгі дүние қаншалықты дұрыс емес екенін біліп тұрсақ та, соншалықты белең алып бара жатыр. Туған күнінде «байғұстың» бетіне тұтас тортты лақтырып, артынша ұнмен әрлеп, жұмыртқаны басына шөкелеп жарамыз. Туған күнімен құттықтап жатқан емес, оны тап бір қолымызға түскен затпен жазалап жатқанға ұқсаймыз. Қош, бас жарылып, көз шығып жатқан ештеңесі жоқ, оның үстіне өзі де риза. Болған жайтты әлеуметтік желіге бөлісіп, салып қояды. Алайда ұлттық түсінігімізде обал, сауап, ысырап деген құндылықтар бар еді ғой… Ашаршылық уақыттары дәнді де талғажау етпеп пе еді, біздің бабаларымыз?! Осындайда орыс ойшылы Лев Толстойдың: «Мен адамдардың аштығынан емес, тоқшылығынан қорқамын. Қазіргі бұзақы әдеттердің барлығы аштықтан емес, тоқтықтан шығып жатқандығы белгілі» деген сөзі ойға оралады. Біреу тоңып секіреді, енді біреу тойып секіредінің кері келмесін. Құран Кәрімде ысырап ету туралы «…Жеңдер, ішіңдер әрі ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» және де «Негізінде ысырапшылар – шайтанның ағайындары. Ал, шайтан Раббысының игіліктерін мүлдем мойындамайды» делінген. Адами көзқараста да ысырап ету дұрыс саналмайтыны айтпасақ та белгілі.

Әдебімен жасасақ, қажетімізге жарар талай әдет-ғұрып жоқ емес. Солардың бірі – бала шыр етіп дүние келгеннен басталатын шілдехана, бесік той секілді думанды жиындар. Әр амалының астарында ғибрат бар ғұрыптың қазіргі бейнесі мүлде бөлек. Перзентхана маңында аспабын асынып, әнге салып, одан қалды қымбат көліктерді жалдап, жаңа босанған келіншек пен баласын дүркіретіп шығарып алатындардың қарасы қалың. Қош, біреудің қуанышын күндеуден аулақпыз. Дегенмен, қайғы мен қуаныш қатар жүретіні заңдылық емес пе? Әлгі жерде біреуі баласын аман-есен босанып жатса, енді біреу тоғыз ай көтерген шақалағынан айырылып, қайғыдан қан құсып жатқан жоқ па?! Сіздің дарылдатып қойған әуеніңіз бен салтанатыңыз қара жамылған екінші бір отбасының жүрегіне қаяу салмай ма?! Мұны кім ойлайды? Мұндайда қазекең «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» дейтін еді ғой…

Тек жоқты айтып, адамды түңілдірді демеңіз, бұл сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамның кемшін тұстары. Тағы бір қисынсызы –  жастар тойында көрсетіліп жүрген «Love Story». Сценарий былай басталады, кенеттен кездесіп қалған екі жас ессіз ғашық болып, сезім атты жолға түседі. Арты аймаласқан сюжеттерге ұласады. Қос ғашыққа сай көрініс болғанмен көпшіліктің көзінше тамашалайтын дүние ме бұл?! Ата-ене, жақын-жұрағаттың көзінше әйеліне сезімін ашық көрсету әдепке жата ма?

Әдебімізден жаңылып, қажетімізге кіріп кеткен қазіргі қоғамның тағы бір ерсі көрінісі  неке амалы. Мәһрден бастайық. Бірнеше ай бойы мәһрге қымбат үй, жоғары санаттағы көлік, бағасы балтырыңды сыздатып, ішіңді ашытатын алмас тасты алтын бұйымдар сұрайтын бойжеткендердің бейнежазбасы әлеуметтік желіде көптеп тарады. Иә, сыйлық құны 30-35 грамм алтын немесе соған шамалас қаражаттан кем болмау керек деген шарт шариғатымызда болғанмен «мынаншадан аспау керек» деген дүние жоқ. Бұл әйелдің ақылдылығы мен адамдық өлшеміне саятын іс. Ақылды әйел қажетіне жарайтын зат сұрайды. Асылында, мәһр сыйлығы алда-жалда азаматы бақиға бет бұрса, әйелдің күн көрісіне жарайтындай болу керек. Сол мұқтажын өтесе болғаны, айды сұраудың қажеті жоқ. Ал, сыйлықты міндеп жігіт алып бере алмаса азаматтығына сын. Үлкендерден сұрасақ, өткен уақытта ондай шектен тыс әрекеттер болмаған. Сонда бұл тойынғандықтың белгісі ме, әйтеуір түсініксіз.

Үйленіп, мәһрін сұрап, артынша Жаратқанның жарлығымен бойына бала бітіп, артымнан тізгін тартар ұлым немесе жіп иірер қызым өмірге келеді деген қуаныштың да әдебінен шығып кеткен секілдіміз. Келесі кезекте «Gender party» жайлы айтсақ.  Жас отбасының барлық досы жиналып, оларға баланың жынысын жасырады. Екеуі шар жарады, ішінен көк түс шықса ұл, қызыл түс шықса қыз деген белгі бар. Ал, біздің ұлттық түсінігімізде қалай еді? Үлкен енелер келіннің іші білініп, босанар уақытқа дейін жұрт көзінен тасалап, «көз тиеді, аман-есен босанып алсын» деп ырымдайтын еді. Бала босанғаннан кейін де қырық күн өткенше көзден, сөзден қоритын…

Бүгінгінің базынасы осындай, енді бізді көріп өскен жастардың жайы қалай болатынын пайымдаңыз. Телеарналарда, әлеуметтік желілердегі ашықтық осыған дәріптейтіндей. Бірі білер, бірі білмес,  «YouTube» хостингі арқылы бұқараға мәшһүр жобалардың бірі – «7я» ютуб сериалы бар. Тамашалауға тәуір дегеніңізбен, мұнда бейәдеп дүние көп және оған көз жұма қарау да ауыр. 

 «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» тәмсілінің бүгінгі бейнесі «Ел боламын десең, телеарнаңды түзе» дейтін уақытта теледидарға телмірген қоғамды, әлеуметтік желіге байланған бұқараны қайда бастап барады?

Асылында, әдебімізден айырылмай, қажетімізге керегін ғана тұтынған абзал секілді. Өткеннен нәр алмайтын, бүгінмен байланыспайтын, болашақпен қиылыспайтын осынау түсініксіз тұрмыстық амалдардың керегі қанша? Тұран даланың сан ғасырлық тұрғыны болған біздің дана халқымыздың ежелден келе жатқан, сындарлы сәттерден өтіп шындалған, өміршеңдігін дәлелдеген амал аз ба? Жоқ болса екен, «өзгенікін» өзімізге әкелетін… Мұның барлығы да ешбір жерде заң болып жазылмаған, кодекс болып қабылданбаған, тек адамдық пайымның өлшемінде ғана бекітілген ұстанымдар емес пе?!

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

фото ғаламтордан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!