Өткен санда «Қазақ тілінің цифрлық әлемдегі дәрежесі қандай?» тақырыбында мақаламыз жарыққа шыққан еді. Бұл жолы осы сарынды жалғастыра отыра, жаһандану дәуіріндегі ағылшын тіліне қалам тербеуді жөн көрдік.

Ағылшын тілі – жай ғана шетел тілі емес, әлемдік коммуникацияның әмбебап кілтіне айналды. Бүгінде ғылым мен технологияның, халықаралық бизнестің, дипломатия мен цифрлық кеңістіктің басым бөлігі ағылшын тілінде сөйлейді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі университеттер, зерттеу орталықтары, ірі компаниялар ортақ тіл ретінде дәл осы ағылшын тіліне жүгінеді. Сондықтан оны меңгеру арқылы тек сөздік қорды байытумен ғана шектелмейміз, әлемдік ақпарат ағынына еркін қосылып, кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтуге, одан бөлек, бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік аламыз.

Осы орайда Қызылорда қаласында өткен KET Kyzylorda Teachers of English ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен семинар жай ғана әдістемелік жиын емес, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықтың нақты көрінісіне айналды. Бұл басқосу тіл үйретудің жаңа мүмкіндіктерін ашып қана қоймай, ұстаз бен шәкірттің көкжиегін кеңейтетін, кәсіби серпіліске бастайтын алаңға айналды.

Шараға Америка Құрама Штаттарының Алматы қаласындағы Бас консулдығы өкілдері арнайы қатысып, Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Деже Холмс ағылшын тілін оқытудағы заманауи үрдістер туралы пікір білдірді. Ал воркшоптың негізгі спикері – Fulbright Program аясында келген маман, Fulbright Specialist доктор Джули Саррис.

ЖИ және ағылшын тілі

Семинардың өзекті тақырыбы – жасанды интеллектіні (ЖИ) білім беру үдерісінде тиімді қолдану. Бүгінде ЖИ-дің мүмкіндігі мол. Алайда оны қалай пайдалану керек екені ұстаздар қауымы үшін әлі түсініксіз.

Осы ретте доктор Джули Саррис оқытушыларға ЖИ құралдарын орынды қолданудың жолдарын көрсетті. Әсіресе жазбаша ағылшын тілін жетілдіруде дұрыс құрылған промттың маңызы ерекше екеніне тоқталды. Жай ғана тапсырманы орындату емес, ойды дамытуға, стильді түзетуге, академиялық сауатты арттыруға бағытталған сұраныстарды құрастыру тәсілдері нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.

– Қазір көпшілік ЖИ-ді толық тапсырманы орындау үшін пайдаланады. Мұндай жағдайда білім сапасының төмендейтіні анық. Ал біз ЖИ-дің игілігін дұрыс пайдаланып, оқушылардың өздігінен үйренуіне жол ашуымыз керек. Ағылшын тілін жетілдіруде бұл – таптырмас құрал, – деді Деже Холмс. Бұл ой қазіргі білім кеңістігіндегі маңызды тепе-теңдікті аңғартады. Технология – құрал ғана. Оны мақсатқа сай қолдансақ, ол адамзат игілігіне қызмет етеді.

Ағылшын тілі әлемге есік ашады

Кемшін тұстарымыз бар…

Алайда халықаралық тәжірибемен салыстырғанда, қазақстандық мамандардың зерттеу мәдениетінде әлсіз тұстар бар екені жасырын емес. Әсіресе академиялық адалдық мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Дайын материалды ақшаға сатып ала салу, өзгенің еңбегін көшіру, интернеттегі мәтіндерді өңін өзгертіп өткізу секілді ғылымның сапасына көлеңке түсіретін әрекеттер баяғыдан бар. Мұндай үрдіс қысқа мерзімде жеңіл жол болып көрінгенімен, ұзақ мерзімде кәсіби құзыреттілікті әлсіретіп, ұлттық ғылыми әлеуеттің дамуын тежері анық. Нағыз зерттеу – уақыт пен табандылықты, сыни ойлауды, тілдік сауаттылықты талап етеді. Сондықтан академиялық мәдениетті күшейту, ғылыми жазу дағдысын дамыту және адал еңбекті насихаттау – бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі.

– Кейбір студенттер жобаларын аяқтап, ғылыми журналдарға жариялауға дайын отыр. Олардың зерттеу дағдылары жақсы қалыптасқан. Ал кейбірі – зерттеу жолына енді түскен жас ізденушілер. Бірақ бір ай ішінде олардың барлығы зерттеу қабілетін айтарлықтай жақсартты, – деді Джули Саррис.

Воркшоп барысында қатысушылар топтық жұмыстар орындап, түрлі практикалық тапсырмалар арқылы жаңа білімді бірден тәжірибеде сынап көрді. Қала мектептерінің мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының студенттері еркін пікір алмасып, кәсіби желі қалыптастыруға мүмкіндік алды.

АҚШ дипломатиялық миссиясының білім ресурстары

Семинарда АҚШ дипломатиялық миссиясының ағылшын тіліне арналған білім беру ресурстары кеңінен таныстырылды. Ашық онлайн курстар, гранттық бағдарламалар, академиялық алмасулар – мұның бәрі қазақстандық ұстаздар мен студенттерге қолжетімді екені айтылды.

Бұл – екі ел арасындағы мәдени- гуманитарлық байланыстың нақты жемісі. Тіл үйрену арқылы тек грамматиканы меңгермейміз, өзге мәдениетті түсінеміз, дүниетанымды кеңейтеміз.

Берілген мүмкіндіктерді пайдалансақ, шет тілді меңгеріп қана ғоймай, АҚШ компанияларында жұмыс істеп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосарымыз анық.

«Fulbright ТЕА» – ұстаздарға үлкен мүмкіндік

Семинар аясында 2026-2027 жылдарға арналған Fulbright Teaching Excellence and Achievement (TEA) бағдарламасы да таныстырылды. Бұл бағдарлама – орта мектеп мұғалімдеріне алты апта бойы АҚШ университеттерінде академиялық семинарларға қатысып, жергілікті мектептерде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін халықаралық жоба. Бағдарлама туралы Ағылшын тілі жобаларының үйлестірушісі Нұргүл Жаңабаева түсіндіріп берді.

Бағдарлама кәсіби дамуға, жаңа әдістемелерді меңгеруге, білім алушыға бағытталған оқытуды жетілдіруге бағытталған. Қатысушылар кемінде 40 сағаттық практикалық тәжірибеден өтіп, түрлі іс-шараға қатысады.

Үміткерлер кәсіби жетістігі, көшбасшылық қабілеті, педагогикалық тәжірибесі негізінде іріктеледі. Құжаттар онлайн қабылданады, жартылай финалистер TOEFL iBT тестін тегін тапсыру мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама толықтай АҚШ тарапынан қаржыландырылады: халықаралық билет, тұру, тамақтану, шәкіртақы, медициналық сақтандыру – барлығы қамтылған.

Түйіндейтін болсақ, ағылшын тілі – тек пән емес, болашаққа апарар көпір. Ғылымға, технологияға, халықаралық байланысқа, кәсіби өсуге бастайтын жол – тіл арқылы ашылады.

Қазақстан мен Америка арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық – бір реттік шара емес, ұзақмерзімді серіктестік. Осындай бастамалар аймақтарда жиі ұйымдастырылса, тіл білетін, көкжиегі кең, бәсекеге қабілетті жас буын қалыптасары сөзсіз.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!