Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Яғни, осыны ескере отыра, біз бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.

Кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлығына қойылатын талаптары халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеуліктерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.

Кодекстің «Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарты» атты үшінші бөлімінде, жоғарыда айтқандай, мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта қарапайым болуы, қоғамда белгіленген жалпы моральдық-әдептілік нормаларын сақтауы, заңнама талаптарын бұзбауы қажет деп көрсетілген.

Бұдан басқа қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс делінсе, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауға, дөрекілікке, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс делінген.

Сондықтан мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуы қажет.

Ұ.ОРАЗГЕЛДІ,
Қызылорда облысы Әділет департаменті
басшысының міндетін атқарушы,
Әдеп жөніндегі уәкіл

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!