Адамзат атаулы адым аттағалы  алғашқы  аяжаны – анасы. Босағаны берік, отауына от беруші – әйел. Шаңыраққа шырай, жүзіңе нұрлы ай шашатын – оң жақ босағадағы ару. Әйелмен әлем әдемі. Қашан да керегенің беріктігін, уықтың “уызын” сақтаушы. Қаншама қадір-қасиеті бар кісілердің киесін түсініп жүрміз бе?

Сері жігіт сан сағат күткен қыздарымызды “санитаркаға” алмастырып, тазалықшы мен “Томирис” қыздарымызды шатастырып алғандаймыз. Аруға жасалатын жағдайға арудың жасайтын жағдайы артық бүгінде. Қазір қалай? Кешегі ғасырдан айырмашылығы неде?

 Өткен ғасырдың еншісіне оралсақ. Қыз баласы қашан да – қонақ. Ал, қазақта ең қадірменділердің басы – үйге ат басын тіреуші кісілер болған. Алдына ас-ауқат толы дастарқанын, жайлы жастығын, тіпті соңғы малын сойып беруден арланбаған. Осы тұста қонаққа көрсетілген құрметті көруге болады. Дәл осылай қыз баласына да жағдай жасалған. Құр сөзден гөрі мысал құп. Екі ер кісі арасында дөрекі диалог жүріп, жанынан бойжеткен өтіп бара жатқанда дереу сөз соңын суытатын. Себебі, қыз жүрегі нәзік, көңіліне кірбің түспеген пәк қалпында қалуы қажет деп есептелінетін. Қазақта тұрмыс құрмаған қыздың алар орны – төр. Жіпке тізсең, таң атады.

Ендігі кезек – нақ осы шақ. “Күйеуі зорлық-зомбылық көрсетуінен қаза болған, Өз-өзіне қол жұмсаған әйелдер, Алимент талап еткен аналар” секілді жаңалықтар топтамасы жетерлік. Қайсыбірін ақтарсаң да, қасиеті қашқан дәрменсіз ана-әпкелерді көруге болады. Мұндай жағдайға “жетелеген” не жайт?

Қоғам болып, қыздың, әйелдің, ананың орнын дұрыс қалыпта ұстамауымызда. Жауапкершілігін арттырып, мойнына ауыр жүкті байлап жөнелтуімізде. Қыздың назын естеп шығарып, наразылығына назар аудармауымызда. “Қызды қырық үйден тыюдың” тұспалын түсінбеуімізде. “Қыздың жолы – жіңішке” екенін тағы ұмытып, жуан жұмысқа жегуімізде. Әйел қауымын әбігер көріп, әлекке салуымызда жатыр. “Нәзікжандылар міндетті” деген қағиданы естен өшіру керек.

Қоғамнан кеткен қателік қашан да үлкен дағдарыстарға ұшыратады. Ал, ол олқылықтың әйелдер тарапына қатысы болса, ел болашағы бұлыңғыр деген сөз. Себебі, ел тағдыры  әйел тағдырына тең. Тікелей тығыз қатынаста. Қоғам құрымауы үшін қызды қорғау қажет! Нәзікжандыларымызды назардан тыс қалдырмайық!

Үміт БАЙТАСОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университеті

журналистика факультетінің       

  1 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!