Жастар қала мәдениетінің дамуына үлкен үлес қоса алады. Сөзімізге мәдени шаралар және халықтың бос уақытын тиімді өткізу жөніндегі қызметті ұйымдастыру бөлімінің әдіскері Анаш Хамидтің еңбегі дәлел. Қала мәдениетінің, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянып қалмауды мақсат еткен жас маман  өз ойымен бөліскен еді.

Анаштың мәдениет саласына келуі мына оқиғамен байланысты.

   ‒  Анамның тікелей қалауымен, бұйрығымен десе де болады, физика-математика бағытын таңдауым қажет болды. Бірақ жүрек қалауым басқа болған соң шығар, әйтеуір грантқа балым жетпей қалды. Жасымнан бірбеткей боп өскен соң, ақылы оқымаймын деген шешіммен, өмірімде бірінші рет анамның рұқсатынсыз Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына барып, «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің сәндік өнер мамандығына оқуға түстім. Академия қабырғасында жүргенде-ақ, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі көрмелерде суреттерім қойылып, студенттік кезеңді өте қызықты өткіздім. 2018 жылы А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіне алғаш рет жастар тәжірибесі бағдарламасымен келіп, біліктілігім мен білімімнің арқасында маман болып қалыптастым, − дейді ол.

      Сөз арасында жас маманнан халықтың мәдениеттілігі немен өлшенетінін сұраған едік.

        ‒ Адам мәдениеттілігінің деңгейі оның отбасында балаларына берген тәрбиесі, мейір-шапағатымен өлшенуі тиіс. Мәдениеттіліктің шегі не қалыбы болмайды. Ол адамға отбасындағы тәрбие, білім, өскен ортасы арқылы беріледі. Әдептілік, мәдениет ‒ барлық жақсы қасиеттердің жиынтығы, ол бойға біртіндеп сіңеді. Сондықтан әр адам өзін-өзі тәрбиелеуі  тиіс. Шынайы мәдениет ең алдымен өз халқыңның қадір-қасиетін жете ұғынудан қалыптасады деп ойлаймын, − А.Хамид.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!