Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік Кодексі азаматтардың құқығын қорғаумен қатар, жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдар арасында туындаған дауларда теңсіздікті жоюға бағытталған.

Аталған кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Кодексте жария-құқықтық қатынастардан туындайтын бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап ретінде әкімшілік талап ұғымы көзделген. Осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары мемлекеттік, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар болып табылады.

Бұл кодекс азаматтарға мемлекеттік органмен дауды сотқа дейін де шешуге мүмкіндік береді. Яғни, уәкілетті органның актісімен немесе шешімімен келіспейтін азаматқа заңды құқықтарын қорғау мақсатында  дәлелдемелерді ұсынуға мүмкіндік беріледі.

Мысалы, адам сауда-саттықпен айналысуға рұқсат алды, бірақ мемлекеттік орган мұндай қызметті жүзеге асыру тәртібін бұзуды анықтады және тиісті рұқсатты қайтарып алмақшы.  Кодекске сәйкес, берілген рұқсат қағазды дереу кері қайтарып алуға болмайды.  Бұл ретте адамға туындаған жағдайды түзетуге және қажетті құжаттарды мемлекеттік органға жеткізуге мүмкіндік беріледі.

Егер азамат мемлекеттік органның шешіміне қанағаттанбаса немесе онымен келіспесе, оның бұзылған заңды құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.

Уәкілетті органның әкімшілік іс жүргізу бойынша әрекетіне келіспеген жағдайда, азамат 44-тарауда белгіленген тәртіппен әкімшілік сотқа шағымдануға құқылы. Алайда, қарапайым азаматтың күші мемлекеттік аппараттың күшімен пропорционалды емес және салыстыруға келмейді. Ал жаңа әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қарапайым халыққа өз мүддесін, құқықтарын қорғауға заң аясында көмегін береді.

Қолданыстағы әкімшілік кодекс бойынша сот істерді қарап, шешім қабылдау кезінде тек іс тараптарымен берілген дәлелдемелермен шектеледі. Ал жаңа заңнама бойынша судья қажет туындаған жағдайда істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратып, дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға құзырлы. Бұл да қарапайым азаматтар құқығын мінсіз қорғаудың бір тетігі.

Мысалы, талапкер сотқа жергілікті мемлекеттік органның актісімен немесе қаулысымен келіспеу туралы талаппен жүгінеді, оған өз жағынан тек шағым беруі керек, ол құқықтарының бұзылғандығын дәлелдейтін мәліметтерді жинақтап, сотқа ұсынуға міндетті емес, керісінше талапкермен заң бұзылғанын дәлелдейтін мәліметтерді сотқа ұсыну міндеті шағымдалып жатқан шешімді қабылдаған уәкілтті органға жүктеледі.

Осылайша, сот талқылауында іс бойынша екі жақтың күштері тең болатын алаң құрылады. Бұл осы Кодекстің негізгі принциптері. Сонымен қатар, бұл кодекс дауды бір мәмілеге келіп шешуді, сондай-ақ істі парасатты және рационалды мерзімде қарауды, талаптарды қарау рәсімін жеңілдетуді, сондай-ақ сот бақылауына сот шешімінің орындалуы жүктеледі.

Ғ.Бекмамбетов,

 Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!