Жуырда елдегі маңызды саяси науқанның бірі − референдум өтті. Бұл жолы да азаматтық қоғам өкілдері мен жастар ұйымдары сайлау учаскелеріндегі процесті бақылауға белсенді қатысты.
Солардың бірі – «Халық үні» жастар қозғалысы. Бақылаушылардың негізгі міндеті қандай? Осы тақырып жөнінде жастар қозғалысының бақылаушы координаторы Жанарыс Тубекбаевпен сұхбаттастық.
− Жанарыс, референдумға сіздердің тараптан неше бақылаушы қатысты?
− Рақмет, біздің басты мақсатымыз – еліміздегі саяси науқандардың әділ, ашық әрі заңды өтуіне жастардың үлесін қосу. 15 наурызда өткен референдумға «Халық үні» жастар қозғалысы азаматтық қоғамның белсенді өкілі және әділдіктің кепілі ретінде қатысты. Біздің басты рөліміз – дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ерікті түрде тәуелсіз бақылау жүргізу. Мақсатымыз – жастарды ел тағдырына бей-жай қарамауға шақыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және референдум барысында заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін сайлау учаскелерінде азаматтық бақылау ұйымдастыру.
Ел үшін маңызды күні біздің де мамандар жұмыс істеп, жалпы 107 участок қамтылды.
− Ал «Халық үніне» бақылаушылар қалай іріктеледі?
− «Халық үні» қозғалысында тәуелсіз бақылаушыларды іріктеу процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Әуелі еріктілерді қабылдау жүреді. Яғни ел болашағына алаңдайтын, 18 жасқа толған кез келген белсенді азамат өтінім қалдыра алады. Кейін арнайы оқыту жұмыстарын бастаймыз. Іріктелген еріктілер сайлау заңнамасы, бақылаушының құқықтары мен міндеттері, конфликт жағдайда өзін қалай ұстау керек екені бойынша семинар-тренингтерден өтеді. Заңнаманы жақсы меңгерген, объективті әрі бейтарап көзқарастағы кандидаттар іріктеліп алынады. Соңғы процесс, әрине, құжатқа байланысты. Тренингтен сәтті өткен еріктілерге референдум күні ресми түрде бақылау жасауға құқық беретін құжаттар (сенімхат, жолдама) табысталады.
− Олардың сайлау немесе референдум процесіндегі негізгі міндеттері қандай?
− Бақылаушылар – референдум немесе сайлау процесінің заңға сәйкес, әділ әрі ашық өтуін қадағалайтын, арнайы дайындықтан өткен тәуелсіз азаматтар. Біздің қозғалыста бақылаушылар бұл қызметті толықтай ерікті негізде атқарады.
Олардың негізгі қызметтеріне тоқталсам, сайлау учаскесі ашылғаннан бастап, дауыс санау аяқталғанға дейін процесті бастан-аяқ қадағалау, дауыс беру кезінде азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, бір адамның бірнеше рет дауыс беруі, үгіт-насихат материалдарының болуы секілді кез келген заңбұзушылықты тіркеп, сайлау комиссиясының төрағасына ескерту немесе тиісті актілер толтыру, дауыс санау процесінің ашықтығын бақылап, қорытынды хаттаманың көшірмесін алу.
Тәуелсіз бақылаушының жұмысы мен маңызын ысырып қою мүмкін емес. Себебі бақылаушылар референдум қорытындысына деген халықтың сенімін қалыптастырады. Бақылаушының учаскеде отыруының өзі түрлі құқық бұзушылықтар мен фальсификациялардың алдын алады. Сонымен қатар азаматтық қоғамның дамуына да әсер етеді. Бұл халықтың, әсіресе жастардың, саяси процестерге тікелей араласып, өз еліндегі шешімдерге ықпал ете алатынын көрсетеді. «Халық үні» сияқты қозғалыстардың еріктілері өз уақытын бөліп, мемлекеттің демократиялық дамуына нақты, іс жүзінде үлес қосады.
− Демек барлығы жіті бақыланады ғой?
− Иә, біздің тәуелсіз бақылаушылар процестің барлық кезеңін жіті назарда ұстайды. Мысалы учаске ашылғанда сайлау жәшіктерінің бос болуын және олардың көз алдында мөрленуін, әр сайлаушының тек өз жеке куәлігімен ғана бюллетень алуын, дауыс беру кабинасында құпиялылықтың сақталуын (кабинаға екі адамның кірмеуін), «карусель» (бір адамның бірнеше учаскеде дауыс беруі) немесе жәшікке бірден бірнеше бюллетень тастау сияқты бұзушылықтардың болмауын, жылжымалы жәшікпен кеткен комиссия мүшелерімен бірге барып, үйде дауыс берушілердің тізімге сәйкестігін тексеру секілді кезеңдерде бақылаушылар қырағы болу керек. Сонымен қатар дауыс санау кезінде жәшіктердің ашылуын, әрбір бюллетеньнің анық көрсетіліп саналуын және қорытынды хаттаманың дұрыс толтырылуын бақылайды.
– Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!