Туляремия – жіті инфекциялық, табиғи-ошақты ауру.
Табиғатта туляремия көптеген жабайы жануарлардың – кеміргіштер, жәндіктер, жыртқыштар, балықтар, құстар және басқалардың ағзасында тіршілік етеді. Иксод кенелері – туляремия инфекциясының сақтаушылары мен тасымалдаушылары. Сондай-ақ соналар, масалар да жұқпаны тасымалдай алады.
Туляремияның қоздырғышы өте ұсақ бактерияларға жатады, оларға төмен температура және ылғалды орта қолайлы.
Инфекциялық қоздырғыштың берілу жолдары мен жұқтыру механизмдерінің көптігі туляремияға тән ерекшелік болып табылады.
Жұқпа көзіне байланысты адамдарда жұқтырудың мынадай жолдары байқалады: қарым-қатынаста – қоздырғыштың ауыз қуысының, бадамшаның және асқазан-ішек жолдарының шырышы арқылы енгенде, аспирациялық – ауру жануарлардың бөлінділерімен ластанған ауаны жұтқанда, трансмиссивті – қоздырғышты жәндіктер немесе кенелер енгізгенде жұғады.
Инфекция адамнан адамға берілмейді.
Туляремия жұқтырғаннан кейін 3-7 күн өткен соң кенеттен дене қызуының күрт көтерілуімен, қалтыраумен басталады. Науқастар бас ауруына, жалпы әлсіздікке, бұлшықеттердің ауыруына, бас айналуына, тәбеттің төмендеуіне шағымданады. Құсу, мұрыннан қан кетуі мүмкін.
Егер мұндай белгілер байқасаңыз тез арада тұрғылықты жеріңіз бойынша дәрігерге қаралу қажет.
Туляремияның алдын алу мынадай іс-шараларды қамтиды:
- кәсіпорындарда, тұрғын үй-жайларда кеміргіштерді жою;
- табиғат аясына шыққанда репелленттерді (жәндіктердің шағуынан қорғайтын) қолдану;
- ашық су қоймаларынан шикі ауыз суды тұтынбау;
- кенелердің шабуылынан және кеміргіштермен байланыстан аулақ болу үшін далада жұмыс жасағанда уақытша тұрақтар мен киіз үйлер тіккенде, демалатын орынды кеміргіштердің інінен, мал айдайтын жерлерден алысырақ орналастыру;
- шаңды түзумен бірге жүретін жұмыстарды жеке қорғаныш құралдарын (мақта-дәке бинті немесе респиратор, қолғап) қолдану арқылы жүргізу қажет.
Қызылорда облысы туляремия инфекциясы бойынша табиғи ошақтар қатарына жатпайды. Есепті мерзімде инфекция немесе оған күдікті жағдайлар тіркелген жоқ. Дегенмен жоғарыда аталған жабайы жануарлардың миграциясын ескере отырып, профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, тышқан тәрізді кеміргіштерді аулау, олардың сандық көрсеткіштерін, түрлік құрамы мен генеративтік жағдайын анықтау, иксод кенелерінің сандық көрсеткіштерін, фенологиялық даму көрсеткіштерін зерделеу жұмыстары жүргізіледі және ашық су көздерінен су үлгілері алынып, аса қауіпті инфекциялар баклабораториясында зерттеледі.
Сондай-ақ елді мекен тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі, күдікті жағдайларда бірден дәрігерлік көмекке жүгіну қажеттігі, аталған індеттің түрлі кеміргіштер мен кенелерден, басқа да қансорғыш жәндіктер арқылы таралатындығы себепті ауыз су көздерін, тағамдарды, көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған қоймалардың, бөлмелердің кеміргіштерден қорғалуы қажеттігі жайлы ақпараттар беріледі. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері арасында да туляремия ауруының клиникасы, диагностикасы, эпидемиологиясы, эпизоотологиясы туралы семинар-сабақтар өткізілді. Аталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!