Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Алматы мен Алматы облысында зорланған үш жасар қыз бен жеті жасар баланың қазіргі жағдайы туралы айтты.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомство басшының айтуынша, балалардың қазіргі жағдайы орташа ауыр деңгейде. 

«Орташа ауырлықтағы балалардың жағдайы. Біздің медицина қызметкерлерінің бақылауында. Бұл балаларды қабылдау кезінде біздің медицина қызметкерлері ересектердің зорлық-зомбылық әрекеттерін анықтады. Балалар қабылдау бөлімінде уақтылы тексеріліп, құқық қорғау органдарына хабарланды. Алынған жарақаттарға байланысты балаларға операция жасалды. Бүгін олардың өміріне қауіп төндіретін сәттер жоқ, балалар бақылауда», – деді Ажар Ғиният ОКҚ брифингінде.

Ажар Ғиният, балаларға психологиялық көмек көрсетілетінін айтты.  Ал, зардап шеккен балалардың қайсысына ота жасалғаны туралы сұраққа министр жауап бермеді.

«Бұл науқастардың ресми деректері екенін ескере отырып, қандай операциялар болғанын айта алмаймын. Ағзаларына зақым келгендіктен, дәрігерлер тиісті операцияларды жасады», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Оның айтуынша, балалар алған жарақаттары мен жасалған операциялардың күрделілік дәрежесіне қарай оңалту курсынан өтеді.

«Емдеу курсы, оның ішінде оңалту көмегі әр жағдайда жеке анықталады», – деді ол.
 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!