8 наурыз – бір күндік мерекелік дабыра мен қызылды-жасылды гүлдің ғана емес, жыл он екі ай бойы үнсіз еңбек етіп, шаңырақтың шырағын сөндірмей, қоғамның тамырына қан жүгіртіп жүрген әйелдердің тағдырына аялдайтын мезет. Бұл күн – нәзіктік ұғымын ғана емес, қайсарлық ұғымын да қамтиды. Себебі қазақ әйелінің болмысы тек мейіріммен өлшенбейді, ол маңдай термен, төзіммен, табандылықпен таразыланады.

Сол үнсіз еңбек иелерінің бірі – таңнан кешке дейін тыным таппай, нан цехында маңдай терін төгіп жүрген Гүлжаухар Дүйсенова. Оның есімі көпшілікке танымал болмауы мүмкін, алайда оның қолынан шыққан тәттілер талай отбасының дастарханының сәнін кіргізіп, әрін келтіріп жүр.

– Мен – қарапайым отбасынан шыққан жанмын. Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылында туып-өстім. Қазір Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының келінімін. Еңбекке ерте араластым. Жұмыс бойынша ұсыныс түскенде ойланбастан келістім. Себебі бұл сала – менің сүйікті жұмысым, әрі қолымнан келетінін де білдім, – дейді кейіпкеріміз.

Цехтағы жұмыс таңғы сегізден кеш қарайғанша жалғасады. Бір күнде тәттінің көптеген түрі дайындалады. Қарқын жоғары. Әр өнім уақытпен өлшенеді. Бірінің қамыры иленіп жатса, екіншісі пешке салынады, үшіншісі безендіріліп жатады. Мұның бәрі тиянақтылық пен шапшаңдықты талап етеді.

– Дүкен сөрелеріне жаңа піскен торттар және басқа да тәттілер шыққанда ерекше бір қуаныш сезімі пайда болады. Халықтың дастарханына үлес қосып жүргенімді сезіну – мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді ол.

Әйелдің қырық жаны бар

Өндірісте жүрген әйелдердің еңбегі көзге көрінбесе де, салмағы ауыр.

– Шынымды айтсам, кейде әйелдердің еңбегі толық бағаланбайды деп ойлаймын. «Әйелде қырық жан бар» деп бекер айтпаған. Әйел үй шаруасымен ғана емес, ауыр өндірісте де табысты жұмыс істей алатынын дәлелдеп жүр, – дейді кейіпкеріміз.

Гүлжаухар үшін отбасы – ең қымбат құндылық. Алайда ол әйел тек шаңырақтың шеңберінде қалуы тиіс деген түсінікпен келіспейді.

– Әйел үшін отбасы – басты құндылық. Бірақ бұл оның тек үйде отыруы керек дегенді білдірмейді. Қазіргі заманда әйелдер жан-жақты болуға тиіс: ана, жар, қызметкер. Әрине, оңай емес. Таңертең ерте жұмысқа кетіп, кеш келсе де үй шаруасына үлгеру – үлкен жауапкершілік. Бірақ отбасының қолдауы болса, бәрін де үйлестіруге болады. Әйелдің орны – өзі қалаған, өз қабілетін жүзеге асыра алатын жерде, – дейді ол.

Гүлжаухар – көпбалалы ана. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Балалары оның өмірге деген құлшынысын арттырып, алға жетелейтін басты себеп.

– Жолдасым Сәкен жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Табысымыз жаман емес, шүкір, Алла берекесін берсін. Ең бастысы – адал еңбекпен табылған нан, – дейді ол.

Әйелдің қырық жаны бар

Жаңадан ашылған цехтағы жағдай да көңіл қуантады. Заманауи құрал-жабдықтар орнатылған, жұмыс ресми түрде рәсімделген, жалақы тұрақты. Бұл да болса еңбек адамына деген құрметтің бір көрінісі.

Кез келген өндіріс жұмысы физикалық күшті талап етеді. Әсіресе әйел үшін.

– Алғашында өте қиын болды. Ұйқы режимін өзгерту, ерте тұру, физикалық жүктемеге бейімделу де уақытты талап етті. Аяғың талып шаршайсың. Бірақ уақыт өте келе үйреністім. Ең бастысы – дұрыс тамақтану, уақытында демалу. Психологиялық тұрғыдан кейде шаршау сезімі болады. Бірақ жұмыс нәтижесін көргенде, еңбегіңнің зая кетпегенін түсінгенде, бойыңа күш-қуат қайта келеді, – дейді Гүлжаухар.

Сырт көзге қарапайым көрінетін бұл тіршіліктің астарында үлкен табандылық жатыр. Таңнан кешке дейінгі қарбалас, бес баланың тәрбиесі, отбасының берекесі, ертеңгі күнге деген сенім бір адамның иығына жүктелген.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында гүл мен марапаттан бөлек, дәл осындай әйелдердің маңдай тері еленсе, талай нәзік жанның жүрегі жылып, еңбегінің бағалы екенін сезінер еді. Себебі қоғамның тынысы осындай еңбек адамдарымен өлшенеді.

Пештің ыстығына күймей, тұрмыстың тауқыметіне сынбай, шаңырағының шамын сөндірмей отырған Гүлжаухар Дүйсенова секілді әйелдің бейнесі бүгінгі қазақ әйелінің қайсар болмысын айқын көрсетеді. Оның өмір жолы қарапайым болғанымен, мазмұны терең. Ал адал еңбекпен өрілген өмір әрдайым құрметке лайық.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!