Әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға 100 мың теңге және одан артық мөлшерде өтемақы төленетіні туралы ақпарат тарады. Алайда бұл – жалған ақпарат, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Осындай хабарландырулардың бірінде қазақстандықтарға ТАҚ ҚРӨО (Төленбеген ақшалай қаражатты қайтарудың ресми өтемақы орталығы) деп аталатын сайтта ЖСН-нін жазу ұсынылады. Сайтқа кірушілер жеке және банк деректері жазылатын хабарламаны толтыруға тиіс. 2020 жылы да Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарға төленген ҚҚС сомасы қайтарылатыны туралы осындай хабарлама тараған болатын. Ол кезде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарған еді.

Өтемақы төлеу туралы тараған кейбір хабарламаларда алаяқтар сенімдірек болуы үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың суретін пайдаланған.

Мемлекет басшысының сайтында төлемдер туралы ақпарат жоқ. ҚР Парламентінің сайтында да мұндай жаңалықтар жоқ. 

Бірде-бір ресми және беделді ақпарат көзі өтемақы туралы хабарлаған жоқ. Демек, Желіде тараған төлемдер туралы ақпарат жалған. Алаяқтардың айласына алданып қалмау үшін күмәнді сайттарда жеке мәліметтерді жазбаңыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!