KAZINFORM — Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскери міндетін өтеуден жалтарып жүрген жастарды еріксіз көлікке тиеп алып кетуге қатысты түсінік берді.

— Әскерге шақыру алгоритмі бар, ол жергілікті әскери басқару, атқарушы органдар және полиция қызметінің қаулысымен бекітілген. Сіздер желіде тараған видеолардан бір бөлігін ғана көретін шығарсыздар, ал негізінде қызметтік куәлігін көрсетіп, көнбеген жағдайда ғана қолданылатын шара. Ішкі істер министрлігінің өкілі көлікпен алып кетуге міндетті. Бұл жерде Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері полицейлерге көмекші, — деді Шайх-Хасан Жазықбаев Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері министрдің орынбасарынан әскерге шақырылғандарды көшеден жеке көлікпен алып кетудің заңдылығын сұрады. 

— Болған екі жағдай бойынша қызметтік тексеру өтті, заң бойынша шара қабылданды. Бейнероликтегі жеке көлік мүмкін Қорғаныс министрлігіне тиесілі шығар. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне тиесілі көліктермен тасымалдайды, жеке көлікпен тасымалдаса заңсыз, — деп толықтырды Ш. Жазықбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!