Жүрегі жылуға толы ана, болмысы нәзік әйел, ал қызметте заң мен әділеттің таразысын тең ұстап жүрген білікті маман. Бүгінгі кейіпкеріміз Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма аға прокуроры Мағрипа Алиева – осындай жан. Мереке қарсаңында 26 жыл еңбек өтілімі бар прокурормен жүздесіп, азды-көпті әңгімелестік.

− Мағрипа Жаксылыққызы, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын!

− Рақмет! Иә, көктемде мереке де, мейрам да көп. Қыстың ызғары мен аязы бәсеңдеп, айнала құлпыратын кез келді. Далаға қарап-ақ көңіл-күйің көтеріледі. Әлем де, әйел де құлпырады. Осы орайда әріптестерімді, жақындарымды, барлық қыз-келіншекті мерекемен құттықтаймын! Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді ғой. Әрқашан әдемі, сұлу, жадырап, жайнап жүріңіздер. Бақытты әйел болуға тілекшімін.

− Иә, осы айда демалыс көп. Десе де сіздің салада жауапкершіліктің жүгі ауыр. Демалысқа қарамай қызметке кірісетін жағдай жиі кездеседі. Айтыңызшы, қызметтегі ең қиыны не?

− Кез келген мамандықтың, жұмыстың оңайы жоқ. Журналистер де уақыт пен мезгілге қарамай, оқиғаның ауыры мен жеңіліне қарамастан жұмыс істейді. Яғни барлық саланың өз қызығы мен шыжығы бар. Бірақ сол қиындыққа төтеп беруге үйрендік, шыңдалдық, тәжірибе жинадық. Сондықтан оңай немесе қиын деп бөліп айта алмаймын.

Әйел. Қызмет. Әділет

− Арман мақсатқа жетелейді. Прокурор болуды мақсат етсеңіз, бұл таңдауға балалық арман жетелеген болар?

− Кішкентай кезімде ата-анама сот боламын деп жиі айтады екенмін. Өзім әділдікті өте жақсы көремін. Сол сөз артынан ертіп, армандап, оны мақсатқа айналдырып, сот боламын деп жоғары оқу орнына келдім. Алматыға табан тіреп, Абай атындағы мемлекеттік университетінде заң факультетінде білім алдым. Дипломы бар жас маман атанғаннан кейін бір жыл жұмыссыз жүрдім. Түрлі ұсыныс келді. Бірақ мансап жолымды прокуратурадан бастауды ұйғардым. Бір жылдан кейін Шиелі аудандық прокуратурасына прокурордың көмекшісі қызметіне тағайындалдым. Ауданда 11 жыл еңбек етіп, аудан прокурорының көмекшісі, аға көмекші болдым, кейін облыстық прокуратураға ауыстым. Тергеу қызметінде, азаматтық істер мен қылмыстық істерде сотқа қатысып, сондай-ақ арыз-шағымдарды қадағалайтын прокурор ретінде қызмет атқардым. Енді қазір Қызылорда облыстық прокуратурасының аппаратында жұмыс істеймін.

− Маман ретіндегі алғашқы жұмыс аптасы әлі де есіңізде болар?

− Иә, әрине. Кәсіби жолын енді ғана бастап, прокуратураға аяқ басқан жас маманмын. Ойыңда «қалай бастаймын?», «неден бастаймын?» деген толассыз сұрақтар, ал бойыңда қорқыныш пен қобалжу басым. Бірақ ұстаздарым жол көрсетіп, білмегенімді үйретіп, маман ретінде қалыптасуыма үлкен көмек көрсетті. Алғаш бірге қызмет атқарған прокурор ағаларымыз Болат Сыздықов, Әбдікәрім Абдуллаев есімді ұстаздарыма алғысым шексіз.

Ал сол кездегі істерді қазір қарасам кішкентай ғана жұмыс секілді көрінеді. Қайткенмен де біліктілігің артып, тәжірибе жинайсың, арада қанша уақыт өтті.

− Прокурор үшін ең басты құндылық не деп ойлайсыз?

− Заңға қарсы шықпау, заң тәртібін сақтау және тек әділеттіліктің жағында болу, таза сөйлеу, таза жүру, өтірік айтпау. Міне, мен үшін құндылық осы.

Әйел. Қызмет. Әділет

− Жұмыс барысында салқынқанды болу керек. Десе де біз адамбыз, әйелміз. Эмоцияға берілетін кез бола ма?

− Жасырып қайтемін, иә, ондай сәт болады. Тергеу саласындағы прокурор қызметін атқарған жылдары үстеліңе қанша іс келеді. Оның артында адамның өмірі, тағдыры, болашағы бар. Топ болып жасалған қылмыс, кісі өлімі, кәмелет жасқа толмағандардың құқығына қол сұғу секілді істерде эмоцияға берілесің. Бірақ мамандығымыз прокурор болғаннан кейін барынша ұстамды, сабырлы болуға тәрбиелейді.

− Біздің өңірде қандай құқықбұзушылық жиі орын алады?

− Бүгінде интернет алаяқтық өршіп тұр. Қазақстан бойынша да арбауға түскендердің саны көп. Былтыр кәмелет жасқа толмағандардың құқығына қол сұғушылық оқиғалары да белең алды. Осыған байланысты прокуратура үйлестіру орган ретінде бірқатар шараны қолға алып, құқық қорғау органдарымен бірге профилактикалық жұмыс жүргізді. Нәтижесінде өңірімізде осы қылмыстардың саны біршама төмендеді. Жиналыстар жиі өтіп, мектептер мен орталықтарда жастарға арналған ауқымды шаралар, кездесулер, заң талаптарын түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда интернет алаяқтыққа қарсы көп жұмыс жүргізіліп жатыр, қоғамды ақпараттандыру, алдын алу шараларын күшейту – басты мақсатымыз.

− Кінәлі адамды білесіз, бірақ дәлел жеткіліксіз. Мұндай жағдай жиі кездесе ме?

− Әрине, ондай сәттер болады. Адамның жасаған қылмысын дәлелдеу үшін қылмыстың нақты фактісі, құжаты, куәсі, дәлелдемелер, айғақтары толық болу керек. Кейде дәлел болмай немесе іс материалы жеткіліксіз болады. Қылмыскердің кінәсін білесің, бірақ дәлел аз. Мұндайда эмоция тұрғысынан да қиын. Мұндай жағдайда амал жоқ…

Бір істі толық аяқтауға шамамен 3 ай немесе 1 жылға дейін уақыт жұмсалады.

− Прокуратураны қаралаушы орган деп айтады. Мұндай стереотипке не себеп? Қалай ойлайсыз?

− Әуелі прокуратураның жалпы жұмысына тоқталайықшы. Бұл орган ел аумағындағы барлық заңның біркелкі қолданылуын қадағалайды. Прокурор дегеннің өзі негізінен «қадағалау» дегенді білдіреді. Ол заңның дұрыс қолданылуына ғана бағыт береді және азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуын қалпына келтіреді, арыз-шағымдар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізеді, уәждерін тыңдайды.

Ал «қаралаушы» дегенге келетін болсақ, көз алдыңызға сот процесін елестетіңізші. Бұл процесте сот, адвокат пен прокурор болады. Адвокат айыпталушыны қорғайды, ал прокурор мемлекеттің атынан сөйлейді, қаралайды, айыптайды. Міне осыдан кейін қоғамда «қаралаушы орган» деген түсінік қалыптасқан.

Ал шын мәнінде айыпталушыны қаралаудан бөлек, прокурордың сан жұмысы бар. Мысалы сотқа қатысатын прокурор бөлек, арыз-шағым бөліміндегі прокурорлар бөлек. Яғни бір органның ішінде әртүрлі салада прокурорлар жұмыс істейді. Олар сот процесіндегі жұмыстан бөлек, арыз-шағымдарды тексереді, арызды қанағаттандырады, арызданушының мәселесін шешеді. Яғни азаматтың құқығын қалпына келтіреді. Ендеше прокурор тек қаралаушы ма? Жоқ, керісінше оның құқығын қорғап тұр.

Мұнан бөлек қоғамдық мүдделерді қорғайтын прокурор бар. Денсаулық сақтау, білім саласы секілді мемлекеттік органдарда заңның дұрыс қолданылуын тексереді. Әкімдер дұрыс шешім шығарды ма, соттың үкімі, шешімі, қаулысы дұрыс па деген мәселеде де прокурор тиянақты жұмыс істейді. Егер қате шешім болса, прокурор апелляциялық өтінішхат жолдайды.

Міне, мұның барлығы тек қаралау емес. Керісінше, заңды қалпына келтіруші лауазымды тұлғаның қызметі емес пе?

Әйел. Қызмет. Әділет

− Осы салаға бет бұрғысы келетін жастарға, жас мамандарға айтарыңыз болса, мархабат…

− Ештеңеден қорықпау керек, армандадың ба, оны мақсатқа айналдыр және сол мақсатқа жету үшін еңбек ету керек. Өзіңе сенсең, біліміңе сенсең, алға жылжудан сескенбе! Егер прокуратураға келуді қалайтындар болса, әуелі мемлекеттік қызмет Агенттігінен арнайы тесттен өтеді. Кейін Аcтана қаласындағы Бас Прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына 6 айға оқуға жіберіледі. Академияда тәжірибе жинап, білім алып, погон тағып, жолдамамен жұмысқа орналасады.

Кейде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерімен кездесіп, сабақ өтеміз. Қай жерде жүрсем де, жұмысымды, біздің органның жұмысы жайлы жиі айтуға тырысып, студенттерді ынталандырамын.

Өндірістік тәжірибеден өтетіндердің басты сұрағы − жалақы. 2000 жылы еңбек жолым басталғанда алғашқы айлығым он бір мың теңге еді. Айлыққа қатты мән берудің қажеті жоқ екенін түсіндіремін. Себебі жоғары жалақы бірден болмайды. Оның барлығына уақыт пен тәжірибе қажет. Еңбектенсең, айлығың да көбейеді. Жұмыс істеуден қашпау керек, бастысы қорқынышқа бой алдырмаңыздар.

− Әйел ретінде сіздің ұстанымыз қандай?

− Әйел мықты жаратылыс. Демалуға, отбасыма уақыт бөлуге, жұмысты реттеуге, барлығына да үлгеруге тырысамын. Иә, жұмыстан кеш қайтатын жағдай болады. Ана болған соң балаларың үшін алаңдайсың. Десе де тамақтарын реттеп, екі жақты да қатар алып жүру қажет. Әйел қырық шырақты деп бекер айтпаса керек.

Сонымен қатар жұмыстағы барлық эмоцияны, уайым мен негативті үйге алып келмеу керек. Табалдырықтан аттаған бойда барлығын ұмытып, уақытымды жақындарыма арнаймын.

− Рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!