Фото: qazdauiri.kz
“Апатай-ау, ұлыңыз жігіт болды, жас кеуде. Батаңды бер, мен бүгін аттанамын әскерге”. Бұл өлең жолдарынан әскерге баруға асыққан жас жігіттің қуанышы байқалады. Әрбір жігіт осылай ата анасының батасын алып, елін қорғау мақсатында әскери борышын өтеуге аттанады. Әттең, сол үміт жетелеп кеткен кейбір жас жігіттер өмірімен қош айтысып, қыршын кетіп жатыр. Мұндай жағдайды көріп отырып, кім ұлын әскерге жіберсін?…
“Әскерге ұлыммен еріп барамын”. Бүгінде көпшілік ортада аналар әзілдеп айтса да ойындағысын айтып жүр. Себебі әке мен ана әскерге кеткен ұлын қарсы алудың орнына, табытын әкелетін жағдай көбейді. Бүгінде ақпарат құралдарынан осындай жағымсыз жаңалықтарды жиі байқаймыз.
Былтыр сәуір айының соңында әскерде көз жұмған маңғыстаулық жас сарбаздың өлімі туралы хабар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сол жылы сәуірде 18 жастағы Әлібек Қалбай әскерге аттанған. Ал 10 күннен кейін ата-анасы ұлының қайтыс болғаны туралы хабар алады. Айтуға оңай. Алайда үлкен қасірет.
Әскердегі әлімжеттік туралы естіген ата-аналар ұлдарын Отан алдындағы борышын өтеумақсатында жіберуге қорқатынын жарысып жазуда. Жоғарыда аталған өлімнің себебі өз-өзіне қол жұмсау деп түсіндіреді. Әскерде өз-өзіне қол жұмсайтындай не қиындық көреді? Мұның анығы айтылмайды. Қашанғы құпия қылмыс жас сарбаздардың өмірін қия береді?
“Сарбаздың өз-өзіне қол жұмсауы іштегі жалпы тәртіптің ақсауынан болады” деген пікірлер бар. Қайғылы оқиғалар осындай жағдайдың көптігінен орын алды ма, кім білсін?…
Қазіргідей алмағайып заманда әр сарбаздың тағдыры маңызды. Сарбаздар адамшылықтан адаспасын, басшылар да ақиқаттан аттамасын.
Арайлым ҚУАНЫШБЕКОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!