Бүгінгі қоғамда әлеуметтік желілердің ықпалы күн сайын артпаса, кемитін түрі жоқ. Себебі әр адам ойын еркін жеткізуге, өзінің көңіл күйін немесе бастан кешкен жағдайын ашық жариялауға мүмкіндік алып отыр. Алайда дәл осы шексіз еркіндік кейде бос әуреге салып, пайдалы мәліметтен гөрі тұрпайы сөздер мен қисынсыз әңгімелердің көбейіп кетуіне себеп болып отыр.
«TikTok», «Threads», «Instargam» секілді басқа да платформаларда күн сайын миллиондаған жазба жарық көреді. Солардың ішінде қоғамға ой саларлық, мәдениетті пікірден гөрі, адамның жеке басын әшкерелейтін, не болмаса балағат сөздерге толы бейнероликтер жиі кездесетіні жасырын емес. Қоғамдық ортада қалыптасқан нормалар мен әдеп өлшемдері әлеуметтік желінің шексіз алаңында көп жағдайда өз орнын таба алмай, «құмға сіңген судай» еленбей бара жатыр… Цензураның жоқтығы, бір қарағанда, демократиялық еркіндіктің шынайы көрінісі іспеттес болуы мүмкін, алайда бұл еркіндіктің нәтижесінде адам құқығы тапталып, мәдениет өлшемдері төмендеп, қоғамдық қатынастардағы сенім әлсірейді. Біреудің жеке хатын скриншот жасап жариялау, отбасындағы абсурдты хикаяларды көпшілікке көрсету немесе ойға салмақ қоспай, балағат сөздерді еркін қолдану қалыпты жағдайға айналғаны алаңдатарлық мәселе. Сондықтан бұл «еркіндіктің» тек ақпараттық кеңістікке ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына ықпал ететінін мойындауымыз керек.
Сүзгісіз ақпарат – қоғамға сын
Әлеуметтік желілердегі басты ерекшеліктің бірі – ақпараттың ешбір сүзгіден өтпей, еркін таралуы. Бұрын газет-журнал бетіне шыққан әрбір мақала редактордың сүзгісінен өтіп, жауапкершілікпен жарияланатын болса, бүгінде кез келген адамның ойы әлеуметтік желіде еш кедергісіз жарияланып, сол мезетте сан тараулы ғаламтордың түкпір-түкпіріне тарайды. Мұндай жағдайда дұрыс пен бұрысты, пайдалы мен зияндыны ажырату барған сайын қиындай түсетіні анық, себебі ақпарат кеңістігінде іріктеу механизмі жоқ. Тіпті пайдасыз дүние көп болған сайын, оның қоғамға тигізер зияны артып, адамның санасын улайтын жағдайға жетті.
Шектеусіз еркіндік, әрине, адамның ой пікірін ашық білдіруіне мүмкіндік береді, бірақ сол еркіндіктің астарында қоғамды тұтастай әлсірететін, құндылықтарымызды шайқалтатын көріністер аз емес. Мысалы, жастар арасында тарап жатқан бейнероликтердің дені қысқа әзілге немесе уақытша қызыққа құрылған, алайда ол әзілдің ішінде тұрпайылық, балағат сөздер немесе өзгелерді мазақ ету жиі кездеседі. Бұл – құлдырау. Оның алдын қазір алмасақ, кейінгі ұрпақ мұны қалыпты қабылдауы мүмкін.
Сондай-ақ осындай мазмұнды күнде тұтынған жас буынның ойлау мәдениеті мен сөз саптауының төмендеуі де ықтимал. Ақпараттың сүзгісіз таралуы түптеп келгенде қоғамдағы мәдениеттің құлдырауына әкеліп соғады.
Жеке деректі жариялау – заңбұзушылық
Әлеуметтік желілердің тағы бір түйткілі – адамның жеке өміріне қатысты деректердің бақылаусыз жариялануы. Қазір «TikTok», «Threads» желілерінде рұқсатсыз жарияланған скриншоттарды жиі бақылаймыз. Ал мұндай әрекеттің заңдық және моральдық салдары туралы көпшілік ойлана бермейді.
Заңгерлердің айтуынша, «Whatsapp» арқылы сөйлесіп, скриншот жасап, оны әлеуметтік желіге жариялау – екінші тараптың рұқсатынсыз жасалса, қылмыс болып саналады. Егер қарсы тарап рұқсат бермесе, бұл әрекет заңбұзушылыққа жатады. Ал желіде жарияланған скриншот, аудио немесе видео материалдың ішінде өзара хат алмасу ғана емес, жеке өмірге қатысты құпия мәліметтер болса, ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 147-бапқа («Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу») сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Әдетте отбасы ішінде қалып, құпия сақталуы тиіс әңгімелер желіде абсурдты хикая ретінде жарияланып, күллі жұрттың талқысына түседі. Жеке сырды жырға айналдырғандарды түсінуге де болады, олардың оқиғалары біреуге сабақ болса, ал біреуге жұбаныш болады. Бірақ біздің міндет – отбасы құндылықтарын дұрыс дәріптеу және адам айтса сенгісіз «сенсациялы» оқиғаларды оқығанда, оны сұрыптап отыру. Цензура мен қадағалаудың аздығынан адамдардың бір-біріне деген құрметі төмендеп, тіпті отбасылық құндылықтарға күмәнмен қарау үрдісі пайда болды. Бұл – тек бір отбасының мәселесі емес, ол қоғамдағы моральдық нормалардың әлсіреуіне әкелетін жалпы құбылыс.
Еркіндіктің де ережесі бар
Әлеуметтік желілердегі цензураның жоқтығы жайлы сөз қозғалғанда, көпшілік ең алдымен сөз еркіндігін алға тартады. Алайда шексіз еркіндік шын мәнінде адамның таңдауын кеңейткеннен гөрі, оның шынайы өміріне тосқауыл болатынын аңғару қиын емес. Күн сайын мыңдаған адам сағаттап әлеуметтік желіде скроллинг жасап, әркімнің парақшасын бір ақтарып, өзгенің өмірін қызықтап, өзі үшін маңызды уақытын жоғалтып жатқаны жасырын емес. Әркімнің жеке ісіне қадалып отыру өз өміріңді байытуға еш үлес қоспайды. Әлеужелідегі «әдемі картинка» адамдарды қызық қуып, уақытты босқа өткізуге әдеттендіріп қойды, ал уақыттан қымбат байлық жоқ екенін ескерсек, бұл құбылыс қоғам үшін орны толмас шығын.
Осы тұрғыдан алғанда, еркіндіктің де өзіндік құны бар екенін түсіну қажет. Әлеуметтік желідегі шексіз жарияланымдар көбіне қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырудың орнына, оны ұсақ-түйекке бөлшектеп, назарды маңызды мәселелерден басқаға аударып жібереді. Әрине адамдардың ой айтуына мүмкіндік болғаны дұрыс, бірақ оның шектен тыс, жауапкершіліксіз жүзеге асуы қоғамды бірлікке емес, алауыздыққа итермелейді.
– Әлеуметтік желідегі цензура тек бақылау немесе тыйым емес, ол қоғамды ортақ құндылықтарға бағыттаудың тетігі екенін түсінуіміз керек. Егер біз еркіндікті жауапкершілікпен үйлестіре алсақ, әлеуметтік желілер рухани құндылықты дәріптейтін, білім мен мәдениетті насихаттайтын алаңға айналар еді. Қазіргі жағдайда цензураның жоқтығы демократияның көрінісі болып көрінгенімен, шын мәнінде ол – тәртіптің әлсіреуінің, уақыттың ысырап болуының және құндылықтардың құлдырауының белгісі. Ал мұндай жағдайда «өз қолыңнан шыққан істің өзіңе сын» болатынын ұмытпауымыз қажет, себебі әлеуметтік желіні қалыптастыратын һәм сол желіні қолданатын өзіміз, – дейді медиа сарапшы Гүлмира Әскербек.
Сөз қадірін кетірмейік!
Қазір әлеуметтік желілерде балағат сөздер қалыпты құбылысқа айналып барады. Көптеген жазбаға немесе бейнероликке мәдениетті пікір білдірудің орнына, адамдар бір-бірін балағаттап, тұрпайы сөздерді қару етіп қолдануды әдетке айналдырған. Бұрын мұндай сөздер жабық ортада айтылатын болса, қазір ашық алаңда ешбір кедергісіз таралып жатыр. Мұның бәрі «сөздің қадірін кетіру» дегенге саяды, себебі тіл – ең алдымен адамның ойлау мәдениетінің айнасы.
Әлеуметтік желілер де бейәдеп сөздерді оқи алады. Мәселен, «TikTok» желісіне орыс тілінде балағат сөзбен пост салу мүмкін емес. Себебі бұл платформа пікірді де, жазбаны да сұрыптайды. Бір өкініштісі, аталған қосымша өзге тілдерді оқи алғанымен, қазақ тіліндегі балағат сөздерді анықтай алмайды. Осы себепті де бұрыс сөзге толы контентке шектеу болмай тұр. Бұл да бір мәселе.
Жастардың тілдік қорына кері әсер етіп жатқан осы үрдістің олардың мінез-құлқына да ықпалы мықты. Балағат сөздерді еркін қолданған ұрпақ ертеңгі күні үлкенге құрмет көрсетпей, кішіге қамқор болмай өсуі мүмкін. Қазір тіпті «балағат сөзді жиі қолданатын адам қолданбайтын адамға қарағанда шынайы көрінеді» деп ақтау әдетке айналып барады.
«Әдепті елдің баласы – алыстан сәлем береді» деген халық даналығы бар, ал балағат сөзге үйренген жас ондай әдептілікке ұмтылмайды. Осылайша, цензураның жоқтығы тіл мәдениетіне ғана емес, тұтас ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне алып барады.
Әлеуметтік желідегі бақылаусыз пікірлердің тағы бір зияны – қоғамдық пікірдің құнсыздануы. Қоғамдық мәселеге байланысты салмақты ой айтқан адамның сөзін де, жай әзіл немесе мазақ ретінде жазылған пікірді де бірдей қабылдайтын жағдай қалыптасты. Маңызды пікірдің салмағы азайып, қоғамдағы ортақ ойдың құндылығы төмендеп кетті. Мұндай жағдайда халықтың өзекті мәселелерді шешуге деген ынтасы әлсіреп, сенімсіздік дағдарысы пайда болады.
Мысалы, әлеуметтік желіде жарияланған бір жаңалықтың астында мыңдаған пікір болуы мүмкін, алайда олардың көбі шындыққа жанаспайтын, эмоцияға құрылған, тіпті жалған деректерге сүйенген жазбалар болады. Бұл қоғамның дұрыс шешім қабылдауына кедергі келтіреді һәм нағыз проблемадан назарды қашырады.
Әлеуметтік желідегі цензураның жоқтығы қоғамға үлкен қауіп төндіріп отырғаны даусыз, сондықтан бұл мәселенің шешімін табу – уақыт талабы. Ең алдымен, ақпараттық мәдениетті арттыруға күш салу қажет, өйткені сүзгісіз еркіндіктің салдарын тек заң арқылы ғана емес, тәрбиелік шаралар арқылы да реттеуге болады. Жастарға әлеуметтік желіні дұрыс қолдануды үйрену қажет, ақпараттық сауаттылықты арттыру маңызды.
Сонымен қатар әлеуметтік желі платформалары да жауапкершілікті сезінуі тиіс. Қоғамға зиян келтіретін контентті шектеу, балағат сөздердің таралуын азайту немесе жеке өмірді әшкерелейтін жарияланымдарға тосқауыл қоюға қатысты нақты қадамдар олқылықтардың алдын алуға қауқарлы. Бұл еркіндікті шектеу емес, қайта еркіндікті мәдениетпен ұштастыруға бағытталған шара болады. Қоғамда «еркіндіктің де шегі бар» деген түсінік орнықпаса, әлеуметтік желі ой мен пікірдің емес, дау-дамай мен тұрпайылықтың алаңына айналып қала береді.
Шектей бермесін десек, шектен шығуды да доғарайық, құрметті оқырман.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!