ІТ менеджментін меңгерген, сандық технологияның ортасында жүрген Аружан Төлепованың өмірін қарапайым қалам өзгертіп жібереді деп кім ойлаған?

2020 жылы интернеттен кездейсоқ көрген каллиграфия өнері оның жүрегіне бірден жол тапқан. Әуелде хобби еді, бірақ жай әуестік сүйікті іске айналып, Аружан каллиграф ретінде таныла бастады.

Жасы небәрі 24-те болса да, оның жазуы Қазақстаннан асып, шетелдік компанияларға дейін жеткен. Dior, Givenchy, Guerlain, Louis Vuitton, Chanel секілді әлемдік брендтер арнайы хат жазуға ұсыныс білдіріп, жекелеген коллекцияларын каллиграфиямен әрлеуге тапсырыс беруде.

− Желіге каллиграфиялық жұмыстарымды жариялап тұратынмын. Бірде Француз үйінен хабарласып, ашықхаттар жазуға шақырды. Ол хабарламаны оқығанда сенер-сенбесімді білмедім. Бұл менің өмірімдегі жаңа кезеңнің бастауы болды, – дейді Аружан. Оның каллиграфиялық картиналары 50 000-150 000 теңге аралығында бағаланады, ал каллиграф ретіндегі бір күндік қызметі шамамен 60 000 теңдеген басталады.

Әлемдік брендтің назарын аударған қазақ қызы

Сұхбаттарының бірінде ол:

− 2020 жылы бұл өнерді интернет желісінен көріп, қызығушылығым оянды. Instagram арқылы каллиграфия өнерінің бар екенін білдім. Түрлі шетелдік каллиграфтың жұмыстары шабыт сыйлады. Осылайша, онлайн білім алдым. Алғашында жай ғана жақсы көріп, сұлулығына қызығып, хобби ретінде айналыстым. Жазып отырып уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынмын, − деген еді.

Аружанның жазуына, жұмысына қарап танымал брендтердің не үшін қызығатынын бірден байқауға болады. Параққа түсірген әр сызықтың орны бөлек. Автоматтандырылған робот пен түрлі шрифтке қарағанда адам тартарлықтай қасиеті бар. Оның айтуынша, мұндай өнерді кез келген адам, кез келген жаста үйрене алады.

− Маңыздысы – шынайы қызығушылық пен еңбек және тәжірибе. Жазуыңыз нашар болса да, суретке қабілетіңіз болмаса да, мүлде жазу-сызу өнерінен алшақ адам болсаңыз да үйреніп кетуіңіз мүмкін. Каллиграфияны үйрену жас талғамайды. Маңыздысы – дұрыс ұстаз табу және өзіңнің бар ықыласыңды салып, беріліп жасау. Үйрену уақыты әркімде әртүрлі. Мысалы менің 5 жылдық тәжірибем болса да, әлі де өнердің шыңындамын, болдым-толдым деп айта алмаймын. Уақыт өткен сайын, тәжірибе жинақталып, жазу әдемі бола береді. Бір бастаған соң тоқтамайсың. Себебі бұл өнердің шегі жоқ, − дейді каллиграф.

Әлемдік брендтің назарын аударған қазақ қызы

Каллиграфия – жай ғана әдемі жазу емес. Бұл – адамның ішкі тынысын, эмоциясын, талғамын көрсететін нәзік тіл. Ежелгі Қытай мен Жапонияда бір иероглифтің қалай жазылғаны адамның мінезін, тәрбиесін, тіпті дүниетанымын танытатын өлшем болған.

Бүгінде де каллиграфия мәнін жоғалтқан жоқ. Қаламды қолына алған әрбір адам әріптің ішкі ырғағын сезініп, жазу арқылы өз ойын жинақтайды. Әсем жазудың адамды тыныштандырып, стрессті азайтатынын дәлелдейтін ғылыми зерттеулер де бар.

Каллиграфиямен айналысатындар бұл өнердің ең үлкен құндылығы – адамның өзіне үңілуге мүмкіндік беруінде дейді. Әр штрих дәлдікті талап етеді. Әр бұрыш, әр көлбеу қате кетсе, қайта жазасыз. Осы процестің өзі табандылыққа, шыдамға, ұқыптылыққа үйретеді. Бір қарағанда жай жазу секілді көрінгенімен, каллиграфия адамның ойлау жүйесін, эстетикалық талғамын дамытады.

Технология қанша дамыса да, адам қолымен жасалған дүниеге деген құрмет ешқашан жоғалмайды. Каллиграфия – соның дәлелі. Бұл өнердің қайта жаңғыруы – адамдардың рухани тереңдікке ұмтылысының бір көрінісі.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!