Таңмен таласа Қызылорда қалалық полиция басқармасына жеттік. Полиция қызметкерінің киімін кидік. Қаз-қатар тізілдік. Саптық жиын басталды. Жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығының орынбасары Нұрлыбек Қордабаев сап түзеген полицейлерді бір тексеріп шықты. Қызметтік формамен құжаттарымызды түгендеді. Әрбір учаскілік полиция инспекторына белгіленген аймақ бойынша орын алған жайттар мен алдағы атқарылатын жұмыстарды пысықтады. «Сап, түзел! Тік тұр! Халықпен ізгі қарым-қатынаста болып, қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алуды бұйырамын!» деді полиция подполковнигі Нұрлыбек Құрбанәлиұлы.
Қызылорда қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Азамат Оспанов «Жұртқа жақын полицей» қағидасы бойынша учаскелік инспекторлардың жұмысын реформалауды мақсат еткенін айтады. «Учаскелік полиция инспекторларының басты мақсаты әкімшілік аумақтағы тұрғындармен таныс болу, сұқбат жүргізу, солар арқылы қылмыстың алдын алу. Елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жұмысы жауапты. Басқармаға қарасты 15 полиция бөлімшеде 96 тәртіп сақшысы қызмет істеп жүр», − дейді Азамат Айдуллаұлы.
Бізге белгіленген аймақ − №9 учаскелік полиция пункіті. Аумақ тұрғындарының тәртібіне жауапты бес полиция инспекторы бекітілген. Солардың бірі − полиция аға лейтенанты Асылхан Ембергенов. Асылхан − «Болашақ университетінің түлегі. Мамандығы заңгер. Отбасылы үш бала тәрбиелеп отыр. Өз ісіне мығым тәртіп сақшысымен бірге жұмысқа кірістік.
«Шұғыла» мөлтек ауданы − қаладағы ең тұрғыны көп аудандардың бірі. Аудан тыныш десек те, көбіне отбасылық жанжалдарға, ұрлық, бала жоғалтып алу, жастардың топпен жиналуы секілді жағдайларда шақырту түседі екен. «Жыл басынан бері 22 қылмыс тіркелді. Оның 13-і ашылды. Ішімдік ішіп, отбасының берекесін алу, велосипед ұрлығы, жастардың көлікпен бір-бірін қуалап, қару қолдану оқиғалары орын алды. Бұзақылар біз жеткенше көліктерін жасырып үлгерген. Қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі істі тергеп жатыр. Ауладан ойнап жүрген баласын жоғалтып алатындар да бар. Мұндай 8 оқиға тіркелді. Адасқан балақайларды сол тәулікте тауып, ата-анасына жеткіздік. Көбіне шағын сыраханалардан қоғамдық тәртіп бұзған маскүнемдер туралы хабар келеді. Карантин талаптарын сақтамаған кәсіп иелеріне де ескерту береміз. Әрбір оқиға орнынан жедел жетуге асығамыз. Мақсатымыз – қылмыстың алдын алу», − дейді Асылхан Еркінұлы.
Асылханмен бірге тұрғын үйлерді араладық. Биғайша Қалекова − «Шұғыла» мөлтек ауданы № 29 үйдің тұрғыны. Жиырма бес жылдан бері осы ауданда тұратын Биғайша бізді көріп, «тыныштық па» деп сұрады. Жөнімізді айтып, жағдай сұрадық. «Пәтер жалдап тұратындар шаршатты. Тәртіп бұзатын солар. Түнде ұйқы бермейді. Ішіп алып қиқуласып, төбелеседі. Түнгі мезгілде жиі аралап тұрыңыздар. Сіздерді шақырып тұрмасақ, бұзақылар басынып кетеді», − дейді тұрғын.
№45 үй тұрғыны Б есімді азаматша маскүнем ұлының арағымен алысып шаршаған. Ішіп келіп отбасының шырқын бұзатын азаматтың анасынан тағы шақырту түсті. Оқиға орнына жедел жеттік. Анасы қамқорлыққа мұқтаждығын айтып, арыз жазды. Ұлына қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерттік. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында біріктірілген деректер базасына тіркеуге алынды. Бір ай полиция бақылауына алынды. Қайта тәртіп бұзушылық жасаса, анасы туған ұлын қаматып жіберуге мәжбүр.
Мұнан соң мөлтек ауданды аралап, тұрғындарға құқықтық ағарту жұмыстарын жүргіздік. Людмила Каргабаева да − 48 жылдан бері осы мөлтек ауданның тұрғыны. Жетпіс екі жастағы қария учаскелік полиция инспекторларын жақсы таниды екен. Тіпті есімдерін де жаттап алыпты. «Аула тыныш. Бірақ тазалығы мәз болмай тұр. Себебі көбі уақытша қоныстанған тұрғындар. Жаны ашымайды. Кейде ішімдік ішкен бұзақылар түнімен шулап жүреді. Мазамызды алып, ұйықтатпайды. Дереу полиция шақыртып, таратып жіберемін», − дейді батыл әжей.
Ұзақ уақыт №235 мектепте директор болып, зейнет жасына шыққан Күнжамал Жүсіпова бүгінде 78 жаста. Ардагер науқас ұлымен бірге тұрады. Алайда қырыққа таяған ұлы анасына қорған бола алмай отыр. Жалғыз басты қарт анаға туыстарының студент қыздары келіп қарайласып тұрады екен. Күнжамал әжей бізді көріп қуанып кетті. Учаскілік полиция инспекторы Асылхан Ембергеновке, «ұлым-ау амансың ба, отбасың аман ба», деп маңдайынан сүйді. Жалғыз тұрған соң түрлі жайтқа тап болатын қария әркез полиция инспекторларының көмегіне жүгінеді. Әсіресе Асылхан туған ұлындай, қамқорлық танытады. «Беймезгіл уақытта қарияның есігін қағып мазалайтындар да бар. Оның үстіне ұлы да наркологияда және жүйке аурулар ауруханасында есепте тұрады. Қағажу көрмесін деп жиі хабарласып, жағдайын сұрап тұрамыз», − дейді Асылхан.
Бір күн бойы учаскелік полицей Асылхан Ембергеновпен бірге бірнеше шақыртуларға барып, халыққа құқықтық ағарту жұмыстарын жүргіздік. Жұмыс барысында Асылхан өзінің қарапайым қалпымен көзге түсті. Әрбір тұрғынды жақын адамындай қабылдап, көмек қолын созды. Құқықтық тәртіпті түсіндіріп, жәбірленушілерге жанашырлық танытты. Тәртіп бұзғандарға келгенде қатал. Заң аясында шара көріп, жедел шешім қабылдай біледі. Сыр тәртіп сақшыларының қатарында осындай білімді, адамгершілігі мол жастардың еңбек етіп жүргеніне қуандық.
P.S. Бізді формада көрген таныстар мамандығыңды ауыстырдың ба деп таңданыс білдірді. Адам өзі сүйіп қалаған мамандығын оңайлықпен ауыстыра қоймас. Бұл тек Қызылорда облыстық полиция департаменті Қызылорда қалалық полиция басқармасының ұйымдастырумен өткен «Полицейдің бір күні… пагондағы журналист» атты іс-шара болатын. Мақсаты − полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру. «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» депті жазушы Мұхтар Әуезов. Жазушы айтқан бұл қасиеттердің бәрі кейіпкеріміздің бойынан табылатынын байқадық. Осылайша біз өз мамандығын сүйетін, жұмысын бар ынтасымен істейтін жиырма тоғыз жастағы замандасымыз Асылханның жұмысымен танысып қайттық. Алты жылдан бері бір орында табан аудармай жемісті еңбек етіп жүрген Асылханның арманы – халыққа қалтқысыз қызмет етіп, генерал болу. Біз замандасымызға сәттілік тілеп тарастық.
Гүлбану МАҚАЖАН
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!