‒ Ерасыл, әңгімемізді авиация саласына келген уақыттан бастайықшы. Ең алғаш көкке көтерілген сәт әлі де есіңізде болар… Қандай ұшақпен, қай кезде, қанша уақыт ұштыңыз?
‒ Мектеп бітірер тұста авиацияға барамын деп шешім қабылдадым. Солай өмірімді әуе саласымен байланыстырдым. 2012 жылы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. 2014 жылы Қазақстан мен Финляндия арасында ұшқыштарды даярлау жөніндегі меморандумға қол қойылып, академияның ІІ және ІІІ курс студенттері арасында Финляндия еліндегі Рatria pilot training оқу орнына грант ұсынылды. Әрине, академия арнайы байқау жариялап, оны жеңген білім алушылар ғана грантқа ие болып, Финляндияға бара алатын еді. Грантқа үміткерлер көп болды. Бәсекелестер де жетерлік. Солай мен де байқауға қатысып, жеңімпаздар қатарына қосылдым. Алғаш рет көкке Фин елінде көтерілдім. Хельсинки қаласының Мальми аэдромында италияндық қозғалтқышы орналасқан Tecnam P-2002 jf ұшағымен әуеге самғау мен үшін үлкен мәртебе болды. Көк аспанға алғаш рет көтерілген сәтім жадымда мәңгі жылы естелік болып сақталып қала берері сөзсіз.
‒ Авиация саласына келмес бұрын түлектер үш деңгей бойынша сыналады екен. Осы жайында кеңірек айтып беріңізші… Студенттер үшін қай кезеңнен өту қиын соғады?
‒ Өздеріңіз білесіздер, Азаматтық авиация академиясы ‒ Қазақстандағы әуе саласын оқытатын бір ғана оқу орны. Бұл жерге мектеп түлектері ҰБТ тестінен өтіп, құжат тапсырады. Дегенмен, әуе компанияларында тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу үшін еуропалық және бүкіләлемдік ережелерге сәйкес үш кезең өткізіледі. Біріншісі – SHL емтиханы, онда болашақ мамандар математика және логикалық тапсырмаларды орындайды. Екінші кезең ‒ «Компас». Оны Air Astana компаниясы өткізеді. Үшінші кезеңде сырттан келген сарапшылар, авиакомпания өкілдері студентпен сұхбаттасады. Менің ойымша, ең қиыны ‒ сұхбаттасу кезеңі. Себебі, ол жерде мықты мамандар мен психологтар болады. Психологтар адамның жан дүниесін, ішкі толқынысын тап басады ғой. Сөз арасында өтірік айтсаңыз, бірден біліп қояды. Мен оқуға қабылданарда, Air Astana компаниясында голландиялық мамандармен сұхбаттастым. Эмоционалды тұрғыда қиын болды. Сонымен қатар, авиация саласында жұмыстың бәрі орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі. Сондықтан түлектер үшін тіл білу де өте маңызды.
‒ Осы салаға келген сәтте сізді не таң қалдырды? Авиацияның біз білмейтін беймәлім тұстарымен бөлісіңізші…
‒ Ең алдымен, авиацияға бүкіл ғылым салалары керек екені мені таң қалдырды. Әсіресе, биология, химия, физика пәндерін білу аса қажет. Біреуін түсінбесеңіз болмайды. Себебі, ұшқыш ‒ өмір бойы білімін жетілдіріп отыратын маман. Бұл ‒ мұқтаждық. Біз әуе кемесімен жүздеген, мыңдаған адамдарды тасымалдаймыз. Олардың өмірі ‒ біздің жауапкершілігіміз. Сондықтан физика, химия, биология, медицина саласы бойынша біліміміз жетік болуы тиіс. «Әуе көлігі неліктен «былай» істеді?», «Егер осындай жағдай туындаса мен не істеймін?» деген сынды сұрақтардың жауабын білуім керек. Оған, әрине, атап өткен салалардағы білімім жауап береді. Сондықтан ұшқыш жан-жақты, білімді болуы тиіс. Мысалы, менің авиация саласында жүргеніме биыл жеті жыл толады. Әлі күнге дейін кейбір білмейтін нәрселеріме қайран қаламын. Өйткені бәрін оқып бітіру мүмкін емес. Ал авиация саласының беймәлім тұстары, ішкі жүйесі құпия түрде қалу керек…
‒ Әуе жолында кәдімгі көлік жүретін көшелер тәрізді ұшақтың да өзіндік жолы болатыны айтылады. Бұл қаншалықты рас?
‒ Иә, аспанда арнайы бағытталған әуе жолдары бар. Бірақ олар бізге үйреншікті жолдар емес. Олар көпір тәрізді бір-бірінің үстінен өтеді.
‒ Осы саладағы ережеге сүйенсек, бір ұшақты тізгіндеген адам екінші ұшаққа отыра алмайды. Өйткені екінші ұшақтағы жүйе мүлдем басқа болады екен. Жалпы бір ұшақты толық меңгеру қанша уақытқа созылады? Өзге де ұшақтардың тілін білу үшін арнайы курстан өту керек пе?
‒ Бір ұшақтан келесі түріне ауысу аса бір қиын дүние емес. Негізі оқудың type rating жане class rating деп аталатын 2 түрі болады. Type rating ‒ белгілі бір ұшақтың маркасын, түрін оқу. Себебі әрбір үлкен ұшақтың type rating-і болады. Ал Class rating кіші авиацияда колданылады. Мысалы, sep ‒ бір қозғалтқышы бар кішігірім ұшақ. Осындай класы бар ұшқыштың сынақтан өткеннен кейін кез келген кішігірім ұшақпен ұша беруіне болады.
‒ Ұшқыштың шеберлігі оның дер кезінде шешім қабылдаған сәтімен және ұшу сағаты бойынша сыналады. Оқу орнында, тәжірибе алмасу барысында студенттерге қанша сағат ұшу міндеттеледі?
‒ Халықаралық заң бойынша авиацияда білім алатын әрбір студент оқуды бітіргенше 200-ден аса сағат ұшу керек. Оқу орнында білім бағдарламасының модульдік және интегралды түрі болады. Модульдік бағдарламада студент ең алдымен ppl, содан кейн cpl рұқсат қағазын алады. Осылай кедергісіз ұшуды үйрене бастайды.
‒ Ал ұшқыш болу үшін жастардың бойында қандай қасиет болу керек?
‒ Көбіне оқуға қабылданған түлек әлі бала мінезді, яғни алып-ұшпа болады. Олардан салмақтылықты күтпейміз. Білім беру барысында оларды ұшқышқа тән ең маңызды қасиеттерге баули бастаймыз. Себебі ұшқыштар кез келген сәтте жауапкершілікпен шешім қабылдай алу керек. Көпке топырақ шашқаным емес, бірақ кейбір студенттер осындай маңызды сәттерде батыл бола бермейді. Бірақ уақыт өте келе саламен танысып, ортаға үйрене бастайды. Жалпы ұшқыш боламын деген әрбір жас білімпаз, әуесқой, таңдауына нық сенімді болса жеткілікті.
‒ Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!