Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан халық партиясының өкілі, депутат Гаухар Танашева елімізде көпбалалы аналардың әр баласына 70 мың теңгеден бірыңғай жәрдемақы берілуі керек деп, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады. «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты — көпбалалы аналарды, толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған аналарды және дамуында ерекшелігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау. Көпбалалы отбасылардың басым бөлігі көбінесе жалға берілетін бөлмелерде тұрады. Егер ипотека рәсімдеу мүмкін болса, әдетте құрылыс сапасы төмен, эконом санаттағы бір бөлмелі пәтер алады. Олар үшін мемлекеттік тегін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесі жоқ, ипотекалық несие берудің жеңілдетілген шарттары қарастырылмаған. Қомақты бастапқы жарна талап етіліп, жоғары пайыз мөлшерлемесі қойылады. Мұндай отбасылар мемлекеттің қандай қолдауына үміт артады? Атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) ме? Объективті түрде қарасақ, ол да нақты көмек болып тұрған жоқ. Бұл жағдайда балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет. Әр балаға нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс. Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға айына 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы белгілеуді қарастыруды ұсынамыз. Мәселен, 4 балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңгені, 2 балаға 140 мың теңге құрайтын болады. Қазіргі уақытта 4 балалы ана 55 340 теңге жәрдемақы алады. Әр балаға айына 13 826 теңге бөлінеді. Мұнда инфляцияның тұрақты өсуі, экономикалық тұрақсыз жағдай, тұрғын үйдің жоқтығы және халықтың осы санатындағы адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылмағаны ескерілмеген», – деді депутат.

JQ-Aqparat

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!