«Жас сарбаздар» клубы

Арулардың қолына қару алып, Отанды қорғап жүргені жаңалық емес. Барлық уақытта ерлермен бірге иін тіресе, жауынгер әрі батыл әйелдер Ұлы дала кеңістігін қорғаған. Қазіргі тарихи кезеңде де тәуелсіз Қазақстанның армиясында көптеген әйелдер әскери қызмет етуде. Ал «әскерде қызмет ету – әйелдің ісі емес» деген ұғым орынсыз.

Көне тарихқа үңілетін болсақ, қазақ қоғамында және көшпенді көне түркілерде әйелдердің орны Еуропа және Шығыс қоғамына қарағанда, жоғары болған. Әйелдер отбасының сақтаушысы, балалардың анасы ретінде әлеуметтік рөлін орындағаны сөзсіз. Бұл ретте қажет болған жағдайда қолына қару алып, ерлермен бірге өз от- басын және Отанын қорғаған.

Қазақ әйелдері ерте жастан өзіндік дене дайындығынан өткен. Қыздарға ат үстіне отыруды, епті және күшті болуды үйреткен. Ер балалармен бірге ат жарысы – бәйгеге қатысқан, сонымен қатар «қыз қууда» олар негізгі қатысушылар болған.

Тарихта көптеген жауынгер қыздардың болғаны мәлім. Әсіресе, айқын мысал ретінде сақ патшайымдары Томирис пен Заринаны, Малайсары және Қабанбай батырлармен бірге жоңғарларға қарсы соғысқан Гауһарды, ағасы Кенесары ханмен бірге соғысқан Бопайды келтіруге болады. Неғұрлым жақын уақытта болған мысалдар – пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова, ұшқыш Хиуаз Доспанова, зенитші Ақима Ақжолова және басқа да Ұлы Отан соғысына көптеген қазақстандық әйелдер қатысқан.

Қазақстандық қоғамда армиядағыдай гендерлік теңдік қағидаты қатаң сақталады, сондықтан әйелдерге армияда ешқандай жеңілдік жоқ, қызметте бірінші кезекте олар – алдында бірқатар маңызды тапсырмалар тұрған әскери қызметшілер.

Әскери қызметтің қиын жағдайларына және үлкен жауапкершілікке қарамастан, еліміздің Қарулы Күштеріндегі әйелдер ерлермен қатар мансаптық сатымен жоғарылап, жоғары басшылық лауазымдарды атқарады.

Сөз соңында бүгінгі күні әйелдерсіз қазіргі армияны елестету мүмкін емес. Кейбір міндеттерді өздерінің психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне қарай ерлерге қарағанда, анағұрлым жауапты әрі тиімді орындайды, кейбір әскери кәсіптерді әлдеқашан таңдап, оларды атқаруда. Әйелдер анағұрлым күйзеліске төзімді және шыдамды. Жалпы, олар ерлерден кем қызмет атқармайды.

Медет НҰРМАҒАМБЕТОВ,
Алғашқы әскери және технологиялық
дайындық пәнінің
оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!