Әскери жүйе мен ондағы олқылықтардың, жауабы жоқ сұрақтардың жыры аяқталмайды. Алайда жыл санап жүйені өзгертуге, жаңа мүмкіндіктер мен жақсы жаңалықтарды арттыруға жағдай жасалуда. Биыл жауапты мамандарға наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында 18 бен 27 жас аралығындағы кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 37 056 ер азаматты шақыру міндеттелген еді. Ішкі, сыртқы қауіпсіздікке жауап беруші – әскерилердің мемлекет саясаты мен болашағына тікелей әсері барын ескерсек, жастарға ұсынылатын талап-тілектерді қайта қарап шығу керегі жиі талқыға түсіп жүр. Ал жаңа Қазақстандағы жаңа әскери жүйе жастарға қандай мүмкіндік қарастыруда? Әскерден жалтарғандар қандай игіліктен құр қалады? Мұны аталған саланың тың жаңалықтарынан аңғарамыз.
Алдымен білім жүйесіндегі өзгерістен бастайық. Үкіметтің 2023 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары жүйесі мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдық айлықақылары тарифтік ставкага сай белгіленбек. Яғни, лауазым мен тәжірибеге қарай жалақысы жоғарылайды деген сөз.
Сонымен қатар қорғаныс министрлігінің мәліметінше, банктер мерзімді қызметтегі сарбаздарға қаржылық міндеттемелері, несиесі бойынша ай сайынғы төлемдерін 13 айға кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Әрі қызмет өткеру кезеңінде кредиторлар берешекті өндіріп алу бойынша сотқа істер және нотариусқа өтініш беруді тоқтататын болады. Әскери борышын аяқтаған соң жастар жеңілдіктерді пайдаланып, жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырусыз түсе алатынын да айта кетелік. Бұл ретте көзге түскен сарбаздар жоғары оқу орнының гранты есебінен ақысыз оқуға түсе алады. Мұндай мүмкіндік кез келген елде жоқ екенін ескерсек, борышты өтеу арқылы тегін жоғарғы білім алу үлкен қолдау саналып отыр.
Азаматтық борышын өтеуден ат тонын ала қашатындар көп дедік. Ал оларды қинап немесе жұмыста жүрген жерінен әскерге алып кету оқиғалары әлеуметтік желі қолданушыларына агрессивті әсер қалдыруда. Заң бойынша бұл қаншалықты әділетті? Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, шақыртуға атқарушы билік жауап береді. «Оларды тізіммен қамтамасыз етеді. Әскери борышын өтеуден жалтарған адамды заң бойынша шақыртуымыз қажет. Біз тек заң аясында ғана әрекет етеміз. Қазіргі жастардың ойлау жүйесі басқаша. Егер сен еліңнің нағыз патриоты болсаң, әскерге баруың керек. Олар әскерге бармайды, түнгі клубқа барады. Денсаулығы түнгі лубқа барып, көңіл көтеруге жетеді екен, ал Отан алдындағы борышын өтеуге жетпей ме?», – деді министр.
Аталған салаға қатысты тағы бір жаңалық – келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап пилоттық жоба аясында 17 жасар балаларды әскери есепке қоюды цифрландыру. Қорғаныс ведомствосының бастамасын Премьер-Министр, мүдделі мемлекеттік органдар, Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері түгел қолдап отыр. Яғни, оны іске асыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін модификациялау мен ықпалдастырудың арқасында мүмкін болмақ. Бұл еліміздің 16-60 жас аралығындағы азаматтарын әскери есепке алудың толық қамтылып жүргізілуіне мүмкіндік береді. Қолданыстағы заңға сәйкес жыл сайын он жеті жасқа толатын ер азаматтарды тіркеу жүргізіледі. Мұндай процедура әскери қызметке жарамдылық деңгейін алдын ала анықтайды.
«Осыған байланысты денсаулық сақтау ұйымдары бір айлық балалардан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды кейіннен динамикалық бақылаумен және сауықтырумен профилактикалық медициналық тексерулерді жүзеге асырады. Бұл ретте жалпы практика дәрігерлері бейінді мамандардың қорытындысын және зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, 15 пен 18 жас аралығында балалардың денсаулық жағдайына кешенді бағалау жүргізеді. Мұндай деректер Қорғаныс министрлігімен біріктірілген Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде көрсетіледі», – деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Жыл сайын 120 мыңға жуық 17 жасар бала әскери есепке алынатынын ескерсек, қызметті автоматтандыру шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Ал үнемделген қаражат медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды әскери комиссариаттарға алдыру сынды қызметтерге жұмсалатын болады.
Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!