Фото: Ашық дереккөзден алынды

Әскери сала – ел қуатын көрсететін негіз. Бүгінгі геосаяси ахуалдың шиеленісі қорғанысты күшейту керегін қаперге салды. Бұл жағынан әлем елдері ерте қамданған. Ал біздегі техникалық база тіс батырғанды тізе бүктіре ала ма? Әскеріміздің әлеуеті қандай? Global Firepower-2024 рейтингінде Қазақстан 145 мемлекеттің ішінде 58-орынға орнықты. Әрине бұл өткен жылға қарағанда жақсы көрсеткіш. Десе де әскери сарапшы қорғаныс бюджеті елдің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызына жетпегенін айтады. Ендеше әскери саладағы мән-жайды талдап көрелік.

Әскери техниканың әзірлігі қандай?


АҚШ, Ресей және Қытай үздік үштіктегі орнын мықтап сақтаған. Әскер қатарының көбеюі мен реформаға дейін жіті мән беретін алпауыт мемлекет елеулі жетістікке жетіп отыр. Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел іргесін нығайтып, әскер әлеуетін арттыруды айтты.
– Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

ҚР авиация­­ сында 237 ұшу аппа- раты, құрлық әскерлерінде 300 танк, 5,2 мың жауынгерлік броньды машина мен 246 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 456 бірлік сүйретілетін артиллерия және 407 реактивті жүйелер бар. Әскери персоналдың жалпы саны 77 мың адамды құрайды. Иә ұрыста ұрымтал тұсты дәл тауып, тылда тактикаға сүйену қауіпті жояды. Сөйте тұра алаң көңілдің аптығы әскердің әдіс-тәсілімен ғана басылмайды. Техника тойтарыс беруге тегеурінді болу қажет.

Бұған дейін елімізде де әскери техникалар жасалып, қолданысқа берілді. Жарылыс пен кинетикалық соққыға төтеп беретін қауқары бар. Осылайша Астанадағы зауыт «Арлан», «Алан», «Номад» пен «Барыс» сияқты брондалған машиналар өндірген. Мамандардың айтуынша, доңғалаққа оқ тисе де, тағы 50 шақырым жүруге болады. Шикізат елден табылса, өзімізде өндірген әлдеқайда тиімді. Дегенмен Қорғаныс министрлігі техниканы сырттан сатып алатын көрінеді.
– Тағы бір маңызды мәселе – дамыған елдерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын әскери-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Ең маңызды міндет – импортқа
тәуелділікті төмендететін жоғары оқшауланған өндірістік цикл құру. Біздің армиямыз жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронетранспортерлермен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, заманауи атыс қаруларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Жабдықтарды жедел жөндеу үшін өндірістік қуатты күшейту, отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейту қажет, – деді Президент.
Неде болса әскери жарақты жаңарту мен сатып алу қарқыны жаман емес. Қазақстанның Қарулы Күштері қажетті жабдықпен қамтамасыз етуде қапы қалмаған.
– Қорғаныс министрлігі үшін қаружарақ пен әскери техниканы сатып алу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде жүргізіледі. 110 бірліктен астам әскери техника сатып алынып, әскерге түсті. Әуе қорғанысы күштері 4-інші буынның заманауи көпфункционалды, соқпалы және көліктік-жауынгерлік тікұшақ, әскери көліктік және оқу-жаттығу ұшақтарымен жарақтандырылады. Таяу мерзімді перспективада испандық Airbus military компаниясы шығарған а400м әскерикөлік ұшақтары жеткізілмек. Орта
класты әскери-көлік ұшақтарының желісін сатып алу жалғасуда, – деген еді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалединов.


Рейтинг реттемейді


Әлемнің әскери қуатын анықтайтын рейтинг 60 критерийге басымдық береді. Яғни әр елдегі әскери бөлім саны мен құрамы, әскери салаға бөлінетін бюджет, техника мен құрылғының арсеналы сынды маңызды тұстар ескеріледі. Дегенмен рейтинг белгілі көрсеткіш ұсынғанымен, әскердің жағдайын нақты сипаттамайды. Бұған саяси қулық себеп болады деген болжам бар.
– Шындығында, қандай да бір елдің әскери қуатын рейтинг арқылы өлшеу мүмкін емес. Өйткені экономикадан бастап білім беруге дейінгі түрлі қосымша факторлар бар. Бұл – өзге салалар неғұрлым дамыса, әскери сала да соғұрлым күшті болады деген сөз. Былтыр 63-орында болдық.
Биыл 58 орынға шығарыпты. Түркі мемлекеттері ішінде алдымызда тек Түркия бар. Бұл ел әлем бойынша биыл 8 орында тұр. Қуатты мемлекет. Қалған елдер бізден кейін орналасқан. Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан көш бастап отыр, – деді әскери сарапшы А.Құрметұлы.
Сарапшының айтуынша, рейтингте кей мәлімет қате берілген. Қазақстанның қорғаныс бюджетін
7,5 миллиард АҚШ доллары деп көрсеткен.
– Менің білуімше, іс жүзінде 2,6 миллиард доллар болды. Бұл жерде біздің бюджеттің үш жылға арналатынын ескеру қажет. Сонда жыл сайын 800-900 миллион доллар шамасында қаржы қарастырылып отыр. Биыл қанша қаражат қарастырылғанын нақты білмеймін. Бюджет кодексі әлі
бекітілген жоқ. Мәжілістің екінші оқылымында жатыр. Бірақ кейбір депутаттар «қорғаныс саласына біршама назар аударылды, тәуір қаржы бөлінді» деп мәлімдеді. Десе де, Қазақстанның қорғаныс
бюджеті елдің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызына жете қойған жоқ. Классикалық жағдай бойынша, кемі 2 пайыз болғаны дұрыс, – деді ол.


Әскердегі өмір: жеңілдік жүкті азайта ма?

Отан алдындағы борышты өтеу әрбір азаматтың алдындағы парыз. Десек те соңғы уақыттағы жүйенің жүгенсіздігі сарбаз өлімін көбейтті. Темірдей тәртіптің тұқыртып жіберуден тайынбайтыны зорлық-зомбылық пен қысымды үдетті. Жастардың әскерге барудан жалтаратыны да содан. Аман барып, ауру болып оралған баласын көрген ата-ана да алаңдаулы. Мәселенің мемлекет тарапынан шешімін табатынына сенім жоқ емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскерге барған жастарға берілетін жеңілдік жайында айтып, сарбазды қолдау керегін жеткізді. Бәлкім, бұл жас сарбаздың бойына жігер сыйлар. Бүкілармиялық кеңеске қатысқан Мемлекет басшысы әскери қызметте «әлеуметтік лифттің» маңызын тілге тиек етті. Сол арқылы жастардың қоғамнан өз орнын
табуға мүмкіндік берілуі тиіс.
– Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін
төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет, – деді Президент.
Оның сөзінше, әскерде жүрген жастар нағыз сарбаз, нағыз маман болып
шығуға міндетті.
– Әскери адамдар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс, –деді Мемлекет басшысы.
Түйіндей келе, әскер саны мен сапасының атқарар рөлі зор. Сондықтан әскери саланың әлсіремегені
игі. Азуын айға білеген алпауыт мемлекеттер қатарында ел қуатының артқаны ләзім.


Замира АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!