Бекзат Қуанышұлы − жауапкершілікпен жүктелген міндетке сын келтірмей, елге адал қызмет етіп жүрген жастың бірі. «Қосмаман» шекара бөлімшесінде барлаушы қызметін атқарып жүрген Бекзат Қуанышұлы әскери қызмет қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала екенін айтады.
− Сыр елінің шекара шебін қорғап жүрген шекарашылар өз қызметін тұрақты жүргізіп, міндетін адал атқаруда. Әр адам өз ісінің кәсіби маманы болуға тиіс, оның ішінде әскери қызметкерлерден үлкен жауапкершілік талап етіліп, ел шекарасын күндіз-түні қорғау тапсырылады. Басшылық сенім артып тапсырған лауазымды атқаруда білігіңді көрсетіп, адал қызмет етуге міндеттісің, − дейді ол.
Әскери қызметке келмес бұрын Қызылорда политехникалық колледжінде автослесарь мамандығы бойынша білім алған Бекзаттың бұл салаға бет бұруы кездейсоқ емес. Бала күннен шекарашы болуды армандаған ол 2016 жылы тәуекелге бел буып, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ұлан» әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарады.
− Шекарашы болу үшін әрбір азаматтың ынтасы мен жігері болу керек. 18 жасқа толған әрбір ҚР азаматы білімді әрі физикалық тұрғыдан мығым, темірдей тәртіпке төзімді болғаны жөн. Шекарашы болғаннан кейін қызмет барысында, контрабандалық деректердің жолын кесуде көптеген қиын әрі тосын жағдайлар болып тұрады. Шекарашылар әркез өздерінің физикалық дайындықтарын жоғары деңгейде ұстайды, үнемі қоян-қолтық ұрыс кезінде қаруды қолдану жаттығуларын жасап, білігін шыңдап отырады. Сол себепті әріптестер тосын жағдайға дайын жүреді, − дейді Бекзат.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!