Әрине, адамзат баласына ана десе айтылатын жыр да, сыр да, естен кетпейтін естеліктер де, әсерлі әңгімелер де жетерлік. Ал менің анам деген тақырып бұл тіптен ғажап сезімге бөлейтін дүние. Менің анам Ажархан Шөпшебайқызы 40 жыл ұлағатты ұстаз болған ардақты жан. Бастауыш сынып мұғалімі болып, қанша баланың қанат жаюына себепкер болған, өз ісінің шебер маманы. Алты баланың анасы атанып, күміс медаль иегері болды.
Өз ісінің шебері дегеннен шығады ғой, анамыз әлі күнге дейін мұғалімдік жолын айтып отырады. Зейнетке шыққанына 15 жылдан астам уақыт болса да, түсінде ашық сабақ өтетін болып, түнімен ақ тер, көк тер сол сабаққа дайындалып, таңертең қара терге малынып оянып кететін көрінеді. Не болмаса сол түсінде сыныптың қабырғасын әктеп, орындық қойып, сынып кабинетінің төбесін әктеуге кіріседі екен. Орындық тайып кетіп, шошып оянған кезде «түсім екен ғой» деп, сол кездегі жұмыстың әсері, сол кездегі ұстаздың жауапкершілігі әлі күнге дейін мойынында болмаса да, ойында екеніне дәлел дер едім.
Анамның менің әр басқан қадамыма тілекші болып отыратынына қуанамын. Қазір айтысқа шығып, сахнада отырған сәтте, егер анам менің айтысыма келген болса, қас-қабағын бағып отырамын. Екі-үш жыл бұрын Астанада үлкен айтыстан сайыс өтіп, бас жүлдені иеленген едім. Кейін қара шаңырақта әкеммен өткен айтысты талқылап, айтысқанда туған әр шумақты талдап, халықтың берген бағасын айтып отырған кезде анам былай деді:
– Шынымды айтсам, айтысты көрген жоқпын.
– Неге?, – десем,
– Сен шыққаннан бастап қолыма жаңағы, өзімнің тілейтін дұғам бар, соны жазып алып, сенің тілеуіңді тіледім айтыс бітемін дегенше, – деді анам.
Кейін осы дүниенің басқа бауырларым куәгері болып, сол сәтті суретке түсіріп алыпты. Мен айтысқа шыққан кезде тақымын қысып, мен үшін дұғада болған анамның суретін көрдім. Анам бұрын берген бір сұхабында «сенің боксшы болмағаныңа қуанамын, әйтпесе қалай отырар едім шыдап» деген де еді. Сол сияқты осы жетістіктерге жетуімнің, елімнің алдында абыройымның асқақ болуы, ең алдымен Алланың қалауы, Алаштың тілегі, сосын анамның ақ пейілі, шын жүрегімен тілеуі деп білемін.
Бір естен кетпейтін естелік. Ең алғашқы айтыстан жүлделі орын алып, үй-ішімді қуантып жүрген кездері, анам ауылда жұмыс пен үй тіршілігінің арасында шапқылап жүретін еді. Мектептің өзі 2 шақырымнан астам жерде орналасқан. Сол кездері біраз болған еді кір мәшинесінің істен шығып, қолы қысқарып қалғанына. Құдай сәтін салып, мен Жалағашта өткен Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың құрметіне арналған облыстық айтыс байқауына қатысып, қателеспесем, қаржылай сыйлық ұтып алған едім. Ол кездері бұл біраз ақша еді ғой. Үйге келіп, анама «мынау айтыстан алған жүлдем» деп, қолына жүлдемнің бір бөлігін ұстаттым да, өзім базарға барып, кір мәшине сатып алдым. Сыйлығымды таксиге тиеп, үйге әкелдім. Сол сәтте анам есік алдында кір жуып отыр еді. Көліктен кір мәшинені түсіріп, «енді кірді қолмен жумайсыз» деп анама айтқан кезім, анамның көз жанарындағы қуаныш тап кеше болғандай әлі көз алдымда. «Менің балам есейіпті ғой, менің балам қолғабыс ететіндей жасқа жетіпті ғой» деген ананың көзіндегі мейірім, бойындағы мақтаныш сезім ерекше есте қалыпты. Әрине, анаға деген құрмет, анаға деген сыйлық қанша жасасаң да ысырап болмайтын дүние.
Біздің жеткен жетістіктеріміз, биіктен көрініп жатқанымыз анамыздың ақ тілегі тұр деп есептеймін. Алда келе жатқан мереке құтты болсын! Алты алаштың анасы атанған Ақмешіттегі нәзік жанды аруларды көктемнің тамаша мейрамымен құттықтаймын! «Әлемнің әсемдігі аналарда» деп жатамыз. Кезінде Қайрат Жұмағалиев ақынның «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген бір ауыз сөзі бүткіл аналардың болмысын ашып тұрған секілді көрінеді өзіме. Сондықтан аналарымыз аман болсын, сұлулық жасасын!
Мейірбек СҰЛТАНХАН,
ақын, «Алтын домбыра» иегері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!