Цифрландыру дәуірінде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі де жаңа деңгейге көтерілуде. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі азаматтардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі порталында жасанды интеллект негізіндегі чат-бот қызметін іске қосты. Бұл – заң саласындағы кеңес беруді жеделдетуге және халыққа ыңғайлы етуге бағытталған заманауи цифрлық шешім.
Чат-бот – азаматтардың құқықтық сұрақтарына онлайн форматта жауап беретін сандық көмекші. Ол тәулік бойы жұмыс істейді және пайдаланушының сұрауына сәйкес заңнамалық ақпарат ұсынып, қажетті бағыт-бағдар береді. Бұрын құқықтық кеңес алу үшін мемлекеттік органға жүгіну немесе заңгер көмегіне жүгіну қажет болса, енді интернетке қосылған кез келген құрылғы арқылы қажетті мәліметті бірнеше минут ішінде алуға мүмкіндік бар. Жасанды интеллект негізінде құрылған жүйе азаматтық құқық, еңбек қатынастары, отбасы және неке, тұрғын үй, әлеуметтік төлемдер және өзге де құқықтық мәселелер бойынша ақпарат береді. Чат-боттың басты артықшылығы – ақпараттың жеделдігі мен қолжетімділігі. Пайдаланушы тіркелмей-ақ сұрақ қойып, қысқа уақыт ішінде жауап ала алады. Бұл әсіресе шалғай елді мекен тұрғындары үшін тиімді шешім болып отыр.
Аталған цифрлық құрал мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыруға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың заң талаптарын түсінуіне көмектеседі. Сонымен қатар, ол халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жеңілдетіп, уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрине, чат-бот ұсынған ақпарат кеңес сипатында екенін және күрделі жағдайларда білікті заңгерге жүгіну қажеттігін ескерген жөн. Дегенмен, бұл бастама – құқықтық кеңес беру жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам. Қорытындылай келе, «Әділет» порталындағы жасанды интеллект чат-боты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған тиімді цифрлық жоба. Ол заманауи технологияларды пайдалану арқылы құқықтық ақпаратты барынша қолжетімді етіп, әділет саласының дамуына серпін беруде.
Нұрдәурен Сабитұлы,
Қызылорда облысы
Әділет департаменті
қабылдау бөлімінің қоғамдық меңгерушісі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
