Фото: Pixabay.com

Қазақстанда бүгінде 18402 адам есірткіге тәуелді ретінде есепте тұр. Есепте тұрған нашақорларды емдейтін 19 медициналық оңалту бөлімшелері жұмыс істейді. Нашақорларды емдеу қалай жүзеге асырылады? Емнен кейін олар қалыпты өмірін жалғастырып кете ала ма? Денсаулық сақтау министрлігі Stan.kz редакциясына баяндап берді. 

Қазақстанда соңғы үш жылда психобелсенді заттарға тәуелді, дәрігерлік бақылауда тұрған адамдар саны аса өзгермеген. 2024 жылы – 18402 адам, 2023 жылы – 18329 адам, 2022 жылы – 18085 адам. Ең жоғары тәуелділік көрсеткіштері Павлодар, Қостанай және Жамбыл облыстарында тіркелген. Министрлік мұның себебін түсіндірмеді, алайда аймақтағы жұмыссыздық деңгейі, қаржылық жағдай себепші болуы мүмкін дейді.

«Нашақорлардың 91%-ы (16 817) ерлер, 9%-ы (1 512) әйелдер. 2 734 (15 пайызы) адам 18 бен 29 жас аралығында, ал 66-ы балалар мен жасөспірімдер. Ресми статистика елдегі нашақорлардың нақты санын көрсетпейді, өйткені көптеген нашақорлар өз жағдайын жасырады», – деп мәлімдеді ДСМ.

Нашақорлықты емдеу кешенді тәсілді қажет етеді. Денсаулық сақтау министрлігі есірткіге тәуелділікті емдеу үш кезеңнен тұратынын мәлімдеді. 

  1. Бірінші кезеңде детоксикация және жағдайды тұрақтандыру жүргізіледі. Әсіресе психоз, агрессия сынды ауытқу байқалатындарға ерекше көңіл бөлінеді. Науқастарға дәрі-дәрмек беріледі. Бұл екі аптадай уақытты алады.
  2. Екінші кезеңде психотерапия басты рөл атқарады. Оның ішінде когнитивті-мінез-құлықтық тәсіл, сауатты өмір сүру дағдылары терапиясы, жарақаттармен және деструктивті ойлау паттерндерімен жұмыс қарастырылған екен. Бұл кезең 2 айдан 4 ай уақытқа дейін жалғасады.
  3. Үшінші кезең – медициналық-әлеуметтік оңалту. Ол науқастың физикалық, психикалық және әлеуметтік денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған.

Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелері 19 өңірде бар. Жалпы оңалту 2 айдан 1 жылға дейін жалғасады. Ол тәуелділіктің асқынғанына, жеке тұлғаның деструкция деңгейіне, психикалық және әлеуметтік жағдайына байланысты.

Министрліктің мәлімдеуінше, нашақорларды жай медикаментозды жолмен, яғни дәрімен емдеу жеткіліксіз. Үш кезеңнен тұратын оңалту тек медикаментозды еммен шектелген шарамен салыстырғанда қайталану қаупін 60-70% төмендетеді.

“Қазір есірткіге тәуелділікті емдеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ есірткі және қылмыс басқармасының ұсыныстарын қамтитын халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленеді. Емдеу кезінде отбасыны қолдау және психологиялық көмекті қамтитын кешенді тәсілге ерекше назар аударылады. Бүгінде есірткіге тәуелділерді емдеуге арналған 16 клиникалық хаттама бар, оның алтауы – кәмелетке толмағандарға арналған”, – деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.

Сондай-ақ нашақорлар үшін психологиялық және әлеуметтік қолдауды қамтитын интеграциялық бағдарламалар бар екен. Ол ЖПТО қызметі аясында және кейбір үкіметтік емес ұйымдардың базасында іске асырылады. Онда медициналық көмек қана емес, жеке және топтық кеңес, әлеуметтік дағдыларды қалпына келтіру бойынша тренингтер, жұмысқа орналасуға көмектесу, отбасылық байланыстарды қалпына келтіру және өмір салтын өзгертуге ынталандыру мәселелері қамтылады.

“Есірткіге тәуелді адамдарды оңалту тиімділігі ремиссия жағдайына жету арқылы бағаланады. Ремиссия – бұл адамның есірткіден бас тартқан және тұрақты өмір салтын ұстанатын кезеңі. Елдегі тұрақты ремиссия көрсеткіші 25% және одан жоғары. Медициналық-әлеуметтік оңалтудың толық курсынан өткен әрбір төртінші адам бір жыл және одан да көп уақыт бойы есірткіден бас тартады. Алайда оңалтудан кейінгі қолдау, әлеуметтік бейімделу, жұмысқа орналастыру және тұрақты ынталандыру шараларын күшейту арқылы бұдан да жақсы жетістіктерге жетуге болады”, – делінген хабарламада.

Нашақорлықтың алдын алу үшін қандай шаралар жасалады?

Ведомоство мәлімдеуінше, елімізде есірткіге тәуелділікпен күресу мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған “Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар” бар. Онда профилактика, емдеу және оңалту қарастырылған. 

Ал жастар арасында ақпараттық-профилактикалық іс-шаралар мемлекеттік деңгейде жүргізіледі. Білім беру мекемелерінде, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең ауқымды ағартушылық қызмет бар.

“Мектептер мен колледждерде нашақорлыққа қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыруға бағытталған ақпарат сағаттары, тренингтер, семинарлар және наркологтармен, психологтармен, ІІМ өкілдерімен кездесулер тұрақты түрде өткізіледі. Психологиялық кеңес беру, анонимді көмек көрсету және қауіп топтарын анықтау үшін сауалнама жүргізу жұмыстары, сондай-ақ жедел желілер жұмысы бар”, – деп мәлімдеді министрлік.

Сонымен қатар желілерде нашақорлыққа қарсы науқандар жүргізіліп, танымал блогерлердің қатысуымен салауатты өмір салтын насихаттайтын бейнероликтер мен челлендждер жасалып жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!