Әскер – өмір мектебі. Расында, темірдей тәртіпті талап ететін әскер бозбаланы үлкен өмірге нық тәрбиелейді. Десек те бүгінгі қоғамда өз қалауымен әскерге сұранып барушылар қатары біршама сиреген. Әсіресе бұл жағдай жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жастардың арасында белең алып тұрғанға ұқсайды.
365 күн үйден әскерге жырақтайтын жастардың статистикасы құлдыраған сәттен бастап Қорғаныс істері министрлігі көктемгі науқанға нықтап кіріскен сыңайлы. Алдын ала статистиканы сабақтай түссек, биыл көктемде 19-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық азамат әскерге шақырылады. Олардың 6500-ден астамы Қарулы Күштердің бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет етеді деп күтілуде.
Қазір жер-жерде Қорғаныс істері жөніндегі департамент басқармалар мен бөлімдерде зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Минстрліктегі жауапты мамандардың айтуынша, зерделеу сауалнама арқылы жүреді екен, яғни сауалнама нәтижесіне орай мамандар азаматпен және оның ата-анасымен әңгімелеседі. Зерделеу барысында жастардың мамандығы, моральдық және іскерлік қасиеті, денсаулық жағдайы, дене бітімі, жалпы білімі, арнайы дайындығы, отбасы жағдайы жөніндегі мәлімет нақтыланады.
Әскер алдындағы тексерісте «көз ауруы бірінші орынға шықты» дейді мамандар. Жастардың арасында соңғы жылдарда көздің нашар көруі жиілеп барады. Оның себебі, бала кезінен бастап компьютер, смартфонмен тым әуестенуінен болса керек. Майтабан жастардың қатары қалың. Салмақ жетіспеушілік, бел омыртқасының қисық бітуі секілді аурулар да жиі кездеседі. Сол себепті әскер қатарына ілінбей жатқандар көп. 3 күн мерзімде медициналық комиссияның бақылауынан өтетін болашақ сарбаздар тиісті әскери бөлімдерге бөлінетін болады.Дегенмен баланың өзі Отаныма қызмет етемін деп құлшынып тұрса, денсаулығына байланысты шектеу қойылғанмен әскерге қызмет етуге кедергісін келтірмейтін көрінеді.
Көктемгі шақыруға аймақ жастары қаншалықты дайын? Осы сауал төңірігенде қала тұрғындарына блиц сауалнама жүргізіп көрген едік.
– Жүз пайыз дайын деп айта алмаймын. Бізде жастарға рух беретін үгіт-насихат жұмыстары кемшін. Менің ойымша, 60 пайызы әлі дайын емес. Мектепте алғашқы әскери даярлық сабағы, тағы басқа да шаралар өтіп жатады. Ашығын айтсақ, мектепте біз тек саппен жүруді ғана үйрендік. Негізінде тек мектепте ғана емес, білім ордаларының барлығында әскери дайындық жағын талдап айтып, қару-жарақ, қажетті құрал-жабдықтарды теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде қалай қолданудың әдіс-тәсілдерін көрсетіп, бағыттап, жастар қай жағынан шыңдалуы қажеттігі туралы ақпараттармен толық қамтамасыз етілсе, әскерге барғысы келетіндердің қатары әлдеқайда көп болар еді, – дейді Бекзат Нақыш.
Аймақтағы белсенді жастың бірі – Айдос Мырзалы да жастарды әскерге қызықтыру жағы ақсап тұрғанын жеткізді.
– Статистика сөйлеген заманда өмір сүргендіктен тек сандармен жұмыс істеудеміз. Қазір жастар не себепті әскерге барғысы келмейді? Себебі замандастар оңай олжа тапқысы келеді. Адамның пікірі толық қалыптаспағандықтан көпшілігі банкте, ұлттық компанияларда, жеңіл-желпі жұмыс істеп, жылы кеңседе отырғанды қалайды. Бұл – бір. Екіншіден, жастардың бойында қорқыныш, үрей басым. Өйткені біздің аға буын өкілдері «біз әскерде болғанда, таяқ жегенде» деген әңгімелерін жиі айтады. Оны естіген жастардың әскерге баруға жүрегі дауаламайды. Қаңтар айында Мемлекет басшысы әскерге қатысты орамды ойын жеткізді. Жүйеде жастарды ынталандыру жетіспейді. Егер әскер туралы жақсы роликтер көрсетіліп, жақсы пікірлер қалыптасса, өз еркімен барушылардың қатары көбейеді, – дейді ол.
Қорғаныс істері қызметкерінің қысымына іліккен, тегін жариялаумауды өтінген Дәулет есімді қатарласымыздың әскерге баруға деген ынтасы жоқ. Неліктен екенін одан да сұрадық.
– Желтоқсан айында қызық жағдай орын алды. Көлігімді жуып жатсам белгісіз екі кісі жасымды сұрап, күштеп көлікке мінгізіп, әскерге алып кетуге әуреледі. Сөйтсем сол баяғы статистиканы толтыра алмай көше кезіп кетіпті. Адамды күштеп, қинап апарған соң әскерге деген қайдан жақсы түсінік қалыптасады? Мен секілді қинап алып барған 10 шақты замандаспен бір бөлмеде ас ішпестен 1 жарым күн жаттық. Қисын осы, – дейді Дәулет.
Иә, қоғамдағы сауалнаманы саралайтын болсақ расында қазіргі жастар әскерге баруға асығар емес. Әлгі көктемгі науқанға қатысады деген 17000 азаматты табу бүгінгінің басты мәселесіне айналмаса дейміз. Жалпы шекарасы шегенделген, әскери қуаты еселенген елде «Отанды кім қорғайды?» деген сұрақ туындамау керек. Бұл орайда тағы бір мәселені қозғасақ. Жақында Сенатор Мұрат Бақтиярұлы азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын оңтайландыру туралы ашып айтты. Сенатор қазір еліміздің ЖОО-да тегін және ақылы негізде жүргізілетін 36 әскери кафедра жұмыс істейтінін жеткізді.
– Жүргізілген талдау әскери кафедралар бойынша маман даярлаудың бірқатар мәселелері бар екенін көрсетіп берді. Жасыратыны жоқ, әскери кафедрасы бар университеттер талапкерлер арасында үлкен сұранысқа ие, өйткені олар армияда қызмет етуден босатылуға заңды негіз береді. Мұны жоғары оқу орындарының басшылары жақсы біледі және қосымша пайда табу үшін әскери кафедра ашуға тырысады, – деді Мұрат Бақтиярұлы Қорғаныс министрінің атына жолдаған депутаттық сауалда.
Осы орайда жерлесіміз кейінгі 6 жылда 11 оқу орнында әскери кафедра ашылғанын алға тартты. Сенатор осыған байланысты еліміздің Қорғаныс министрінен азаматтық жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын оңтайландыруда әскери доктринаны іске асыру туралы хабардар етуді, халықаралық тәжірибені зерделей отырып, жоғары оқу орындарында әскери даярлық жүйесін жетілдіру мүмкіндігіне талдау жасауды сұрады. Бұл мәселені шешудің нақты механизмі іспеттес.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!