Ана – өмірдің бастау бұлағы, адамзаттың ұлы қайнары. Әлемге жарық сыйлап, мейірім шашып тұрған ана жүрегі арқылы ғаламның тынысы тірі. Ол әрбір адам үшін ерекше тұлға, себебі ана мейірімі – ең кіршіксіз, таза, шынайы махаббаттың көрінісі.
Бұл ұғым терең әрі қасиетті. Ол жай ғана өмір сыйлаған тұлға емес, сүйіспеншілік, даналық пен шыдамдылықтың символы. Ана өзінің баласына мейіріммен қарағанда, дүние оның жылы алақанымен бірге бір сәтке тыныштық тапқандай болады. Әрбір ана өз баласын әлемнің бар сұрапылынан, қиындығынан қорғауға даяр тұрады.
Ана махаббаты – шексіз. Ол баласының әрбір қадамын, жетістігін қуана қабылдайды, әрбір сәтсіздігінде жаны ашиды, оның жан жарасын емдейді. Осы мейірбан көңіл, кіршіксіз ниеттің арқасында балалар күш-жігер жинап, өмір жолында сеніммен алға жылжиды. Ана тәрбиесі – мәдениет пен ұлттық құндылықтың негізі.
Әрбір халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі ана арқылы беріліп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Қазақ халқы үшін ана – отбасының ұйытқысы, отағасы мен балаларының арқауы, үйдің берекесі. Ол қазақ қызына тән инабаттылық, қонақжайлық, сабырлылық, алғыс айту және кешірімділік қасиеттерін бойына сіңіреді. Ана өз өнегесімен балаларын дұрыс жолға бағыттап, туған тілдің әуезділігін, дәстүр мен мәдениетті, ұлттық құндылықтарды бойларына дарытады.
Әлемдегі ең ауыр жұмыс – ана еңбегі дер едік. Өмірге сәби әкеліп, оның әрбір қадамын бақылап, қамқорлығын жасап, оның өмір сүруіне барлық жағдайды қамтамасыз етеді. Ана ұйқысыз түндерді өткереді, баласының жай-күйіне алаңдап, оның өмірдегі орнын тапқанын армандайды. Еңбегі еленбесе де, бұл ана үшін басты мақсат емес, себебі ол өз баласының бақыты үшін өмір сүреді. Оның ешкімнен алғыс та, марапат та күтпейтін, тек өзінің отбасын бақытты етуі – ана еңбегінің ұлылығының бір белгісі.
Ананың сөзі – өмір сабағы. Оның кеңестері әрқашан ақылға қонымды, себебі ол өмір тәжірибесімен келген даналыққа негізделген. Ол балаға жай ғана кеңес бермейді, баланың өмір жолында қандай қателіктерден аулақ болу керек екенін алдын ала сезіп, бағыт көрсетеді. Әсіресе, қазақ отбасында ана тәрбиесі ерекше маңызды рөл атқарады. Ол қыз балаға болашақта үлгілі жар, қамқор ана, ибалы келін болуды, ал ұл балаға адал, еңбексүйгіш болуды үйретеді.
Әр адам анасының алдында мәңгі қарыздар. Ана мейірімі – шексіз мұхит тәрізді, ол адамға өмірбойы сүйіспеншілік пен жылылық сыйлайды. Сондықтан әрбір жан анаға құрмет көрсетіп, оның үмітін ақтап, мейіріміне лайықты болуға тырысуы керек. Өйткені, «Әлемді әлдилеген анажан» деп аталатын қасиетті ұғымның негізінде әр адамның жүрегінде мәңгілік орын алған махаббат жатыр.
Нұрислам БАХТИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!