Қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың 1987 жылы болашаққа, әлі танылмаған ақын сіңлісіне арнап жазған хаты бар екенін білесіз бе? Сол киелі аманат араға 21 жыл салып, Аралдың ақын қызы, бүгінгі кейіпкеріміз – Айбану Қалиеваның қолына тиді. Киелі өңірдің тумасы, бала күнінен өлеңмен өрілген өмір жолын таңдаған ақын Айбанумен болған сыр-сұқбат ерекше болмақ.
– Әңгіменің әлқиссасын, ақынның аманатынан бастасақ… Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова ол хатта не жазыпты?
– Иә, Фариза Оңғарсыновадай аузы дуалы ақын апамыздың аманатын алғаным рас. Бұл – менің өмірім мен шығармашылығымдағы ең үлкен жетістігім әрі жауапкершілігім.
Оқиға былай болды. 9-сыныпта оқып жүргенімде мектеп ұжымы маған арнап шығармашылық кеш ұйымдастырып берді. Ұстаздарым «Айбану, сен жақсы жазасың, саған қолдау көрсетейік» деді. Бірнеше ай дайындалып, «Жас жүректен – әр жүрекке» атты үлкен кеш өткіздік. Сол кезде өзім редактор болып, мектеп жаңалығы мен оқушылардың өлеңдерін жариялайтын «Шағала» атты қабырға газетін де шығарған едім.
Сонымен, кешке аудандық «Толқын» газетінің жауапты хатшысы Құндыз Дәуітова апамыз қонаққа келді. Ол кісі менің өлеңімді естіп, өнерімді көріп, қатты тебіренді. Сөйтсек, 1987 жылы Фариза Оңғарсынова мен Мейірбек Ақдәулетов Аралға келіп, оқушылармен кездесу өткізіпті. Сол жиында Фариза апамыз оқушылардың өнерін тамашалап отырып: «Биші шыққан, күйші шыққан мына ауылдан, ортамыздан бір ақынның шықпауы қалай?» деп сұрапты. Ол кезде бала ақын табылмаса керек. Сол сәтте апамыз Құндыз Дәуітованың қолына хат беріп: «Сен асықпа, бұл елден қазақтың екінші Фаризасы әлі шығады. Мына хатты сол қызға табыстарсың, бұл саған аманат» депті. 1987 жылы жазылған хат араға 21 жыл салып, 2008 жылы менің қолыма тиді. Құндыз апай сахнаға шығып, осы оқиғаны тебірене айтып: «Қазақта осындай Фариза өсіп келе жатыр екен» деп аманат хатты маған табыстады. Сол сәттегі кішкентай жүрегімнің лүпілін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қобалжығаным сонша, хатты қолға алғанда:
«Аманатыңызды сақтаймын, Әр сөзіңізді жаттаймын. Тебіренген толқында Кемедегі жандаймын» – деп суырып салып жауап беріппін. Бұл мен үшін өмірлік бойтұмардай қымбат дүние.

– Сіз үшін ақындық қанда бар қасиет пе, әлде даралық па?
– Мен үшін ақындық – киелі қасиет. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, әрбір қазақтың қанында ақындықтың ұшқыны бар деп ойлаймын. Қазақ – сөзге бай халық. Екінші жағынан, ақын-жазушылардың мекені – киелі Аралда өскендіктен де, бұл қабілет қанымызға сіңген болар. Бала кезден Толыбай Абылаев, Жұмабай Жақып, Ерғали Абдулла сынды ақын ағаларымыздың мектебін көріп өстік. Олардың өлеңдерін бірде күліп, бірде жылап оқып, бала көңілмен еліктейтін едік. «Аға, мына өлеңді мүшәйраға жіберейін деп едім, түзейтін жерлері болса, қарап берсеңіз» деп алдарына жиі бардық. Ол кісілер бар жұмысын ысырып қойып, біздің бала көңілді қимай шимай дәптеріміздегі өлеңдерді оқып, бағыт сілтейтін.
Ал өз отбасымда арнайы өлең жазған адам жоқ. Бірақ анамның айтуынша, орысша оқыған әкемнің кейде шумақтатып өлең жазатыны бар екен. Анам біз ес білгелі баспасөзге ерекше құрметпен қарайтын. Кітап, газет-журналды тастамай оқиды. Әр басылымның ерекше тұсын қиып алып, «Айбануыма керек болады-ау» деп сақтап қоятын. Біз ол кезде түсінбейтінбіз. «Қазір интернет бар ғой» десек, «Сендердің желілеріңде мұндай керекті дүние жоқ» деп жауап беретін. Анамның сол ықыласы мен басылымдарға деген құрметі маған осындай бақ сыйлаған шығар деп ойлаймын.
– Шабытты қайдан аласыз?
– Бұл тұрғыда әр ақынның жауабы әртүрлі болар. Бірі тыныштықта, бірі көңіл-күйі шалқып тұрғанда, енді бірі мұңайғанда жазады. Менде нақты «дәл осы дүниеден шабыт аламын» дейтін арнайы ұстаным жоқ. Негізі шығармашылық адамдары көбіне тыныштықты, түнгі уақытты қалайды ғой. Ал менде керісінше – жұмыс қызып, қайнап жатқан уақытта жазғанды ұнатамын. Студенттік шағымнан сондай едім. Дәрісханада бәрі у-шу болып жатқанда, мен өлең жазып отыратынмын. Әрине, тыныштықта туатын жырлар да болады. Мүмкін, бұл менің болмысыма байланысты шығар. Мен үшін ең басты шабыт көзі – жанымдағы жайлы орта.
– Өмірлік серігіңіз Тұрар Бекмырзаев та ақын екенін білеміз. Бір шаңырақ астында екі ақынның ғұмыр кешуі шығармашылық жолдарыңызға қалай әсер етеді?
– Біз Тұрар екеуіміз Сұлутөбе ауылында өткен кезекті мүшәйрада таныстық. Таныстығымыз достыққа, кейін үлкен сезімге ұласып, отау құрдық. Мен үшін азаматымның шығармашылығы әрқашан биік тұрады. Поэзия әлемінде алдымен Тұрардың, содан кейін менің жолым. Егер бір мүшәйраға екеумізге де қатысу мүмкіндігі туса, алдымен жолдасымды ұсынамын. Ол кісі уақыты болмай, үлгермей жатса ғана мен барамын.
Бір қызық оқиға айтып берейін. Жақында бір мекеме анонимді түрде өлең алмасу байқауын жариялады. Ол жерде мен жүлделі орынға іліктім. Ұйымдастырушылар дерегімді сұрағанда аты-жөнімді жазып жібердім. Ертеңіне марапат алуға шақырды. Кейін ұйымдастырушы Тұрарға хабарласып: «Әй, Тұреке, сенің келіншегің екен ғой өлең жіберген. Біз білмей қалдық. Тұрардың әйелі екенін білгенде өткізбейтін едік», – деп қалжыңдапты. «Өлеңді өзің жазып бердің» дегенді меңзегені ғой. Сонда Тұрекең де сөзден тосылмай «Ол маған дейін ақын болған адам. Бізді таныстырған да, табыстырған да осы өлең. Күдікпен қарауды қойыңдар. Егер келіншегім байқауға қатысқысы келсе, өзі жазып қатысады, қатысқысы келмесе, мен қанша айтсам да жібермейді» деп жауап беріпті. Қазір мен үшін бірінші орында – аналық міндетім, балаларым мен отбасым. Бірақ балалар есейген соң шығармашылығымды қайта қолға аламын.
– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұқбаттасқан Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!