Фото: instagram.com/erbayan2024

Бұл жөнінде Ербаянды қолдау үшін ашылған әлеуметтік желідегі парақшада жазылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«26 тамызға Ербаян ЭКГ, өкпе рентгенографиясына жазылды. Ол ұзақ уақыт төсек тартып жатқандықтан, арқасына салмақ түсуі мүмкін. Сондықтан іркілістік пневмония бар-жоғын тексеру керек. Қазіргі таңда ең бастысы Ербаянның ұзақ уақыт ұшуға дайын болуы керек. Ертең Германия елшілігіне барып, олар қалай көмектесе алатынын сұраймыз, себебі Ербаянды Германияда емдеу қажет деп шештік», – делінген хабарламада.

Бұған дейін сарбаз Ербаян Мұхтар туралы желіде жантүршігерлік видео тараған еді. Бейне-роликте әскерге өз еркімен кеткен сарбаздың ауруханада хал үстінде жатқаны көрсетілген. Сарбаз алты айдан бері комада. Басынан алған жарақатының салдарынан ол өз күшімен тамақтана алмайды және сөйлей алмайды.

Ұлттық Ұлан басшылығы бұл жөнінде түсініктеме берген.

«Қатардағы жауынгер Мұхтардың басынан соққы алуына байланысты, Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда қажет сараптамалар тағайындалды. Соталды тергеу әлі де жүріп жатыр. Тергеу барысы ІІМ басшылығының жеке бақылауында», – деп көрсетілген ведомство таратқан хабарламада.

Әскери ведомствоның мәліметінше, реабилитациялық емнен кейін, ата-анасының сұрауы бойынша Ербаян үйіне жіберілген. Қазіргі таңда сарбазға мүгедектік дәрежесін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!