Еліміздегі әрбір балаға кәмелет жасына толғанша мемлекеттен 70 мың теңгеден тағайындалуы тиіс. Осылай деген ата-аналар қазіргі жәрдемақының ештеңеге жетпейтініне наразы. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек те тиісті азаматтарға берілмеген деп отыр. Ел демографиясына үлес қосып, алтын мен күміс алқа алдық деп қуанған аналар, қазір жағдайларының тым қиын екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: сюжеттен скриншот
Мемлекеттің алтын, күміс алқасын алған көп балалы аналар қазір күнкөрістің қиындағанын айтады. Қымбатшылық қысқан заманда балаға киім мен тамақ алып беріп, мектепке жіберу үшін қыруар қаражат қажет дейді. Ал шығындарды толық жабуға Үкіметтен берілетін ақша жетпейді. Сондықтан петиция жазып, мемлекеттен әр балаға берілетін ақыны көтеруді талап етіп отыр.
“Әр балаға 70 мың теңгеден төлесін деп петиция жаздық.13000 теңге дымға да жетпейді ғой былай қарасаң. Айлықтың өзі аз, күйеуім 250 мың алады. Оны қайда жеткіземіз. Баланың оқуына жеткізе ме, тамағына жеткізе ме?”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Алмагүл Абдуллаева.
Бұдан бөлек аналар төрт баласы бар отбасының үлкені кәмелет жасына толған жағдайда қалған үшеуінен автоматты түрде төлем алынып тасталады деп күйінеді. Демографияны көбейтеміз деп жүргенде тұрмысымыз төмендеп қиын жағдайда қалдық деген әйелдер атаулы әлеуметтік көмектің қажеті шамалы деп отыр. Себебі, мамандар зейнетақы қорынан бастап, мүлікке дейін тексеріп бермеудің амалын жасайды
“Көп отбасылар мысалы атаулы әлеуметтік көмек алады ғой. Сол атаулы әлеуметтік көмекті нағыз мұқтаж жандар ала алмай отыр. Себептерін, салдарын тауып, өздерінің қолдарынан келгенше іс-әрекет жасап алғандар алып жатыр да, оның жолын, себептерін білмейтін адамдар мүлдем ала алмай отыр. Тіпті, атаулы әлеуметтік көмектің не екенін білмейтін аналар бар”, – дейді Кәмшат Кабулова.
Ал Еңбек министрлігінің өкілдері аналар сөзімен келіспейді. Ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін атаулы әлеуметтік көмек 106 мыңнан астам отбасына яғни, 559 мыңнан астам адамға берілген дейді. Сонымен бірге жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға 273 миллиард теңге жәрдемақы берілді деп отыр.
“Бұл бекітілген өзінің әдістемесі бар. Әдістеме негізінде осы жәрдемақы тағайындалады. Осы жерде түсіне кету керек. Жәрдемақы деп отырғанымыз бұл мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға берілетін көмек. Бұл жалақы емес, бұл кәдімгі үлкен көлемде үлкен премиялар емес. Яғни мемлекеттік осы отбасыны қолдау мақсатында берілетін жәрдемақы. Көңілдері күпті болған ата-аналар бұл істі соңына дейін апарамыз деп отыр. Өйткені, көпшілігі жалғызбасты, әрі жұмыссыз үйде отырғандықтан отбасын асырауға табыстары жетпейтінін айтады”, – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Сәке Ділдахмет.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!