Әр адам – жеке тұлға. Жаратушының алдында әр адамның дәрежесі бірдей болғаны сияқты заң алдында да барлық адамның құқығы бірдей. Біреуді кемсітіп, бопсаламас бұрын осы нәрсені ойға алған жөн. Біз адам құқығын таптап, әлімжеттік көрсетуді физикалық ұрып-соғу, күш көрсету деп түсініп жатамыз. Ал шын мәнінде әлімжеттік дегеніміз не? Әлімжеттік адамға бір немесе бірнеше адамның психологиялық және физикалық қысым көрсетуі десек болады. Қорқыту – балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың кең тараған, күрделі және ықтимал зақымдаушы түрі. Психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, әлімжеттік жасаушы адам жәбірленушінің өзінен қорыққанын, ызаланғанын қалайды. Ойлағаны орындалған сайын басынушы бұл іс-әрекетін қайталай береді. Елімізде 11 жастан 15 жасқа дейінгі әр бесінші оқушы сыныптастарынан әлімжеттік, қысым көреді екен. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жүргізген сауалнаманың нәтижесінде осындай дерек жарияланып отыр. Соның ішінде 11-13 жас аралығында ұлдардың арасында әлімжеттік кең тараған.

Балалардың бір-бірін кемсітуі неден басталады? Әлімжеттікке сыныптағы кез келген оқушылар ұшырауы мүмкін. Ол көбінде бастауыш сынып оқушылары арасында кездесіп жатады. Әлімжеттік бірнеше жылдан мектепті аяқтағанша созылуы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қорқыту, кемсіту белгілі бір топқа біріккен оқушылардың өзінен ерекшеленетін баланы шеттетуден басталады. Қысым көрген оқушының мінезі, ойлау жүйесі, сырт келбеті немесе қандай да бір себеппен «командаға сыймайтындай» ерекшелігі болуы мүмкін.
Сөздің мағынасына үңілсек, «әлі жету», «әлі жететін адамға күш көрсету» дегенге саяды. Ғылым тіліне сүйенетін әлем елдерінде «буллинг» деген атауға ие. Буллинг ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту, күш көрсету, қорлау» деген мағынаны береді.
Мектеп оқушылары арасында әлімжеттік неге көп кездеседі? Әлімжеттік жасаудағы мақсат не? Жасөспірім шақта балалар қызуқанды келеді. Жақсы не жаман нәрсеге басқаларға қарағанда тез бейімделеді. Теріс мінез-құлық пен зиянды әдеттер де көбінесе осы шақта қалыптаса бастайды. Бір сыныпта оқитын сынып­тастар арасын­дағы әлім­жеттік сыныптағы момын, әлсіз топтағы немесе ерекшелігі бар балаларды қорлап, тиісуден басталады. Арзан күлкіге басқа жолдастарын қарық қылғанына риза болған оқушы одан сайын өрекпіп әлсіз баланы кекете түседі. Оның ызаланып, ашуланып, ұнжырғасы түскенінен ләззат алады. Ол баланың шын мәнінде қандай күйде екенін қызба­лықпен, балалықпен түсіне бермейді. «Үнде­мегеннен үйдей бәле шығады» деген сөз бар қазақта. Әлімжеттіктің әлегіне түскен бала шыдамы шегіне жеткенде намыстанып ашумен өзін басынған, мазақтаған балаға қастандық жасауы мүмкін. Кейбір тұйық балалар депрессияға түсіп, өз-өзіне қол жұмсап жатады. Жеткіншектер арасында белең алатын жұмбақ өлімдердің артында осындай жағдайлар тұр. Сондай-ақ бұрыннан жалғасып келе жатқан әлімжеттіктің бір түрі – үлкен сыныптардың өзінен кіші сыныптардағы ұлдарға күш көрсетуі, ақша жинауы. Яғни, кіші балалардан әр нәрсені талап ету арқылы бопсалап, мектепте дұрыс жүрмегені, ізет көрсетпегені үшін әлімжеттік көрсетеді.
Әлімжеттіктің қай түрі болсын абырой әкелмесі анық. Керісінше сондай жиіркенішті әрекеттермен өзін жоғары санайтындар – психологиялық тұрғыдан әлсіз адамдар. Ізгі қасиетімен емес, біреуді төмендету арқылы ғана өзін көтермелеуге тырысады. Ал балалардың түзу жолдан таймауы үшін әлбетте ата-анасының тәрбиесі мен тыйымы маңызды. Әкенің балаға қалдыратын ең үлкен мұрасы – тәлім-тәрбие. «Отанның отбасынан басталатынын» ұмытпасақ екен…

Інжу Ақылбекқызы,
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда университетінің
3 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!