Жаһандану дәуірінде электронды сағатты қолданбайтын жастар кем де кем. Бірақ 1986 жылдан бері сағат ісімен айналысып келе жатқан Бақытжан Саду «Смарт сағат – сағат емес, тек электронды гаджет» дейді. Бізге шебермен уақыт, кәсіп, ұрпақ сабақтастығы және жаңа заман туралы терең сұхбаттасудың сәті түсті.

– Бақытжан аға, сағат жөндеу ісіне қалай келдіңіз? Бұл сала сізді несімен баурап алды?

– Сағат жөндеу менің қанымда бар десем де болады. Себебі менің әкем сағат жөндеудің майталманы болды. Ес білгелі әкемнің шеберханасында түрлі сағат пен сағат бөлшектерінің арасында өстім. Әкемнің қасынан шықпай, түсінбесем де «о немене, бұ немене?» деп оң жағынан бір, сол жағынан бір шығып, біраз дүние үйрендім. Мектеп оқып жүрген шағымда қызығушылығымды байқаған әкем сағат жөндеуші шебер досына шәкірт ретінде мені тапсырып, оқытты. Екі жыл шебердің қолында оқушы болып сағат жөндеудің қыр-сырларын толықтай меңгеріп алдым. 1986 жылдан бастап әкем секілді сағат жөндеудің «мастері» болдым. Міне, сол жылдан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Зымыраған уақыт-ай… Жас кезімде басталған қызығушылық кейін бір мамандыққа, мамандықтан өмірлік жолыма айналды. Бұл жай мамандық емес, әкеден балаға мирас ретінде табысталған кәсіп еді. Әкемнен кейін ағам да, мен де осы салада еңбек етіп келеміз.

Кішкентай күнімнен әкемнің сағат жөндеп отырған көрінісі маған ұлы тұлғалардың пошымындай үлгі көрінетін. Ағам екеуміз бұрышта қызығып қарап отырамыз. Сонда әкем қасына шақырып, «Міне, уақыттың жүрек соғысы» деп өзі жөндеген сағаттың тықылдаған дауысын тыңдататын. Сол сөз бала күнімнен әліге дейін жадымда. Әкемнің тоқтап қалған сағатты қайта жүргізуі маған құдды бір әлемде тоқтаған уақытты қайта жүргізгендей құдіретті іс секілді көрінетін. Бұл құдіретті іс осылай мені өзіне баурап алды.

– Қазір жаңа технология дамып, смарт сағаттар қолданыста кең тарауда. Бұл кәсібіңізге кедергі келтірмеді ме?

– Иә, кейінгі жылдары «смарт сағатты» көп адамның қолынан көретін болдым. Немерелерім де адымды санайды, жүрек соғысын бақылайды деп тағып алады. Бірақ шындығына келсек, олардың тағып жүргені сағат емес – электронды гаджет. Ол уақытты көрсеткенімен, сағат болу үшін оның ішінде механизм жүруі керек. Ол соғуы керек, жүрегі болу қажет. Электронды гаджетте кішкентай чип орнатылған. Оны механизммен алмастыра алмайсың. Кейде жұрт сен секілді келіп дәл өзің қойған сұрақты қояды. Мен болсам әрдайым бір жауапты айтудан шаршаған емеспін: «Электронды сағаттардың шығуы менің кәсібімді тоқтатқан емес. Сағат тоқтаса да, уақыт тоқтамайды. Ал уақыт бар жерде оған адал қызмет ететін адамдар керек!»

Электронды сағат – уақытты көрсетеді. Ал механикалық сағат – уақыттың өзі. Оның ішінде ұсақ бөлшекті механика ғана емес, шебердің еңбегі мен махаббаты бар. Бала күнімде жұрт: «сағат жөндеу ісі өледі» дейтін. Қазір де сол сөз. Бірақ мен әлі осындамын. Себебі сағат жөндеу – мамандықтан бұрын мәдениет. Ол өлмейді, тек бағалаушылар азаюы мүмкін.

– Жөндеу кезінде кішкентай детальдарға аса мұқият болу қажет. Бұл сіздің мінезіңізге әсер етті ме?

– Әрине мінезге әсер етпей қоймайды. Шебер қолында шәкірт болып жүрген шағымда мектепте оқып жүрген бозбала едім. Ол кезде қол жылдам, ой асығыс, мінез қызба, тік еді. Бірақ сағатпен жұмыс істеу бұл мінездерді көтермеді. Кішкентай тетікті байқамай түртіп алсаң бітті дей бер. Асығыстықпен жасаймын деп бір кішкентай бөлшектен қателессең, тұтас механизм тоқтайды.

Сағат жөндеу ісі менің мінезімді қалыптастырды, мені ұқыпты болуға, асықпауға, әр әрекетіңді жоспарлап ойлап істеуге үйретті. Қолыңа сағатты алғанда, сен тек темірді ұстап тұрған жоқсың, клиенттің саған деген сенімін, мүмкін, менің кәсібім секілді атадан балаға мұра болып келе жатқан құнды жәдігерді ұстап тұруың мүмкін. Сондықтан шебердің сағатты темір ұстағандай салғырт қарауына болмайды.

Кейде жұрт «Сіз асықпайсыз» дейді. Мен бұған жай ғана күлемін. Себебі бұл менің табиғатымнан емес, уақытпен жұмыс істегеннен дарыған қасиет. Сағат сені өзі тәрбиелейді екен.

– Сіздің ойыңызша сағат тек уақыт көрсеткіші ме, әлде біз білмейтін, одан да терең мағынасы бар ма?

– Жоқ, шырағым, сағат тек уақыт көрсететін құрал емес. Егер сағаттың бар қызметі – уақытты көрсету ғана десек, оны телефоныңнан да, теледидардан да, көліктен де көре аласың. Онда неге адамдар үйде қабырға сағатты, түзде қол сағатты пайдаланады? Ескі тозығы жеткен сағатты тастай салмай неге қайта- қайта жөндеткісі келеді? Себебі сағат – уақытты ғана көрсететін құрал емес, уақытты сақтайтын зат.

Сағат – адамның өмір жолының куәсі. Менің алдыма келетін адамның көбі сағатты жөндетуге емес, бір естелікті тірілтуге келеді. Кішкентай күнімде әкем «Сағатты бұзу оңай, бірақ қайта тірілту үшін сезіне отырып жөндеу қажет» деп отыратын. Мен бұл сөздің мағынасын кейін түсіндім. Сағат – тек темір мен шыныдан жасалған уақыт көрсеткіш құрал ғана емес, естелікке толы уақыттың көрінісі.

Ол адамға уақыттың қадірін үйретеді. Қол сағаты бар адам үнемі сағатына қараумен болып, уақытты басқаруды үйренеді. Уақытты басқара алған адам нәтижеге жылдам жетеді. Сондықтан уақыт – естелік, тарих, құнды байлық. Сағат тілі көрсеткен санға ғана қарамай, уақыттың мәніне терең бару керек.

– Бақытжан аға, әкеңіздің кәсіп жолын сіз жалғап келесіз. Сіздің ізді балаларыңыз жалғастырамын демей ме? Сағат жөндеу ісіне қызығып, шебер болғысы келетін жастар бар ма?

– Дұрыс айтасың, бұл кәсіп біздің әулетке жат емес. Әкем сағат жөндеп жүріп отбасын асырады. Ағам екеуміз де сол көшке ілесе кеттік. Сағаттың бөлшектерін ойыншық қылып ойнаған балалар, бүгін шебер. Ал енді бұл дәстүрді балам жалғай ма…

Жоқ, жалғағысы келмейді. Қазір жұрт айтқан, анау не деуші еді, «айтишник» дей ме, сол боламын дейді. Әке жолын іліп алар деп кішкентайынан шеберханаға ертіп жүрдім. Қызықпады. Ештеңе демеймін. Заманы басқа, қызығушылығы да бөлек. Отбасымызда сағат жөндеу шебері менімен тоқтайтын секілді.

Қазір сағат жөндеу ісін балам жалғастырмаса да басқа жас шебер іздестіріп жүрмін. Бірақ шын ниет- пен келіп «үйретіңізші» деген бір жас болмады. Көп адам сағат жөндеуді – ескі қолөнер, табысы аз, майда- шүйдемен айналысатын кәсіп ретінде қарайды. Жан тыныштығын табатын еңбек екенін сезбейді. Қазір сағат жөндеу – мамандық емес, аманат сияқты болып қалды. Мүмкін, бір күні ізімді жалғастырар шәкірт табылып қалар…

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!