Әйкерім Есенәлі 15 жасында танымалдықтың дәмін сезіп, 17 жасында үлкен телеарнаға келген. Өзін қабылдамаған, дарынын мойындамаған адамдардың болғанын жасырмайды. Алайда тележүргізуші ретінде де, радио жүргізуші ретінде де тыңдарманы көп.
Бұл туралы “100 сұхбат” бағдарламасында айтылды.
Әйкерім Есенәлі Қызылорданың тумасы. Ата-анасы өмірден ерте өтті. Бойымда Кіші жүздің қаны бар дейді өзі. Бір қыздың анасы.
“Мен 15 жасымда Қызылордада “17 жастар” бағдарламасын өзім жүргіздім. Өзім сұранып барған едім. Мәтін жазсам дегенмін. Кейін өзім режиссер, өзім монтажер болдым. Өзім мәтін жазамын. Өзім жүргіземін. Солай 5 жыл жүрдім. Мені бәрі танsды. 15 жасымда жұлдыздықты сезіндім. Сыныптастарымды жақтырмағандай болдым. Мұғалімдермен дұрыс сөйлесе алмадым. Сондай кездер өтті. Жұлдыздықтан сол кезде өткенмін. Кейін бәрі басылды. Бәрі уақытымен болады”, – деді Есенәлі.
Айтуынша, қазақ менталитетінде баланың бетін қайтару көп. Ол бала ер жеткенде мінезіне әсер етеді.
“Маған көрші апа “даусың шәңкілдемей аузыңды жапшы” дейтін. Оның сөзі менің бойыма сіңіп қалған. Мен шынында да даусым жаман екен деп ойладым. Кейін жұлдыз болып, телеарна жүргізіп, бәрі менің даусымды бәрі жақсы көріп жүргенде телеарнадағы бір кісі “даусың жіңішке, сюжет оқыма” деді. Бала күнімде көрші апаның сөзі миыма қонып қалғандықтан даусым нашар екен деп ойладым. Бала күнгі жарақат. Сөйлей алмай қалдым. Не айтарымды білмедім. Ол кезде өзіме сенімді емес едім. Ал қазір даусым менің фишкам екенін білемін”, деді тележүргізуші.
Әйгерім өз бойындағы мықтылық, тұлғалық, әйелдік қасиеттің анасынан дарығанын айтады.
“Анам модель секілді еді. Денесі ірі болғанымен өте керемет әйел болды. Әкем өмірден ерте озды. Анам 5 баланы жеткізді. Ешкімнен кем қылмады. Кіші жүздің қызымын. Бойымда тік мінезім бар. Анамды ойласам, жылағым келеді. Бұл тақырыпта сөйлескім келмейді”, – деді ол.
Әйкерім бүгінді өзі де ана атанып отыр. Қызының әкесімен ажырасып кеткенімен бала тәрбиесінде бірдей үлгі көрсетуге тырысып жүр.
“Менің қызым қазір менің құрбым секілді. Қызыма бала кезден дұрыс жол көрсеткім келеді. Өзім білген қателіктерді жасағым келмейді. Ол үшін өзім дұрыс болу керекпін. Сонда бала мені қайталайды. Балам жесін деп өзің күйген нәрсені жеп отырсаң, ол өскенде өзі де соны қайталайды. Мен бұрын басқаша ойлайтынмын. Бәрі мені бала деп қабылдайтын. Мен жасымды жасыратынмын. Қазір 35 жастамын деп ашық айтамын. Менің түріме, даусыма қарап мені ешкім тұлға деп санамайтын. Сол үшін шашымды қысқарттым. Ересек көрінуге тырыстым. Ал қазір соның бәрі бекер екенін білемін. Себебі, мен ешкімге ұнауға, мойындатуға міндетті емеспін. Маған біреудің ойы маңызды емес. Мен өзімнің мықты екенімді білемін, өзімді жақсы көремін, өзіме сенімдімін. Басқалар дұрыс түсінсін деп бекерге тыраштанудың түк керегі жоқ”, – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!