Бала күнімде әкем екеуіміз балыққа баратынбыз. Ол уақытта мен әлі оң-солымды танып-білмегенмін. Суы тартылған үлкен арықтың ішінде таяз суды кешіп жүріп, шоршыған балықты қолмен ұстап алып, қапқа салу – мен үшін таусылмайтын қызықпен тең еді… Кейін есейе келе күз таяғанда тартылған күріштік алқаптың табанынан сары сазанды қапқа толтырып алып келетінмін. Бүгінде сол көріністі қағаз бетіне түсіру үшін сол бақытты балалық шаққа саяхат жасап отырмын… Бәлкім, әкенің балаға берер тәрбиесі ақылмен немесе мақұлмен емес, іс-әрекетпен өлшенетін болар…
Әке болу – оңай іс емес. Әке балаға тәрбие беру үшін отбасын асырау деген үлкен тіршіліктің қамытын кие жүріп, болмашы нәрсеге уақыт таба білу керек. Әйтпегенде, күні кеше экранға жол тартқан «Ерекше» деген фильмнің кейіпкері болып шыға келесіз…
– Балам, – деді көк тірәктірдің астында қара майға малынып жатқан әкем.
Ол кезде мен үшінші сыныпта оқитынмын. Оның әпер деген әрбір темірін тыраштанып, қинала әперіп тұрмын. Көбіне мұндай жерде ағам жүретін, ол болмаған кезде қолғабыс етуге мені шақырады. Сол тірәктірдің әрбір майда теміріне дейін таныс, өйткені, өзі қолдан жинап шыққан көлігі болатын.
– Егер де қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында үй көрмей, майға малшынып, мен секілді жүргің келмесе, білім ал. Оқы. Мен саған үміт артамын, – деп қысқа қайырды.
Маған осы бір ауыз сөз өмір бойы сабақ болды. Кейде тіпті, «ертең өлемін деп, бүгін өмір сүр» деген бір ауыз сөзі бүгін бітіруге болатын істі ертеңге қалдырмауға көп себін тигізетін. Әлі де өмірлік ұстанымда сол сөздің сарқыншағы қылаң беріп тұрады.
Өмірдің тек бейнетін көріп, зейнетін бізге қалдырған сол әкем 35 жасында өмір көрген, ақыл тоқтатқан болып көрінетін. Ал қазіргі 35-тегі азаматтың бірі өзім ғой. Кейде сол әкенің жеткен биігіне жете алмағаным ба деп таңданатыным да бар.
Өмірде сенің биікті бағындырып, шыңға шығуыңа тілекші ең бірінші адам, ол – сенің әкең. Бала да солай әкесінің бәрінен мықты болуын қалап, тілеп тұрады. Өйткені, осы екі тұлға бір-бірімен мақтанады. Менің түсінігімде солай. Көлікті оталдырып, қармақтарды салдым да, бұғанасы қатпаған екі ұлды қасыма ертіп алдым.
– Қайда барамыз? – деді тентектеу кенже ұл.
– Бүгін біз уақытты бірге өткіземіз.
Олар таңырқап қалды. Жұмыстан кейін шаршап жатып қаламыз. Таң қылаң бере көзімізді тырнап ашып, жұмысқа келеміз. Ал сенбі-жексенбіні өмірі таусылмайтын үйдің тіршілігіне, ауыр жұмыстарға жұмсаймыз. Ал аптаның алғашқы күнінде сілелеп жұмысқа келіп, таң атпай қажып отырасың. Біз өзімізді аямайтын осындай елміз. Өтірік деп көріңізші. Айта алмайсыз, өйткені, сіздің де күн тәртібіңіз дәл осылай.
Балаларды алып, көл басына келдім. Тып-тынық. Құлаққа ұрған тыныштық. Әр жерден құйрығын бұлғаңдатып, ойнаған балықты ғана байқайсың. Әлсін-әлсін қаз-үйрек қанатын қағып, төбеңнен ұшып бара жатады.
– Әке, бұл көлдің аты қандай? Мұндай барын білмеппін, – деді қармағын суға лақтырып жатып үлкен ұл.
– Балам, біздің ауылда Қоғалыкөлден басқа жиырмадан астам көл бар. Оның әрбірінің өз тарихы бар. Мәселен, Қоғалыкөл – ертеректе ауылды топан су басып, содан ой жерге су жиналып қалғаннан пайда болған. Ал Алақашар – кезінде екі ауыл жерге таласып, соңында төрелік ететіндер мына жерге кім су әкелсе, соныкі болсын деген екен. Нәтижесінде су әкелген ағайын қуанып, осы жерге ала қашар ды құрбандыққа шалады. Атауы осылай пайда болған деседі. Мұнан өзге Сейдеке, Кіндіккөл, Астаукөл, Базарқұл тәрізді көлдер бар. Ал біз отырған көлдің аты – Жирен тай.
Салмақты сөзге байыппен қараған қос ұл қармағына көз тастады.
Иә, балаға кейде қымбат бұйым, киім әпергеніңмен есінде қалмайсың. Оның қасында жақсы бір уақыт өткізіп, елінің тарихын санасына сіңіріп отырсаң, туған жерін сүйетін перзент етіп тәрбиелейсің. Әрі балық аулап, демалған сәтін ешқашан ұмытпайды. Бала тәрбиесі тек ақыл айтып, мынау дұрыс, мынау бұрыс дегеннен тұр майды. Бала тәрбиесі – әрекетіңмен үлгі болу, ненің не, кімнің кім екенін ұғындыру. Әйтпесе, сиыр мен жылқыны тек хайуанаттар бағы мен кітаптан көріп жүрген кейінгі ұрпақты тірлікке бейімдеп, балға ұстап, шеге қақтыру қиын. Ол үшін сол аспапты әуелі өзің қолыңа алуың керек.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
