Әлемде азық-түлік бағасының индексі 12,6 пайызға өсіп, тарихи рекорд орнатты. Бұл туралы БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы сайтында жазылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Наурыз айында индекстің орташа көрсеткіші 159,3 пунктті құрады. Ол ақпан айымен салыстырғанда 17,9 пунктіге жоғары. Индекс құрылған 1990 жылдан бастап ең жоғары көрсеткіш тіркелді.
Бұл өсімдік майларының, астықтың, еттің, қант пен сүт өнімдері бағасының рекордты көрсеткішке дейін көтерілуімен байланысты болып отыр.
Астық құнының индексі наурыз айында 17,1 пайызға жоғарылады. Ол Украинадағы соғыстың салдарынан бидай мен жем-шөп құнының өсуімен байланысты.
Ал бидай бағасы бір ай ішінде 19,7 пайызға, жүгерінікі — 19,1 пайызға өсті (рекордты көрсеткіш). Өсімдік майлары құнының индексі – 23,2 пайызға, қант — 6,7 пайызға, ет – 4,8 пайызға ал сүт өнімдері – 2,6 пайызға артты.
Ақпан айында еурозонадағы тұтынушылық бағалар жылдық есеппен 5,8 пайызға көтерілді. Бұл қаңтар айындағы көрсеткішті (5,1 пайыз) жаңалады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!