Жаңаөзенде сал ауруына шалдыққан балаға емдік шара жасамақ болған мамандар, бүлдіршіннің аяғын массаж жасау кезінде сындырып алған. Жарақаттанған 5 жастағы Жеңісбектің әкесі, сол мамандардың жауапсыздығынан ұлының аяғы 2 сантиметрге қысқарып қалғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап. 

Тұрғын Ерлан Әбітбеков жыл басында сал ауруына шалдыққан ұлы Жеңісбекті массаж орталығына емдік дене шынықтыру курсын қабылдау үшін апарған. Орталықтағылар бір курс үшін 125 мың теңге ақы алған. Алғашында емді әйел адам жасаған. Артынша оның жұбайы жалғастырған. Алайда, Ерланның айтуынша орталықтағылар сүйегі сау болған баласының аяғын сындырғанына қынжылатынын айтты.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті орталықтың лицензиясы жоқ екенін және мамандарда сертификат болмағанын жеткізді. 

“Екі аяғының ортасында ісінулер пайда болды. Барып мынаны қатты жасап жатқандарын айтып, ескерту жасағанымызбен бізге “егер ұлыңызды аяқтан тұрғызып, нәтиже көргілеріңіз келсе, ары қарай алып келе беріңіздер, бәрі жақсы болады» деді.  Жарты сағаттан кейін Сымбат звондады. Балаңыздың аяғын Еркін сындырып алды, тездетіп келіңіз деді. Барғаннан кейін қарасам аяғына бірдеңе орап қойған. Қалай болды десем күш салып сындырып алдым деді”, – жәбірленушінің әкесі Ерлан Әбітбеков.

Алайда бұл оқиғадан кейін жарты жыл уақыт өткен. Ерланның айтуынша алғашында кінәсін мойындаған азамат енді басын алып қашып отыр. Бауыр еті баласы үшін алаңдаған әке ауруға сырқат қосып берген адам әлі күнге дейін жазаланбады деп шағымдануда.

“Жаңаөзен қаласының полиция басқармасына барып арызданған болатынмын. Бұл жерде ешқандай қылмыстық іс жоқ, ол әдейі сындырған жоқ деп жауап берді.  Менің баламның аяғы 2-3 сантиметрге қысқарып қалды. Өйткені, операция жасаған кезде сүйекті мінгестіріп салып жіберген”, – деді жәбірленушінің әкесі.

Маңғыстау облыстық медициналық және фармацевтикалық  бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетиярова екі қызметкердің медициналық білімінің жоқтығы және де маман сертификатының жоқтығы анықталғанын жеткізді.  

“Бұл шағым негізді деп танылды. Сонымен қатар ҚР-ның әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес рұқсатсыз қызмет көрсету барысында 464-бап және маман сертификатының жоқтығына 424-бап бойынша әкімшілік  хаттамалар толтырылып айыппұлдар салынды”, – деді Нұрсұлу Мұхамбетиярова.

Бұған қоса, департамент басшысы комиссия қорытындысы Полиция департаментіне жолданғанын хабарлады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!