Бүгінгі қоғамның өркениеттілігін балаларға, әсіресе ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жасалған қамқорлық арқылы айқындауға болады. Бұл мәселе тек білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның әлеуметтік әділеттілік пен теңдікке деген көзқарасының айнасы іспетті. Қазақстанда инклюзивті білім беру бағыты кейінгі жылдары жүйелі түрде дамып, мемлекеттік деңгейде нақты шаралар қабылдануда. Мұндағы басты мақсат – ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау.
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 235 мыңнан астам бала бар. Бұл – ел болашағы үшін аса маңызды әрі назардан тыс қалдыруға болмайтын үлкен сан. Иә, өкінішке қарай, жылдан жылға дамуында ауытқуы бар бала саны артып келеді. Оларға 504 арнайы білім беру ұйымы қызмет көрсетуде, ал балалардың 85%-ына түрлі деңгейде арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі.
Саладағы сапалы жетістіктермен бөлісе кетсек. Ең маңызды қадамдардың бірі – алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартының әзірленуі. Бұл стандарт инклюзивті білім берудің сапасын арттырып қана қоймай, оны біріздендіріп, бүкіл ел бойынша тең дәрежеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол отбасы мен баланы сүйемелдеуге бағытталған ведомствоаралық тетіктерді қамтып, әрбір балаға кешенді көмек көрсетуді көздейді.
Мемлекет инклюзивті білім беруді жүйелі дамыту үшін арнайы құрылымдар құруға да ден қойып келеді. Нақтырақ айтқанда, қазір үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық орталығын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде еліміздегі мектептердің 90%-ында ерекше балалардың білім алуына жағдай жасалды. Бұған қоса, 121 қолдау кабинеті ашылып, балаларға тікелей мектеп қабырғасында психологиялық-педагогикалық көмек көрсету мүмкіндігі кеңейді.
Еліміздің 11 өңірінде ерте қолдау кабинеттері ашылып, дамуында ерекшеліктері бар балаларға мектепке дейінгі кезеңнен бастап көмек көрсету жүйесі жолға қойылды. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ. 2024 жылы 10 мыңнан астам педагог инклюзивті білім беру бойынша курстардан өтті. Бұл қадам балаларды тек қамқорлыққа алу ғана емес, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталғанын айқындайды.
Сонымен қатар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар мен оңалту орталықтарының қызметі кеңейтіліп, аутизм спектрі бұзылған балаларға қолдау көрсететін арнайы орталықтар жұмыс істей бастады. Аутизмі бар балаларға арналған түзету компоненті мектепке дейінгі тәрбие бағдарламасына енгізілуі – инклюзивті жүйенің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Қазақстанда бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүріп жатқанына қарамастан, әлі де шешімін күткен мәселе баршылық. Мамандардың жетіспеушілігі, ата-аналарға арналған қолдау жүйесінің толық қалыптаспауы, қоғамдағы қалыптасқан стереотиптер – осы саланың басты түйткілдері.
Инклюзивті білім беру саласында еңбек ету – тек кәсіби білімді ғана емес, үлкен жүрек пен сарқылмас шыдамдылықты қажет етеді. Әрбір баланың ерекшелігіне бейімделу, олардың кішкентай жетістігін үлкен жеңіске балап, үздіксіз қолдау көрсету – кез келген маман үшін ауыр, бірақ аса жауапты міндет. Дегенмен бұл салада кездесетін басты мәселе – маман тапшылығы. Арнайы педагог, дефектолог, логопед пен психологтың жетіспеушілігі жүйенің толыққанды дамуына кедергі болып отыр. Ал бар мамандардың иығына түсетін жүктің ауырлығы кейде олардың кәсіби қажуына алып келеді. Оның үстіне, әр бала әртүрлі болып келеді, яғни әрқайсысына ерекше тәсіл қажет. Ол үшін маманның саны емес, сапасын арттыру мәселесін көтеру керек. Сондықтан мемлекет деңгейіндегі бастамалармен қатар, мамандарды даярлау мен қолдау жүйесін күшейту – уақыт талабы.
Осы орайда инклюзивті білім беру саласында тәжірибесі мол маман, ерекше балалармен тікелей жұмыс істеп жүрген Гүлнара Байкувановамен осы мәселелер төңірегінде әңгімелесудің сәті түсіп, сұхбат құрып қайттық.
– Инклюзивті білім беруді қалай түсіндіресіз? Оның негізгі мақсаты мен миссиясы қандай? Біздің елдегі жүйенің қай тұсы әлі де ақсап тұр?
– Мен үшін инклюзия дегеніміз – әрбір баланың ерекшелігіне қарамастан қатарластарымен бірге білім алып, өзін сол ортаның бір бөлігі ретінде сезінуі. Баланың бойында қандай да бір ерекшелік бар ма, жоқ па – ол маңызды емес. Маңыздысы – оның оқып-үйреніп, қарым-қатынас жасап, кішкентай да болса жеңістеріне қуана білуі. Инклюзивті білім берудің миссиясы да осы: балаларға өз «супер қабілеттерін» ашуға мүмкіндік беру, ал ересектерге төзімділік пен сабырды, тіпті кейде өмірге жеңіл қарай білуді үйрету.
Біздің елде жүйе біртіндеп дамып келеді. Дегенмен көп жағдайда «қағаз жүзінде бәрі жақсы» көрінеді, ал тәжірибеде мамандардың тапшылығы, материалдық ресурстардың жеткіліксіздігі секілді кедергілер әлі де бар екені қынжылтады.
– Ерекше қажеттілігі бар баланың ата-анасы ең алдымен нені білуі керек? Ата-аналардың көбіне қандай қателік жіберетіні және оны болдырмау жолдары туралы айтып беріңізші.
– Әуелі ата-ана өз баласын сол қалпында қабылдауы керек. Бұл – басты шарт. Көп жағдайда ата-ана баласын басқа балалармен салыстырады немесе «бәрі сияқты» болсын деп талап қояды. Осындай әрекет баланың ынтасын төмендетіп, сенімін жоғалтады.
Мен баланың әрбір кішкентай жетістігін байқай білуге, оны қолдауға, бірге қуана алуға кеңес берер едім. Ең маңыздысы – ата-ана ешқашан жалғыз қалмауы керек. Мамандардан көмек сұраудан ұялмау, кеңес алып отыру – баланың да, ата-ананың да дамуына үлкен серпін береді.
– Осы тұста ата-аналарға қолдау көрсету жүйесіне тоқтала кетсек. Жүйе қаншалықты жолға қойылған? Қандай жаңа бастамалар қажет деп ойлайсыз?
– Иә, ата-аналарды қолдауға арналған жүйе бар, бірақ ол әлі толыққанды жұмыс істемейді. Кейде бұл жүйе «пайдалы заттар бар шкафқа» ұқсайды. Бәрі бар сияқты, бірақ керегін табу қиын. Ата-аналарға нақты әрі қолжетімді ақпарат, мамандардың кеңесі, үй жағдайында жасауға болатын қарапайым жаттығулар жетіспейді.
Осы бағытта онлайн-консультациялар ұйымдастыру, ата-аналарға арналған қолдау топтарын құру және баршаға қолжетімді бағдарламаларды іске қосу қажет. Бұл тек ата-ананың емес, бүкіл отбасының жағдайын жеңілдетер еді.
– Ерекше қажеттілігі бар балаларды қоғамға бейімдеуде мектептің, мұғалімдердің рөлі қандай? Қандай өзгеріс қажет?
– Мұғалімдер – бейбіт күннің батырлары. Олар балаларды оқыту ғана емес, бір-бірін түсінуге, өз сезімін жеткізуге, өзгеге құрметпен қарауға үйретеді. Бірақ бұл үшін мұғалімдерге арнайы дайындық қажет. Адаптацияланған бағдарламалар, жеке тәсілдер мен қосымша қолдау құралдары енгізілсе жақсы болар еді. Егер осы өзгерістер жүзеге аспаса, тіпті ең талантты бала да өз әлеуетін толық аша алмай, ортада тұйықталып қалуы неғайбыл.
– Қоғамда инклюзивті білім беруге қатысты стереотип аз емес. Осы көзқарастардың балаларға әсері жайлы тарқата кетсеңіз.
– Өкінішке қарай, әлі күнге дейін «ол оқи алмайды», «ол кедергі болады» деген секілді сөздер жиі айтылады. Мұндай пікірлер балаларға өте ауыр тиеді. Бала өзін басқаша сезініп, сенімін жоғалтады. Сондықтан ең алдымен ересектердің ой-санасын өзгерту маңызды. Ал балалар өздері ересектерден көргенді тез қабылдайды. Егер үлкендер түсіністік танытып, қолдау білдірсе, балалар да еш қиындықсыз бірге ойнап, бірге оқи беретініне сенімдімін.
– Шетел тәжірибесінде инклюзияны дамытуда бізге үлгі боларлықтай қандай әдістер бар? Соларды Қазақстан жағдайына бейімдеу мүмкін бе?
– Әлемде көптеген тиімді әдіс бар. Мысалы, ерте араласу бағдарламалары, «Floortime» әдісі, сенсомоторлық тәсілдер кеңінен қолданылады. Бұл тәжірибелерді Қазақстанға бейімдеуге әбден болады. Бірақ бастысы – оларды сол күйінде көшіру емес, біздің қоғамның жағдайына, балалардың ерекшелігіне сай икемдеу. Мемлекеттің қолдауы, мамандардың кәсіби дайындығы болса, бұл әдістердің барлығы сәтті енгізілер еді.
– Ерекше балалармен жұмыс істеп жүріп, өзіңізге қанат бітірген, есіңізде ерекше қалған бір сәтпен бөлісіп өтсеңіз.
– Әрбір кішкентай жетістік мен үшін үлкен қуаныш. Мысалы, бірде аутизмі бар бала мені алғаш рет атыммен атады. Бұл сәтті мен біраз күттім. Сол кезде жүрегім елжіреп, көзіме жас келді. Анасының да қуанышында шек болмады. Осындай сәттер – менің жұмысымның ең үлкен сыйы. Олар күш-қуат беріп, алға жетелейді.
– Инклюзивті білім беру – тек мамандық емес, үлкен жүрек пен шыдамдылықты талап етеді. Бұл сала сізге қандай өмірлік сабақ болды?
– Мен бұл салаға балаларға мүмкіндік беру үшін келдім. Бұрын дамуында кешеуілі бар балалармен жұмыс істесем, қазір аутизмі бар балалармен көбірек жұмыс істеймін. Бұл мүлде басқа әлем. Мұнда әр балаға бейімделіп, оның көңіл-күйіне қарай икемделу қажет. Кейде күтпеген мінез-құлық, ата-аналардың түрлі талабы, өзіңнің де шаршайтын сәттерің болады. Бірақ баланың әрбір шағын жетістігі кішкентай мереке іспеттес.
Мен үшін бұл мамандық жай ғана жұмыс емес, балалар мен олардың отбасыларының өмірін жақсы жаққа өзгертетін мүмкіндік. Осы жолда мен шыдамды болуды, баланың көзімен әлемге қарауды, әрбір кішкентай қадамды бағалауды үйрендім. Ең бастысы – өмірде бәрін бақылауда ұстау мүмкін емес екенін түсіндім. Кейде балаға күліп қарау, бірге ойнау, бірге шаттану – ең үлкен ем.
– Әңгімеңізге рақмет!
Тілші түйіні. Иә, мемлекет қолға алған жаңа заңдар мен бағдарламалар жолды айқындап бергенімен, алға жетелейтін негізгі күш – адамдардың көзқарасы, түсінігі және жүрек жылуы екенін ұмытпауымыз керек. Әр бала – қоғамның мүшесі һәм әрбірінің алар орны бар. Әрбір мектепте ашылған қолдау кабинеті мен әр маманның еңбегі тек ресми дерек емес, мыңдаған баланың тағдырына әсер ететін үлкен мүмкіндік. Бұл еңбектің қаншалықты қажырлы екені осы сала мамандарына ғана аян. Ал біз өз ретінде, инклюзияны дамыту арқылы біз тек балаларға тең жағдай жасап қана қоймай, болашақ қоғамның мейірімді, әділетті әрі шыдамды болуына сеп болайық.
Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!