Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тәжірибеде қолдану мәселелері кеңінен талқыланды. Осыған орай аталған өзгерістердің құқықтық мәні мен оларды қолданудың ерекшеліктері жөнінде Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Айгүл Ауелбекқызы түсініктеме берді.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістердің негізгі бағыттары жайлы айтып берсеңіз…
− Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге және әкімшілік жауапкершілік шараларын саралау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Бұл өзгерістер әкімшілік жазалардың мазмұнын қайта қарастырып, олардың тек жазалаушы емес, алдын алу және тәрбиелік сипатын күшейтуге негізделген.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі 49-1 және 49-2 баптарымен толықтырылып, әкімшілік жаза түрлерінің қатарына қоғамдық жұмыстар енгізілді. Бұл соттарға әрбір істің нақты мән-жайын ескере отырып, неғұрлым теңгерімді және мақсатқа сай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
– Қоғамдық жұмыстар әкімшілік жаза ретінде қандай мақсатта енгізілді?
− Қоғамдық жұмыстарды әкімшілік жаза ретінде енгізудің негізгі мақсаты – құқық бұзушыға қолданылатын жауапкершілік шараларын әртараптандыру. Бұл жаза түрі құқық бұзушыны қоғамнан оқшаулауды көздемейді, керісінше оны қоғамдық пайдалы еңбекке тарта отырып, заң талаптарын сақтаудың маңызын ұғындыруға бағытталған.
Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарайыппұл салу немесе әкімшілік қамауға алу әрдайым тиімді бола бермейтін жағдайларда балама шара ретінде қарастырылады. Бұл, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қатысты істерде немесе құқық бұзушылықтың ауырлық дәрежесі төмен болған жағдайда маңызды.
– Аталған жаза түрін тәжірибеде қолдануда қандай ерекшеліктер бар?
− Қоғамдық жұмыстар сот қаулысымен ғана тағайындалады және оны орындау тәртібі заңнамада нақты белгіленген. Сот бұл жаза түрін қолдану кезінде істің барлық мән-жайын жан- жақты зерттеп, құқық бұзушының жеке басына, оның әлеуметтік жағдайына, еңбекке қабілеттілігіне, бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылу-тартылмауына, сондай-ақ жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік деңгейіне ерекше назар аударады.
Жаза тағайындау кезінде әділеттілік пен пропорционалдылық қағидаттары басшылыққа алынады. Қоғамдық жұмыстар, негізінен, ұсақ құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салу немесе әкімшілік қамауға алу орынсыз деп танылған жағдайларда қолданылады.
Қоғамдық жұмыстарды орындау жергілікті атқарушы органдар айқындаған ұйымдарда жүзеге асырылады және олардың орындалуы уәкілетті органдар тарапынан бақылауға алынады. Сот қаулысын орындамау немесе жалтару заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
– Отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықтар бойынша қандай өзгерістер енгізілді?
− Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілік едәуір нақты әрі қатаң сипат алды. Бұл өзгерістер отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау және тұрмыстық жанжалдардың ушығуына жол бермеу мақсатында қабылданды.
Сот мұндай істерді қарау барысында тараптардың уәждерін, құқық бұзушылықтың салдарын, жәбірленушіге келтірілген моральдық және психологиялық зиянды, сондай-ақ істің барлық нақты жағдайын мұқият талдайды. Бұл бағыттағы істерге формальды көзқарасқа жол берілмейді.
– Ұсақ құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің күшейтілуі немен байланысты?
− Ұсақ құқық бұзушылықтар қоғамдық тәртіпке, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін әрекеттер қатарына жатады. Мұндай құқық бұзушылықтарға уақытылы және тиісті құқықтық баға берілмеген жағдайда, олар жүйелі сипат алып, ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Сондықтан заңнамада бұл санаттағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті нақтылау және күшейту көзделген. Бұл соттарға құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында пәрменді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
– Заңнамадағы бұл өзгерістер сот тәжірибесіне қандай талаптар қояды?
− Енгізілген өзгерістер соттан әрбір істі қарау кезінде құқықтық нормаларды дәл және біркелкі қолдануды, істің мән-жайын жан-жақты зерделеуді талап етеді. Әкімшілік жаза құқық бұзушылықтың сипатына, оның салдарына және тұлғаның жеке ерекшеліктеріне сай тағайындалуы тиіс.
Сонымен қатар сот үшін әкімшілік жазаның заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басты міндет болып қала береді.
– Қорытынды ретінде азаматтарға қандай үндеу айтасыз?
− Әрбір азамат заң талаптарын сақтауға, қоғамдағы тәртіп пен өзара сыйластық қағидаттарын құрметтеуге міндетті. Әкімшілік заңнамаға енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Заңды сақтау – әр азаматтың міндеті ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігі екенін ұмытпау қажет.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Ләйла ӘБДУӘЛИ,
Қызылорда қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының
жетекші маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!